Жезқазған тарихи-археологиялық музейіне - 40 жыл

4480
Adyrna.kz Telegram

Жезқазған қаласында осы өлкедегі тарихи-археологиялық музейінің 40 жылдық мерейтойына арналған республикалық "Көкжиегі кемел музейлер" фестивалінің салтанатты ашылуы және "Рухани жаңғыру бағдарламасын дамытудағы музейлердің атқаратын рөлі" атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді, – деп хабарлайды Adyrna ұлттық порталы.  

Фестиваль 14 мамыр күні сағ.11.00 де Музей алаңында өтсе (Алаша хан, 22),  конференция 15 мамыр сағ.09.30 да (Ғарышкерлер, 39) басталады.

Мерейтой қарсаңында Жезқазған музейінің өткен 40 жылдық тарихын баяндайтын оқиғалар тізбегін ұсынамыз.

 

1978 жыл

  • Қазақ КСР Министрлер кеңесінің 10 мамырдағы 198-р өкімі бойынша ЖКБК тарихи-өндірістік музейінің негізінде облыстық тарихи өлкетану музейі ашылды. 14 маусымда халық депутаттары Жезқазған облыстық Кеңесі аткомының «Облыстық тарихи- өлкетану музейін ашу туралы» №280-10 шешімі шықты. Алғашқы директоры – танымал өлкетанушы С.Т. Бүкіров. Музей Суворов (Гурьба) көшесі бойындағы 25-үйде уақытша орналасты.

1979 жыл

  • Тамыз айындағы ең алғашқы ғылыми экспедиция Сүтемген Бүкіровтың жетекшілігімен Тамғалынұрадағы тас бетіндегі жазуларды зерттеуге арналды. Ғылыми экспедиция Тамғалынұрадан тамға белгілері ойылған бірнеше тастарды әкелді.

1980 жыл

  • 5 қаңтардағы қалаткомының №2-1 шешімімен Космонавтар бульвары бойындағы 26-тұрғын үйдің төменгі қабаты музейге берілді.
  • М.Сембиннің жетекшілігімен және танымал мәдениеттанушы М.Әуезовтың қатысуымен Республикалық ескерткіштерді қорғау Орталық Қазақстан ғылыми экспедициясы Жошыхан, Алашахан, Домбауыл, Ерден, Мақат, Жансейіт ескерткіштерінің архитектурасын, Хан Ордасы қорғанының қираған орнын, Жаңғабыл өзені маңындағы тас мүсіндерді зерттеу және оларды паспорттау ісін жүргізді. Экспедицияға музей қызметкерлері Н.Бухарова, Ш.Төлегенова қатысты.

1981 жыл

  • Қазақ КСР ҒА Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы Жезқазған облысындағы аса ірі әрі тұнғыш археологиялық қазба жұмысын бастады. Ол Ағадыр ауданындағы Атасу өзенінің жоғары тұсындағы қола заманындағы ежелгі кен қазушылар мен металлургтер қонысында жүргізілді. Экспедиция құрамында музей қызметкерлері Э.Усманова мен Ш.Төлегенова болды. Соның нәтижесінде музей қоры қола дәуірді құйма қалдығымен және шлактың шағын кесектерімен толықты.

1982 жыл

  • Музейдің тұнғыш уақытша экспозициясы ашылды. Ол 3 бөлімнен тұрды: табиғат, кеңестік кезеңге дейінгі тарих және кеңестік қоғам тарихы.Экспозиция 1986 жылғы қаңтарға дейін тұрды.
  • Музейде «Эх, раскопаем!» атты жас археологтар үйірмесі ашылды. №22 орта мектепте ашылған оған кеңестік кезеңге дейінгі бөлімнің меңгерушісі Э.Р.Усманова жетекшілік етті.
  • 1982 мен 1985 жылдар аралығында музейдің алғашқы археологы Эмма Усманованың басқаруындағы кеңестік кезеңге дейінгі тарих бөлімі Ұлытау ауданында жеке археологиялық зерттеуді жүзеге асырды. Тас ғасырындағы Сарыкеңгір, Қаракеңгір, Батырбұлақ, Самал, қола дәіріндегі Үйтас-Айдос қоныстарында жүргізілді.

1983 жыл

  • Халық депутаттары Жезқазған қалалық кеңесі аткомының 10 қазанындағы №228 шешімімен облыстық музейге Ленин даңғылы, 22 мекенжайындағы екі қабатты ғимарат берілді.
  • Музей археологтары Эмма Усманованың жетекшілігімен Домбауыл ескерткіші маңындағы ІХ-Х ғ.ғ. қорғанын қазды, ол жерден қару-жарақтармен (қорамса, найза, жебе ұштары) жерленген жауынгердің сүйегі табылады.
  • Алматы қ. ҚАЗМУ зоомузейінен экспонаттар әкелінді. Ең құндысы Қазақстанның қызыл кітабына енгізілген әдемі тырнаның тұлыбы болып табылады.
  • Табиғат бөлімінің қызметкерлері мен «Жас өлкетанушы» үйірмесі оқушыларының экспедициясы Ұлытау ауданына ұйымдастырылды. Ол жерден экспозиция ашуға арналған біздің аймақтың жануарлар дүниесі мен өсімдік әлемі бойынша материалдар жиналды.

1984 жыл

  • Эмма Усманованың жетекшелігімен б.з.д. ХІІІ- ХІV ғ.ғ. межелеген Үйтас-Айдос қонысына қазба жүргізілді. Неолит дәуіріндегі бірегей жерлеу, материалдық мәдениеттің 20 бұйымы табылды. Олардың ішінде керамикалық ыдыстар мен тас еңбек құралдары болды.

1985 жыл

  • ҚазКСР Зоология институтының ғалымдары биология ғылымдарының кандидаты Б.Байшашевтың жетекшілігімен Жәйрем к. «Дальнезападный» карьерінде палеонтологиялық қазбалар жүргізді. Ежелгі мүйізтұмсықтың қаңқасы табылды. Экспедицияға табиғат бөлімінің қызметкерлері Л.В. Березикова, Ж. Голых, Ш.Төлегенова, К.Сердалинова қатысты.
  • Музейге ат әбзелдерінің 6 бұйымнан тұратын бірегей коллекциясы келіп түсті, сондай-ақ әйелдердің бірқатар әшекей бұйымдарымен толықты.

 

1986 жыл

  • Табиғат бөлімінің залы безендірілді және ашылу рәсімі өтті.

1988 жыл

  • Жыл соңында Ленин даңғылы, 22 мекенжайындағы ғимаратты қайта жаңғырту және оған күрделі жөндеу жұмысы аяқталды. Құрылыс жұмыстарын «Казпроектреставрация» институты жобалық-сметалық құжатқа сәйкес жүргізді. Жобада 5 га. аумақты аларлық көгалды алаң, ашық экспозиция мен демалыс орындарына арналған алаңның құрылысы, автотұрақ пен архитектураның шағын үлгідегі қондырғылары көзделеген еді. И.Әділбеков жетекшілік еткен суретшілер бригадасы жұмыс істеді.
  • Желтоқсан айында жаңа экспозициялар салуға қатысты көркем-безендіру жұмыстары толықтай аяқталды. Ол Жезқазған облыстық музейінің тақырыптық-экспозициялық жоспарына сәйкес 1986 жылғы маусымда бастау тапқан еді.
  • 14 желтоқсанда облыстық музей алғашқы көрермендерін қабылдады.

1989 жыл

  • ҚазКСР ҒА Алматы экспедиция отряды Шотқара (Х-ХІІІ ғ.ғ.), Аяққамыр, Шайтантас төңірегінде қазба жұмыстарын жүргізді, оған музей қызметкерлері Ш.Төлегенова, Н.Әбішева қатысты. Бұл экспедиция нәтижесінде қор бірегей жәдігерлер: 2 алтын ілгешекпен және темір пышақпен толықты. Олар музейдің бұл тұрғыдағы ең алғашқы тауып алған бұйымдары саналады.

1990 жыл

  • Гулаг жүйесінің 30-50 жылдардағы саяси қуғын-сүргіндердің трихы бойынша материалдар жинақтау бастау тапты.
  • Ұлытау селосы мен жезді поселкісіне этнографиялық экспедиция ұйымдастырылды. Оның нәтижесінде қор этнографиялық сипаттағы қолөнерінің 20 бұйымымен, атап айтқанда, өрмек жоңғы, киіз үй ағаш бұйымдарын жонатын орақ, торсық, айбалта т.б. толықты. Музей коллекциясы мұсылмандардың қасиетті 3 кітабы – құранмен толықты.
  • Музейде ақын, «Невада-Семей» қозғалысының төрағасы Олжас Сүлейменов қонақ болды.

1991 жыл

  • Бұл жылы өңірімізде тұңғыш рет «Отырар – Ұлытау» археологиялық-этнографиялық экспедициясы құрылып, ол «Кіші Жібек жолымен» жүріп өтті. Экспедицияға Б.Қожахметов жетекшілік етті. Бұл экспедицияның жұмысына музей қызметкерлері белсене қатысты.

1992 жыл

  • ҚазКСР ҒА жаңа жасақталған Алматы экспедициясымен бірлескен қазба жұмыстары ІХ-ХІІ ғ.ғ. қалашығы Басқамыр мен қола заманғы Талдысай қонысында бастау тапты. Жасалған шартқа сәйкес экспедиция құрамына музей қызметкерлері А.Борамбаева мен А.Тәшімова қатысты. Музей қорын керамикалық, қола бұұйымдары, темір кені тәрізді әр түрлі 741 кесек бөлшек толықтырды.
  • Музей қазақтардың бірінші Құрылтайына қатысушыларды Жезқазған жерінде қарсы алуға белсене қатысты.

 

1993 жыл

  • Археология бөлімі құрылды.
  • Музей «Ежелгі және орта ғасырдағы мәдениеттің өзара ықпалының археологиялық куәгерлері» деген атпен буклет шығарды.
  • Музейде «Бөбек» қорының төрағасы Сара Назарбаева болды.

1994 жыл

  • Қаз КСР ҒА Алматы отряды Жаңаарқа ауданындағы қола дәуірдегі қоныс Қараағашта қазба жұмыстарын жүргізді,оның құрамында музей қызметкерлері А.Борамбаева болды.

1995 жыл

  • Музей директоры Б.Қожахметов Абайдың туғанына 150 жыл толуы құрметіне арналған Жезқазған – Семей – Жидебай бағыты бойынша «Ұлылыққа тағзым» атты  этнографиялық экспедицияға қатысты

1996 жыл

  • Жезқазғанда алғаш рет ҚР ҒА археология музейінің қорынан алынған шамамен б.з.д. V-ІVғ.ғ. ең құнды жәдігер «Алтын адамның» қатысуымен «Ежелгі дала құпиялары атты» атты археологиялық көрмесі  ұйымдастырылды.
  • Көрмеге алтын бұйымдар, бас киім және қару-жарақтар қойылды.

1997 жыл

  • Жезқазған облыстық тарихи-өлкетану музейі Жезқазған тарихи-археологиялық болып аталды.
  • Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің жаралыстану- география факультетінде Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің филиалы ашылды.

1998 жыл

  • 27 қазанда ҚР Премьер-министрі Н.Балғынбаевтың «Алтай – Дунай» халықаралық археологиялық-этнографиялық экспедициясын өткізу туралы өкімі шықты.

1999 жыл

  • «Алтай – Дунай» экспедициясы бірінші кезеңін Қазақстан және Ресей бойында жүріп өтті.
  • Археолог З.С.Самашев басшылығымен ортағасырлық Сарайшық қалашығында археологиялық жұмыстар атқарған Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясына музей қызметкері Г.Жолашарова қатысты.

2000 жыл

  • «Алтай-Дунай» экспедициясының екінші кезең сапары жалғасты.
  • Музей Түркістанның 1500 жылдығының мерекелік шараларына қатысты.

Музей Түркістанның 1500 жылдығының мерекелік шараларына      қатысты.

2001 жыл

  • «Алтай-Дунай» экспедициясының ІІІ кезеңі Карцаг қаласында (Венгрия) аяқталды.
  • ОҚАЭ құрамында Теректі Әулие мекенінде музей қызметкерлері А.Боранбаева, Г.Жолашарова, Б.Қожахметов және Г.Ибраева француз технологиясы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізді.
  • Археолог Эмма Усманованың жетекшілігінде Лисаковск қаласына жақын маңдағы қола дәуірдегі қонысқа археологиялық жұмыс жүргізген Солтүстік Қазақстан археологиялық экспедицияға музей қызметкері Г. Жолашарова қатысты.

2002 жыл

  • ОҚАЭ құрамында Болони қаласындағы Азия және Африка итальяндық университетінің ғалым-археологтарының қатысуымен жалғасқан Талдысай саласына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарына музей қызметкерлері Г.Жолашарова, Д. Байтілеу, А.Искаков қатысты.
  • Ұлытау ауданына және Қызылорда – Түркістан – Отырар –Шымкент – Тараз – Балқаш бағыты бойынша этнографиялық экспедиция ұйымдастырылды.

 

2004 жыл

  • Археолог Ж.Құманқұловтың жетекшілігімен Қызылорда облысындағы сақ заманының Шірік-Рабат қорғанында археологиялық жұмыс жүргізген Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының құрамында музей қызметкері А.Искаков қатысты.
  • Музей қала мәдениетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін қалалық мәдениет бөлімінің құрметті «Алтын кітабына» енгізілді.

 

2006 жыл

  • Музейдің 2-қабатында «Тарих – біздің асыл қазынамыз» атты жаңа экспозициялық зал ашылды.
  • Музейдің 2-қабатында конференц-зал ашылды.
  • Мемлекет тұтастығы мен халықтар бірлігі монументінің макеті қойылды.
  • «Ұлытау тауы етегі», «Сарысу өзені жағалауы» диорамаларына дыбысты экскурсияның жаңа түрі – жанды дыбыста баяндау енгізілді.
  • Абылайхан, Қ.Қасымов,С.Сейфуллин, Ю.Левитан тәрізді тарихи тұлғалардың дауысы берілген диорамда музыкалық сүйемелдеумен үндестік тапты.
  • Экскурсия жүргізушілердің екі жылдық мектебінің алғашқы оқуға қабылдауы жарнамаланды.
  • Тарихи және қасиетті орындар Алашахан, Жошыхан, Домбауыл мазарлары, Теректі Әулие, Басқамыр, Талдысай бағыты бойынша экскурсиялық бағыт әзірленді.
  • Республикамызда алғаш рет «Жезқазған қажылары» атты көрме ашылды. Оның ашылу рәсіміне Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі қатысты.

 

2007 жыл

  • Жезқазған тарихи-археологиялық музейі «Археология. Этнография. Ескерткіштер», «Жезқазған тарихи-археологиялық музейі» атпен сериялы кітапшаларды шығарды.
  • Музейде Қазақстан Республикасындағы Ұлыбритания елшісі Пол Браммел болды.
  • 20 желтоқсанда Қала күні қарсаңында «Қаланың кұрметті азаматтары» экспозициясы ашылды.

2008 жыл

  • Суретші-реставратор, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мәдениет қайраткері Е.Исатаев Кувейттегі Қазақстан мәдениетінің күндері аясында ашылған халықаралық қол өнері көрмесіне қатысты.
  • ОБСЕ өкілдері мен Қазақстан Республикасындағы елшілері музейде қонақта болды.
  • Жеңіс күні қарсаңында «Соғыс жолдарымен» реэкспозициясы ашылды.

2009 жыл

  • Музей қызметкерлері ҰОС ардагерлері туралы «Жүрек жарасы», «Ауған соғысының тарихы туралы «Ауған оты шарпыған» кітаптарын әзірледі және басып шығарды.

2010 жыл

  • С.Қожамқұлов атындағы атындағы Жезқазған музыкалық драма театры тарихының зал-музейі экспозицияларын жобалау және безендіру жұмыстарын орындады. Жұмыс барысында 2000-нан астам экспонат жинақталды және сұрыпталды, тарихи және көркемдік тұғырнамаға лайықты арнаулы музейлік жобалар әзірленді. Экспозициялар жасақтаудың бастау табуынан аяқталуына дейінгі барлық кезең барысын жоспарлаудағы басты мақсат театрдың тұтастай 38 жыл тарихын көрсету болды.

2011 жыл

  • ОҚАЭ құрамында Нөгербек Дарасы (Ұлытау ауданы) қалашығын зерттеуге музей қызметкері Б.Балтабеков қатысты.
  • «Абылай хан – қазақ мемлекеттігі егемендігінің символы» атпен Абылай болған жерлер бойынша аймақтық тарихи-этнографиялық экспедицияның құрамында музей қызметкері С.Рахметов Қазақстанның 4 облысы мен 10 қаласында болды. Экспедиция барысында 2000-нан астам фотосурет түсіріліп, аса көп бейнематериалдар әзірленді.
  • Жаңа музей құрылымдары: музей шеберлігі мектебі, сән театры, «Аманат» музей театр-студиясы, «Ақ әжелер» фольклорлық-этнографиялық ансамблі ашылды.
  • Музей медининалық колледждің 50 жылдығы құрметіне арналған «Мейрімділікке баулыған» кітабын шығарды.

2012 жыл

  • Қалалық 6 бағыт: «Жезқазған – Қазақстанның мыс інжу-маржаны», «Жүз ұлттың қаласы», «Үлкен Жезқазған және Сәтбаев», «Қазақстанның жұлдызды жолы», «Сол бір ұлы жылдарға тағзым етеміз», «Жезқазғанның әдебиет болмысы» әзірленді.
  • Британ кеңесі ұйымдастырған « Музейлерді жаңғырту» және «Қазақстан музейлері» веб-сайт жобаларының екінші кезеңі тұсау кесеріне Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, музей директоры З.Чумакова қатысты.
  • Музей директоры З.С.Чумакова ЮНЕСКО (ИКОМ) ұйымдастырған «Астана – түрік әлемі мәдениетінің астанасы» халықаралық форумына қатысты.
  • Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, экспозиция бөлімінің суретші-реставраторы Е.Исатаев Оман Республикасында өткен «Маскат» қол өнер шеберлерінің жыл сайынғы халықаралық фестиваліне қатысты.
  • Музейдің веб-сайты ашылды.

2013 жыл

  • 30 шілдеде музейдің 35 жылдық мерейтойы аясында «Музей: Қазақстанның ұлттық тарихын зерделеудегі жаңа әдістер» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
  • ҚР Дизайнерлер одағы мүшесі, жезқазғандық В. Хлебов жасаған «Сақтар қазынасы» атты экспозициялық кешенде VII-VIII ғ.ғ. Қазақстан жерінде табылған сақ-скиф аңдар стилінде жасалған алтын әшекейлердің 8 көшірмесі музей фойесінен орын алды.
  • Қазақстан спортының мақтанышы, қазақтан шыққан алғашқы олимпиада чемпионы,  КСРО-ның екі дүркін чемпионы Жақсылық Үшкемпіровпен музейде кездесу өтті.
  • Қызметкерлердің кәсіптік деңгейін жоғарылату және экскурсия жүргізу әдісін жете меңгеру мақсатында 2 жылдық «Музейлік шеберлікке баулу мектебі» өз жұмысын жалғастырды.

2014 жыл

  • 27 қаңтар-27 ақпан аралығында музей Жезқазған қаласының 60 жылдық мерейтойы аясында қаланың орта және арнайы оқу орындарының оқушыларына арналған «Жезқазған – менің тағдырым» атты көрме ұйымдастырды.
  • Сәуір айында музей Кедендік одақ пен ТМД мүшелері – Ресей Федерациясы, Украина, Қазақстан Республикасы, Беларусь Республикасы және Әзірбайжан Республикаларын қамтыған жалпымемлекеттік ұлттық рейтинг-бағдарламасы бойынша Алтын медальмен және «Сала көшбасшысы – 2014» ұлттық сертификатымен марапатталды.
  • ҚР Ұлттық музейінің ашылуы мен «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасының 10-жылдығына арналған ҚР Ұлттық музейінің «Ұлттық мұра» атты бірінші автошеру мүшелерін қарсы алу іс-шарасы аясында «Мұраты биік музей» атты көрме ұйымдастырылды.
  • «Тау тұлғалы тарлан». Музей Жезқазған қаласының, Ұлытау және Ақтоғай аудандарының Құрметті азаматы, ҰОС ардагері Қ.Мәкенбаевқа арналған мемориалды тақтаны 11 жыл директоры болған музейдің көрме залының қабырғасына орнату іс-шарасын ұйымдастырды.

2015 жыл

  • 7 тамызда Қазақ хандығының 550 жыл мерейтойы аясында Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде Қазақ хандығы экспозициясының және «Бұланты шайқасы» диорамасының ашылуы өтті.
  • Жезқазған қаласының әкімі Б.Ахметов 6 ай ғарышта болған Жезқазған қаласының гербісі белгіленген баннерді музей қорына тапсырды.
  • Музейдің қор бөліміне «ВПК НПО машиностроения» АҚ Жезқазған қалалық өкілдігінің басшысы С.Шиянов құрамында Сергей Волков, Айдын Айымбетов, Андреас Могенсен болған «Союз ТМА-18 М» ғарыштық кемесі люгінің фрагментін табыс етті.
  • Ұлы Жеңістің 70-жылдығы аясында музей қорындағы Жезқазған өңірінің ҰОС 32 қатысушыларының 300-ге жуық құнды әрі сирек кездесетін құжаттары мен фотосуреттері қойылған көрме өтті.

2016 жыл

  • 14 қазанда Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің көрме залында «Жезқазған – ғарыш айлағы» атты Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл, қазақтың тұңғыш ғарышкері Т.Әубәкіровтің ғарышқа ұшқан сапарына 25 жыл толуы және Ю.Гагаринның ғарышқа сапарына 55 жыл толуы аясында ұйымдастырылған тұрақты экспозиция көрсетілген ғарыш тарихына арналған залдың ашылуы өтті.
  • 9 желтоқсанда Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің көрме залында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай шығуына музей мұрындық болған «Көпұлтты Жезқазған: 25 жетістік тарихы» атты кітабының тұсаукесері өтті.
  • Этнограф, жазушы, мәдениеттанушы, қоғам қайраткері, аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлының келіні – Зейнеп Ахметовамен кездесу өтті.
  • Ұлттық музей елдің барлық аймақтарындағы музейлердің беделін көтеру және шығармашылық пен инновациялық бастамаларын қолдау мақсатында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы аясында Қазақстанда алғаш рет музейлер арасында «Ең үздік музей» атты республикалық байқауды өткізді. Осы байқауда «Үздік мемлекеттік музей (аудандық (қалалық) дәрежедегі)» номинациясын Жезқазған тарихи-археологиялық музейі жеңіп алды.

2017 жыл

  • 17 наурызда Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде мемлекеттік деңгейде басталған #Жақсылық Жаса атты халықтық жобасының аясында «Тұсаукесер» атты музейлік іс-шара өтті. Жобада Жезқазған қаласының «Балалар үйінде» тәрбиеленіп жатқан кішкентай бөбектердің тұсауы кесілді.
  • 16 мамырда Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің көрме залында ХХVII «Ұлытау үні» аймақтық фестивалінің аясында «Ел назары ЭКСПО-да» атты ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне арналған қолөнер шеберлерінің қалалық конкурс-көрмесі өтті.
  • 17 мамырда Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде 18 мамыр – Халықаралық музейлер мерекесі қарсаңында музей қорын құнды әрі сирек кездесетін жәдігерлермен толықтыру мақсатында ұйымдастырылған «Тарихта өз атыңды қалдыр» атты акциясы өтті.
  • 10 қарашада Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде «Музейлік кездесулер: Алтын қор» жобасы аясында Қазақ КСР және КСРО Халық артисі Асанәлі Әшімовпен кездесу өтті.
  • 14 желтоқсанда Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, ҚР Тәуелсіздік күні мерекесіне орай «Азат рухтың жаршысы – Кетбұқа» атты экспозициясының ашылу салтанаты өтті.
  • Астана қаласында өткен Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінде Қарағанды облысының құрамында белсенділік танытқаны үшін музей ұжымы облыс әкімі Е.Қошановтың Алғыс хатымен марапатталды.

2018 жыл

  • 15 ақпанда Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде «Музейлік кездесулер: Алтын қор» жобасы аясында ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, Құрмет орденінің, Ресей Халықаралық Жазушылар ұйымының С.Есенин атындағы Алтын медалінің, «Ерен еңбегі үшін», «Тәуелсіздікке 10 жыл» медальдарының иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбаймен «Арқаның арда туған азаматы» атты кездесу өтті.
  • 23 ақпанда Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің көрме залында Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен ХХVIII аймақтық «Ұлытау үні» фестивалінің аясында «Ару қалам – Астанам» атты қолөнер шеберлерінің қалалық конкурс-көрмесі өтті.
  • Мамыр айында Жезқазған тарихи-археологиялық музейі 40 жылдық мерейтойы аясында музей тарихында тұңғыш рет республикалық «Көкжиегі кемел музейлер» музейлер фестивалін, «Тарихта өз атыңды қалдыр» акциясын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудағы  музейлердің атқаратын рөлі» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясын, «Шеберлер  мекені»  көрме-жәрмеңкесін өткізді.

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

 

 

 

Пікірлер