Қазақты қорғайтын министрдің қазақшасы: "Өкпелесең - көшіп кет"

4411
Adyrna.kz Telegram

Қорғаныс министрі  Руслан Жақсылықовтың сөздері бүгінде қоғамда қызу талқыға түсуде. Бірнеше күн бұрын министр журналистердің сұрағына жауап беру барысында "Неге қазақ тілінде сұхбат бермейсіз?", – деген сұраққа: "Вы знаете, вот посмотрите: наш Первый Президент–Елбасы говорил так: "Когда собираются 100 казахов и среди них один не казахоязычный, тогда мы переходим на русский язык для того, чтобы не оскорбить чьи-то чувства. Поэтому когда мы с вами будем один на один разговаривать, то қазақша сөйлейміз. Жарай ма?", – деген еді. 

Министр бұл жауабына қоғам өз наразылығын білдіріп, "мемлекеттік тілді білмейтін министрдің керегі жоқ" деп әлеуметтік желіге жазбалар қалдырып жатты. Мысалы ақын, депутат Қазыбек Иса былай деп жазба қалдырды. "Тілін қорғай алмаған министр Елін қалай қорғайды? Қорғаныс министрі айтып тұрған сол мемлекеттік тілімізді бейшара жағдайға түсірген түсінікті елбасымен бірге зейнетке кетіру керек енді. Ал “Патриот болу үшін Мемлекеттік тілді білу міндетті емес!”-деп, парадокс пиғылдағы сауатсыз сөзі үшін Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты өзге елде болса, бір күн де ұстамас еді… Билігі дүбәра елде мұндай масқара күнара бола береді! Тек Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң керек!" , - деп жазды ол.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын Аманжол Әлтай болса министрге былай деп жазба арнады: "Руслан Фатихұлы, сіз қатардағы азаматтың бірі емес, арқасына ел аманатын арқалаған Қорғаныс министрісіз. Сондықтан да мемлекеттік тілге салғырттық танытпай, құрметпен қарауға тиіссіз.

Мемлекеттік тілде сөйлеу арқылы артыңыздағы сан мыңдаған сарбаздарға өнеге көрсетуге міндетті екеніңізді естен шығармаңыз. Әскеріміздің және оның кеңсесінің тілі толық қазақша болатын уақыт жетті. Өзіңіз айтқандай, қырық қазақ отырып ортадағы жалғыз өзге ұлт өкілі үшін орыс тілінде сөйлеу Кеңестік жүйеден қалып қойған отарлық сананың көрінісі.

Сондықтан да тәуелсіз елдің қолбасшы генералы ретінде бұл мәселеге жаңаша қараңыз. Мен сіздің әскери маман ретінде кәсіби тәжірибеңізге, атқарып келе жатқан еңбегіңізге құрметпен қараймын.

Отанымыздың әскерін басқару үшін мемлекеттік тілді еркін меңгеру аса маңызды. Сіз секілді мемлекетік тілде сөйлеуге басында қиналса да кейін талабы мен жігерінің арқасында ана тілінде еркін, көркем сөйлеуге қол жеткізген генерал Тоқтар Әубәкіров ағамыз сізге жақсы үлгі бола алады. Репетитор жалдаңыз, қазақша кітап оқыңыз, отбасында қазақша сөйлесіңіз. Көп кешікпей жақсы нәтижеге қол жеткізе аласыз. Отан қорғау жолындағы аса маңызды жұмысыңызға сәттілік тілеймін!" - деді.

Бүгін Қорғаныс министрінің тағы бір видеосы желіде жарияланды. Онда министр "Журналистер өкпеледі ме?" дейді, артынша видеоға түсіруші адам "Журналистер емес, халық сол видеоны көріп, сынап жатыр" дейді. Оған Қорғаныс министрі: "Әә, қазақтарда бір мақал бар. Өкпелесең көшіп кет" деп жауап қатады. Министр мен видеоға түсіруші арасында артынша қандай диалог болғаны белгісіз. Себебі желіге 13 секундтық видео ғана жарияланды.

Қоғам бір аптаның ішінде екі мәрте мемлекеттік тілге қатысты дауға іліккен министрді сынға алуда. "Қазақты қорғайтын министрдің сиқы осы ма", "Мемлекетті мемлекеттік тілді білмейтін жан қалай қорғамақ", "Қазақты қазақ тіліне қырын қарайтын жан жаудан қорғайды дегенге сенбеймін" және т.б пікірлер желіде жазылып жатыр. Ал біз өз тарапымыздан мемлекеттік тілге шорқақ министр мырза атылмыш сыннан кейін тілді тереңірек үйреніп, оқуға талпынатын шығар деген үміттеміз.

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

 

Пікірлер