Биік кісі...

1920

Біздің сыншыларымыз да, журналистер де өнер адамдары жайлы жазғанда актер, режиссер, әнші, күйшілерді сөз етеді. Және неғұрлым ол Тұлға танымал болса , соғұрлым ол мақала ел-елге көп тарайды. Бұл дұрыс...

Өзім де көбі өнер адамдары жайлы ой толғаймын. Алайда,  осы жолы мен сол жүрісімнен өзгердім. Себебі бұл азамат ерекше жан. Және жалпы жұрт оны біле бермейді. Өйткені ол сахнаға шығып рөл ойнап, болмаса ән салып теледидарға шықпаған кісі.

Бірақ, үлкен тұлға...

Жо-жоқ бойы ұзын, екі иығына екі кісі мінетін батыр да емес. Орта бойлы, көзінде көзілдірік, жүрегіне екі мәрте ота жасаған, қырылдап сөйлейтін қарттау адам. Ол операциядан кейін 1 ай болмай жұмысына кіріп кеткен Қожанасыр болмаса өнердің фанаты. Бұл-Нұрнияз ...

Болмаса, Нұрнияз Мұханов. Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық драма театрының іргесін қалаушы.

Тек қана театрды ашып қана қоймай ұзақ жылдар осы театрдың отымен кіріп, күлімен шыққан азамат.  Қашан көрсең жас баладай жүгіріп, құшағын айқара ашқан атбал аға. Бүгінгі таңда Қазақстандағы театр менеджментінің көшбасшысы. Тәжірибелі, талантты, театр әлеміне танымал тұлға. Бүгінде театрдың директоры болу- модаға айналған кезде  жұрт директорды ел алдына шығып сөз сөйлеуші ғана деп ұғатын болар. Ал, шын мәнінде театр директоры деген үлкен кеменің капитаны деуге болады. Өйткені бар жауапкершілік тек осы директордың мойнында.

Нұрнияздың туған жері Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы. Ол бала кезінен әкесі Мұханның зергерлігін, ұсталығын, әншілігін, күйшілігін көріп өсті. Көзіне көзілдірік сияқты бірдеңе тағып алып әкесінің күн ұзақ зергерлікпен жалықпай айналысқанына талай куә болды.

Нұрнияз бала кезінен әнге жақын болды. Және қашан, қай жастан бастап ән айтқанын өзі де білмейді. Сосын естіген әнін қағып алып бір сөзін түк қалдырмай қайталап береді. Екінші ме әлде үшінші класта оқып жүргенде радиодан Мұрат Ахмадиевтың «Аспанда күн сөнбесін»  әніне таң қалды. Ол аз дегендей Робертино  Лоретти деген баланың әні оның арманы болды. Робертино... Лореттидің сызылып салған әні – «О, соля миа» ... Қазақшасы «Күнім менің» екен... Ол кезде ел-ел көбінде радио тыңдайды. Бірде Нүрекең осы Робертино жайлы хабарды естіді. Неткен дауыс...Неткен әуезді әуен...Дәл осы Нұраштың ауылында өскен бала іспетті...Кейде осы Робертино өзінің жан досы сияқты боп тұрады.

Нұрнияз енді қиялға берілді. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір жақсыны көрсеңіз» дегенді түйсігімен, тәнімен сезінді. Осындай күндердің бірінде аудан орталығы Байғанинге әйгілі композитор Бәкір Тәжібаев келе қалған. Бұл Бәкір ағаның дүрілдеп тұрған шағы. Әсіресе, оның әні «Ақ бұлақтың» жиын-тойда да, концертте де қыз-жігіттің далада от жағып, алтыбақан тепкенде де шырқап айтар сүйікті әні болатын.

Бәкір Тәжібаев бала Нұрнияздың айтқан «Ақмаңдайлым» әнін тыңдады. Шыны керек, бала Нұрнияздың үні тау ішіндегі таңғы өзеннің шуылындай шырылдап тұрған кезі. Бұл кезең кез-келген жас баланың даусының өзгере қоймаған мөлдір шағы. Оның үстіне Нұрнияз ән салғанда жанымен айтады.  Арқасы қозып, желке тұсы күдірленіп кетеді. Мұндайды қазақ «арқасы бар» дейді. Нұрнияздың да ән салғанда осы арқасы ұстайтын.

   «Ақ маңдайлым»  қазақ елінің бұлбұлы Роза Бағланованың орындауында ғы Шәмшінің әні және ол қиын шығарма. Көшедегі кім көрінген айта алмайды.

Оған  дауыстың күші ғана емес диапозоны да қажет. Әсіресе, қайырмасы бірнеше октавадан тұрады:

                       Айналдым,ақ маңдайлым,

                       Ақылдым,бал таңдайлым

                      Жалында жас дәуренде,

                      Ұялма, «жан сәулем!» де,

                      Жақсылықтың жоқ,сәулем,ерте-кеші,

                      Жадырашы,назданшы,еркелеші.

Ақын Мұзафар Әлімбаевтың сөзі де ерекше ғой.

Нұрнияз осы әнді ерекше жақсы көретін. Әсіресе, «Ақылдым, бал таңдайлым» деген жолдарға ерекше екпін береді. Бұл бала жігіттің жан-терезесін қағып тұрған  өнер сиқыры болатын. Концерттен соң Бәкір Тәжібаев Нұрниязды қасына шақырып алды да сөйлескен. Ағалық мейіріммен құшағына басқан. Бала Мұхановтың есі екеу, түсі төртеу болды.

Алматыдан келген ақын аға,композитор көкенің өзі мұның даусына тәнті болған. Беу-беу... Нұрнияз алғаш рет Алматыда әншілерді оқытатын, дайындайтын оқу орны бар екенін, оның «консерватория» деп аталатынын осы ағадан естіді.

Алматы тұрмақ Ақтөбені өмірінде бір-ақ рет көрген Нұрнияз мектеп бітірген соң астанаға бет алды. Дәл осы жерде дұрыстап жазбасам оқырман түсінбей қалуы мүмкін. Нүрекең оқу бітірген жылы бүкіл Кеңес мемлекетіндегі 10-шы және 11-ші сынып түлектері мектепті бірге бітірді. Яғни, оқуға түсетін абитуриенттер екі есеге көбейген кез еді. Бағы жанып Нүрекең консерваторияның вокалдық бөліміне қабылданады. Иә. Иә. Бірақ, 1-курсқа емес дайындық бөліміне. Бұл дегеніңіз арнайы білімі жоқ жастар 2 жыл осы дайындықта оқып, музыкалық сауат ашып дайындалу деген сөз. Өмірінде фортепиананы алғаш рет көрген жас жігіт Нүрекеңе Алматыда бәрі қызық болды. Өзі де модадан қалмай бұтына «клещ» шалбар, үстіне балон плащ кигенінде «городской» боп шыға келді. Қою бұйралау шашы иығына түскен орта бойлы әнші жігітке қыздар да бей-жай қарамайтын.

Коммунистік даңғылының бойындағы өнер ғимараты да өте әдемі еді. Консерваторияның жоғары жағында жастар мен балалар театры. Екі ортада кішкене парк. Театрдың жанында жазғы кинотеатр. Содан төмен «Гүлдер» кафесі. Иә...Ол әйгілі Мұқағалиді осы кафеден көрген.

Шалқып тұрған ақынды ол алғашында әнші екен деп ойлап қалған болатын. Гүрілдеген ағаның ақын екенін ол кейін білген. Ал, бірден білген,түсінгені «подкурстан» оқуға түссе де армияға алып кететіні.

Бұл енді Нүрекеңнің төбесінен жай түскендей болды. Концертпен қайда бар десе де, қаншаға болса да мейлі ғой. Тек армияға барғысы келмеді. Өстіп жүргенде орысша шығатын «Вечерняя Алма-Ата» газетінен бір хабарламаны көзі шалып қалған.

 Ұмытып кетіппін ғой. Ол кезде қай кинотеатрда қандай фильм, қай театрда нендей спектакль болатыны осы басылымға шығады. Кино іздеп отырып Нүрекең мына хабарламаны оқып дір ете түсті. Терлеп те кеткен.

Совет үкіметінің 50 жылдық мерейтойына орай бұдан былай Совет одағында Ауыл шаруашылық институтынң студенттерін армияға оқу бітіргенше алмайды екен. Күндіз тұрмақ, сырттай оқитындарды да. Мәә... «Іздегенге сұраған» деген осы шығар. Оқуға түссе-әрине армияға бармайды. Қандай рахат! Бірақ, аттестатты алу керек.

Үйден келген ақшаға жақында ғана «платформа» туфли алған. Ол әрине биік аяқ киім. Үстінде нейлон көйлек, аяқта қап-қара платформа, бұтында клещ қара шалбармен деканаттағы хатшы қызға барды.

Иә...Өткен жолы осы қызға документ өткізген болатын. Аз ғана уақыт ішінде «городской» боп шыға келген Мұхиновты қыз да қуана қарсы алды. Екеуі біраз сөйлесекен соң, кешке киноға барды.

Қыздың ойында не бар екенін ешкім білмес, ал, Нұрнияздың ойы тек аттестатты алу болатын. Ол қоштасарда қыздың нәзік саусақтарын ұстап тұрып ұзақ тұрды. Аңқау қыз саусағын жібермей ұстаған жігітті сүйеме деп те күткен болар...

Ал, Нұрнияз аттестатын қайтарып беруін сұрады. Әдемі қыз күрсінгендей «жарайды» деді. Бұйра бас мырза аттестатын алды да қызға «Қош,рахмет» деп айтуға әзер уақыт тапты. Қайран ару...Нүрекеңнің алдағанын, арбағанын кеш ұққан сияқты.      

 Көп ұзамай Нұрнияз Мұханов Ауыл шаруашылық институтының, яғни СХИ-дың «Почвенная агрохимия» деген факультетінің сырттай оқитын студенті боп шыға келді. Бірақ, осы кезде консерваторияның студенттерін алма жинауға ауыл-ауылға жіберді. Алғашқы таныстық, кімнің кім екенін білу кезеңі. Білгені студенттердің көбі 5 жыл, театр факультеті тіпті 4-ақ жыл оқиды екен. Тек бұл ғана 7 жыл оқуы тиіс. Алма жинап жүріп біреулерден Алматыдан екі жылдық эстрадалық және опера студиясы да бар екенін естіді... Сабақ басталып кетті. Студенттік қызық кезең. Уақыт өте берді.

Ауылдан кеткеніне де 5-6 ай өтіп кетті. Достарын да,әсіресе, анасын, ағаларын қатты сағынды. Сағынбай ше? Нұрнияз әкесінен 13-де қалған. Жетім көңіл сондықтан да анасын, аға-бауырларын қатты сағынады. Қысқасы, желтоқсанда ауылға тартты. Оқуға түскен, түспеген дос-жарандарымен бас қосып,мәз болды.

Және естіген жаңалығы осы аудан орталығында жаңа автобаза ашылады екен. Қол қусырып отыратын Нұрнияз ба? Алматыдағы оқуын оқуды қойды да,үш ай оқып жүргізуші шофердің правосын алған күні ауылға келген жаңа бес машинаның біріне отырды.

Міне...Нұрнияз Мұхановтың еңбек жолы осылай басталған...Астында жаңа машина... «Жас жүрегім дүрсілдейді, Алға тартқан мотордай»  деп болмаса «Қырманға кел, қалқатай» деп ән шырқап жүргенде уақыт өте берді.

 Көп ұзамай Ақтөбеде  «Молодые таланты» облыстық конкурсқа қатысып, дипломға ие болды. Ол аздай лауреаттарды Алматыға шақырды. Нүрекеңді тағдыр тағы да өнер әлеміне сүйреп алып келді. Бірақ, бұл жолы жас жігіт опера студиясына баруға бел буды. Бармай ше?

Кешегі өзін жақсы танитын профессор Бекен Жылысбаев шақырса неге бармасқа? Нүрекең осылай музыка әлеміне, өнер көліне ене берді. Опера студиясы екі жылдық болғанымен уақыт жетпейді. Күнде кешке опера театрындағы спектакльдерге массовкаға, яғни көпшілік сахнасына хорға қатысады. Кәукен Кенжетаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Жаманова, Әлібек Дінішев, Хорлай Қалиламбекова, Мүсілім, Ришат Абдулин, Майра Айманова, Құрманбек Жандарбеков сынды аты аңызға айналған тұлғалармен бір сахнада болудың сәті түсті. Бұл кез Абай атындағы опера және балет театрының алтын кезі-тын. Сахнада А.Жұбановтың «Абай», Е. Брусиловскийдің «Қыз-жібек», «Жалбыр», «Ер тарғын» М.Төлебаевтың «Біржан-Сара», К.Кожамьяровтың «Назугум», И. Чайковскийдің «Евгений Онегин» , «Демон» , «Чио-чио сан», «Даиси» Е.Рахмадиевтың «Қамар сұлуы», Ғ.Жұбанованың«Жұмбақ қыз», Төлебаев пен Брусиловский «Амангелді» сынды атақты шығармалардың әйгілі сахнада жүріп жатқан кезі. Ауылдан келген Нұрнияз үшін бұл үлкен мектеп болды. Шын өмірдің, хас таланттардың қандай болу керек екенін ол осы кезде түсінді.

Оқуға түскен балаларды опера студиясында айына бір рет фониатр қарайды. Біреудің тамағы ауырып қалса дәрігерден бұрын осы фониатрға барады. Нұрнияз бұл кезде опера театрына ғана қатысып қоймайды. Кез-келген кештің, жиын-тойдың қадірлі қонағы. Тұп-тұнық тенор даусымен Италияның опера арияларынан бастап, орысша, қазақша әндерді шырқайды. Оның үстіне “Ұялмаған әнші болар” дегендей сахнаға шығу мәдениетін де киіну, сәнденуді үйренген шағы. Сондықтан да қолы көп тимейді.

Күнде ән салады. Күндіз-түні даусына тыным жоқ. Осындай күндердің бірінде тамағы ауырған. “Суық тиген болар” деп алғашында ол мән берген емес. Алайда, тамағы ауыра бергені қоймады. Фониатр апайы мұқият қарады.

Басын шайқап ұзақ отырды. Бірдеңе айтуға батпай отырған сыңайы бар. Ұққаны Нұрнияздың тамағында, желбезегінде ісік пайда болыпты. Операцияға көнбейтін ісік екен. Не істеу керек? Қазір емделмесе-жаман ауруға да ұласып кету мүмкін. Сондықтан әнді доғару қажет.

Нұрнияз шарасыздықтан не істерін білмеді. Бұл бүткіл арманына, ертеңіне жоспарына, болашағына нүкте қою,яғни, өнерді тастау деген сөз.

Нұрнияз бәрін ақылмен ұқса да көңілмен, жүрегімен сене алмады. Талай түнді ұйқысыз өткізді, жастығын жасқа шылап талай таңды атырды...

 Кішкентай Нұрнияз елдің пысық балалары секілді кітапты көп оқыған жоқ. Алайда, зерек боп өсті.

Сондықтан да әкесінің етікшілігіне, іскерлігіне қызыға қарайтын. Және ол киноға барғанды ұнататын. Әлі есінде қасындағы жолдастарымен бірге әдеттегідей киноға барды. Сөзінің көбін түсінбесе де суретіне қарап бәрін ұғады. Онда екі аяғынан айырылған ұшқыш жайлы фильм көрсетілген. Бас кейіпкердің өмірге құштарлығы, ерлігі, өрлігі, намысы, қайраты, қажырлылығы  Нұрниязға қатты әсер етті. Бала Нұрнияз көпке дейін әлгі ұшқышты ұмытпай жүрді. Бұл әйгілі Борис Полевойдың «Нағыз адам туралы» повесінің желісінде түсірілген фильм болғанын кейін білді. Алексейдің аяқсыз қалғанына Нұрнияз қатты күйзелген. Фильмнің соңында ол Мересьевтің самолетке қайта отырғанына қатты қуанды. Және іштей өзін сол ұшқыштың орнына қоятын. Кейін Нұрнияз талай кино көрді, класстас    қыз-келіншектерімен үнді фильмдерін талай-талай тамашалады. Бірақ, бала кезде көрген сол фильм оның жадында мәңгі қалып қойды.

Нұрнияз қанша қиналса да ауылға қайтып келді. Жолдас-жора, ағайын-туманың ішінде жан жарасы бірте-бірте азайтқан. «Тірі адам-тіршілігін жасайды» дегендей өлең айтпайтын адамдардың да күліп-ойнап жүргендігін көргенде көңілі орнына түсе бастады. Алайда, өнер атты өзенге бір түскен адам жағалаудан ұзап кете алмайды.

Шопыр жігіт енді Шымкенттегі мәдени-ағарту институтына барып түсті. Және оп-оңай топ ете қалды. Консерваторияда жүріп подкурста, опера студиясында оқыған, академиялық опера-балет театрының сахнасына талай шыққан сақа абитуриентті «культ просвит» қуана қарсы алды. Мұханов осында оқып жүріп Бөтагөз есімді Байғаниннің қызына үйленді. Өзі айтқан «Бөтагөзді» жазған да, алған да Мұханов еді.

Бала-шағалы болды. Уақыт зу етіп өте берді. Ол оқу бітірген жылы Гурьев облысы екіге бөлініп бірі-Гурьев, екіншісі-Маңғыстау облысы болып ашылды. Жаңа облысқа жас кадрлар керек еді. Нұрнияз бірден облыстық ОНМС-облыстық шығармашылық орталықтың директоры болып тағайындалды. Жас жігіт бұл жерде табаны күректей 17 жыл еңбек етті. Кейін Маңғыстау облысы 1987 жабылып қайта Гурьевке көшкенде Мұханов облыс орталығына бармай қалып қалды. Қарап жүретін Нүрекең бе?

Облыс көшкенімен қуыршақ театры қалды. Ол осы орыс қуыршақ театрына директордың орынбасары боп кірді. Көп ұзамай Алматыға барып қуыршақ театрына кіре алмай жүрген бес баланы Щевченко қаласына шақырып, осы орыс қуыршақ театрының  жанынан қазақ труппасын ашты. Бұл оның ұлтжанды екенінің дәлелі еді. Болашақта қазақ тілін бала кезден естіп, ұғып өсуіне керек деген ойы болатын. Көп ұзамай жас жігітті Ералы ауданының мәдениет бөлімін басқаруға шақырды. Нұрнияз Мұханов бұл жерде де ұшан-теңіз жұмыс істеді. Алдымен өзі мұрындық болып Маңғыстау өңірінің күйлерін, сонан соң әндерін нотаға түсірді де республикадағы барлық музыка училищелерге таратты. Әрине, бұл Мәдениет министрлігінің жұмысы. Ал, біздің Мұханов осыған бір тиын алмай өзі атқарды. Көп ұзамай ұлт-аспаптық «Маңғыстау маржандары» ансамбілін құрды. Оркестрдің домбыра, шертер, асатаяқ, шаңқобыз, сырнай, жетіген сияқты аспаптарын Алматыға барып өзі алып келді. Онда да бәрі шын шебердің қолынан шыққан су жаңа аспаптар болатын. 40 адамнан тұратын оркестрге шетелдік материалдан тіккен костюммен ауыл артистері сахнаға шыға келгенде жұрт таң қалысты. Таң қалмасқа шара қалмайтын. Нұрнияз Мұхановтың ашқан ансамблі Совет одағының елшісі болып Алжирда өнер көрсеткен.

Сол себеп те шығар Нұрнияз Мұханов Москваға арнайы шақырылып Мәдениет министрі С.Демичевтің қолынан «Мәдениет үздігі» төс белгісін алды. Қазақсатнда екі адамға берілген  «Мәдениетке еңбек сіңірген қайраткер» атағына да ие болды. Бұл Нұрнияз Мұхановтың адал еңбегінің жемісі болатын. Осы кезеңдерде Нүрекең ел ішін аралап жүріп қол өнерін,әсіресе, зергерлік бұйымдарды жинай бастады. Берісі Батыс Қазақстаннан бастап, сонау Өзбекстандағы қарақалпақ, тіпті, тәжік ағайындарынан жоғалып бара жатқан көне бұйымдарды іздеп жинап жүрді. Бұл кез қиын кез болатын. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғанмен ел іші күйзелген шағы. Сондықтан да небір қымбат бұйымдар құр бекерге сатылып кетіп жатты. Әсіресе, мұнай жағалап келген Америка, Англия, Франция сияқты елдердің азаматтары атадан балаға, әжеден немереге мирас болған зергерлік  әшекейлер су тегінге кетіп жатты... Әттең... Заман...Бүгінде біздің Республикада Орталық, облыстық музейлерден басқа осы зергерлік бұйымдар тек екі адамда ғана бар. Бірі- Алаштың атпал азаматы, қоғам қайраткері, мәдениет жанашыры Иманғали Тасмағанбетов болса, екіншісі- осы біздің Нұрнияз Мұқанов.

Нүрекең Маңғыстау облысы боп қайта ашылғанда осы өңірдің мәдениет саласын ұзақ жыл басқарды. Бұл кез Қазақстанның тәуелсіз болып, өз территориямызды шегелеп, өз әнұран, өз Елтаңбамызды бекіткен «алтын кезеңдер» еді. Облыс орталықтарында бірінен соң бірі қазақ тілі орталықтары, газет-журналдар және театрлар ашылып жатқан болатын. Экс-Президент Н.Назарбаевтың  Маңғыстауға кезекті сапарында қазақ театрын ашу мәселесі көтерілді.

«Неге театр ашпайсыңдар?» деген сұраққа облыс басшысы :

«Біздің көрермен дайын емес» деген. Президент қолын бір-ақ сілтеп: «Театр ашылсын» деді. Президент айтты, бітті, облыс әкімінен бастап барлығы осы театрды ашуға жұмылдырылды.  

«Атқа жеңіл телпекбай» бұл шаруа да Мұхановқа жүктелді. Қысыл-таяң кезде «Бармақ басты-қаз қысты» боп сатылып кеткен кинотеатрдың ғимаратын қайтару керек еді. Кезінде «бес тиынға» сатылған ғимаратты әкімдік қайта сатып алуға мәжбүр болды.

Нұрнияз  жөндеу жұмысынан бастап енді кадр мәселесімен де айналысты. Ақтауда актер, режиссер деген атымен жоқ. Не істеу керек?

Нүрекең алып-ұшып Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер Академиясына тартты. Профессор Маман Байсеркеновпен ақылдасып, актерлық составқа 3-курстың студенттерін, ал режиссерге жаңа ғана бітіріп Көкшетауға кеткен Гүлсина Мерғалиева мен Гүл Зиятованы ұсынды.

Алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын Мұханов Көкшетау қаласына ана екі қызды іздеп келді. Қонақ үйге орналасқан соң театрға келген. Сұрастыра келсе екі қыз театрда жоқ. Олардың қайда тұратынын ешкім білмейді.

Ақыры сұрап жүріп Гүлсинаның телефонын тапқан. Бірақ, ол сөндірулі. Нүрекең осылай екі күн жатқан. Соңғы рет ақыры телефонын көтерді-ау. Қыздар Көкшетауға демалысқа кеткен екен. Нүрекең Гүлсинаны Ақтауға шақырды.

 «Пәтеріңді берем, не  керек жағдайыңды жасаймын, ең негізгісі бұл- сенің өз театрың болады» дегенде қыздар көнді. Келген соң Нүрекең театрдағы барлық артистерге де, жұмысшыларға да бар жағдайын жасап берді. Пәтерлерін алып берді. Тіпті бас режиссер Гүлсинаның әке-шешесін сонау Самарадан көшіріп алып берді. Бір емес, екі қабатты екі үй алып беруге қол ұшын берді. Әйтпесе, жап-жас қызда ондай ақша қайда? Осыны білген Нұрнияз үйдің де, жердің де ақшасын шешіп берген. Иа,бұл тек Мұхановтың ғана қолынан келетін жомарттық еді.

Нұрнияз Мұханов әрі облыстың мәдениет бөлімін басқара отырып, директорлық қызметті қоса атқарып жүріп театрды аяғынан тұрғызды. Сахнаның штанкетінен бастап , киім тігу, бутофор жасау, жарық, музыка дегендердің бәрін өзі қадағалап отырды. Әсіресе, актерлерден бастап техникалық бөлімдегі мамандарды Алматыдағы Т.Жүргенов академиясына 6 айлық курсқа жіберіп оқытқызды. Бұл Мұхановтың таңның атысы, түннің ортасына дейінгі еңбегі -нағыз фанатизм еді. Өнерге деген махаббат, сахнаға деген сағыныш ең бастысы -Нұрнияздың алға қойған мақсатына қалай да жету қағидасы, адами өресінің биіктігі еді.

Нұрнияз Мұханов бүгінгі таңдағы қазақ өнерінде өз орны бар үлкен тұлға. Оның еңбегі тек Маңғыстау өңіріне ғана емес, бүкіл Қазақстанға ортақ. Әсіресе, ол өткізіп жүрген Каспи теңізі маңындағы мемлекеттердің халықаралық театр фестивалі де оның еңбегі. Нүрекең сонымен бірге жас театрға қазақ өнерінің дара тұлғасы Нұрмұхан Жантөриннің атын алып беруге де зор еңбек сіңірген. Осындай кезде  риза боласың. Сабира Майқанова , Ыдырыс Ноғайбаев, Мұхтар Бақтыгереев, Сабира Саттарова, Фариза Шәріпова сынды о дүниелік болған дарындыларға дәл Нұрнияз Мұхановтай дарынды  іні бермегеніне қынжыласың.

Мен Нүрекеңді өткен жолы көрдім. Екеуміз шай іштік. Ол қалжыңдап қояды. Алайда қабағында реніш, көзінде мұң бардай сезілді...Зымыраған уақыт-ай...Нүрекеңнің қоп-қою қара шашы ағарып кетіпті.

Нүрекең қазір театрдан кеткен. Дұрысы-кетірген. Театрдан біреулер арыз жазған деп естідім. Және жазған өз шәкірттері дейді. Атын атамай-ақ қояйын. Себебі Нұрнияз Мұхановтың адамгершілігі, ақтығы, адалдығы әйгілі Айтматов айтпақшы...Ол-биік азамат... Биік... Жасай бер, биік аға...

                                                                                                                       ТАЛҒАТ ТЕМЕНОВ, 

Қазақстанның халық әртісі, кино және театр режиссері

 

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket