“ТШО Жылыой халқын улама” - Құлсары халқы митингке шықты

3091
Adyrna.kz Telegram

Құлсары қаласында аудан әкімдігі ғимаратының алдында  «ТШО» ЖШС мен жергілікті билік өкілдеріне талаптар қойылған бейбіт митинг өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Ақ Жайық порталына сілтеме жасап.

Белсенділер аудандық әкімдікке алдын ала өтініш беріп, 500-ге жуық адамның қатысуына және ұзақтығы 2 сағатқа дейін митинг өткізуге рұқсат алған. Таңертеңнен әкімдіктің ғимараты қасында «жедел жәрдем», өрт сөндіру көліктері тұрды. Полиция жағдайды сырттай бақылауға алды.

Митинг таңертеңгі сағат 10.00-ге белгіленді. Адамдар алаңға 9.00-ден бастап жинала бастады. Ұйымдастырушылар келушілерге «Байтақ болашақ» эмблемасы мен жасыл түсті лентаны, сонымен бірге тәртіп сақтау жөнінде ескертпе парақшаларын таратты. «Мұнайдың иесі халық», «Әлем назарыңды Жылыойға аудар», «ТШО Жылыой халқын улама. ТШО табиғатты аяла», «Ұрпаққа таза ауа. Жарқын болашақ», т.б. плакаттар көтеріп шықты.

Айта кету керек, бұған дейін ауданда экологиялық зардапты жою, халыққа әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсетуді талап еткен екі жиын өткізілді.

Екінші жиында «ТШО» ЖШС бас директоры Кевин ЛАЙОН қатысып, жиналғадардың мұң-мұқтажын тыңдап, «Игілік» бағдарламасы негізінде жасалған жұмыстарға тоқталды.Осыдан кейін жергілікті белсенділердің пікірі екіге жарылды. Аудандық мәслихаттың депутаттары мен кейбір белсенділер бейбіт митингтің қажет еместігін, оған қатыспауға шақырып, әлеуметтік желіде бірнеше видеоүндеу жолдады. Соған қарамастан алаңға көп адам жиналды.

“Мен алғаш Құлсарыға келгенде ауасынан басым ауырып, жәйсіз сезіндім. Бұл жерде экологиялық ахуал нашар, мұны біз тікелей ТШО қызметімен байланыстырамыз. Бұдан басқа, осы жерден мұнайымызды өндіріп жатқандар Жылыой ауданының әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге көбірек қаржы салуы керек деп есептейміз. Біз бүгінгі жиында айтылған ұсыныстар мен талаптарды президент Тоқаевқа жолдаймыз”, - деді “Байтақ Болашақ” Экологиялық Альянс төрағасы Азаматхан ӘМІРТАЙ.

Жергілікті тұрғындар да жұмыс жоқ екенін, болған күннің өзінде жалақсы мардымсыз екенін айтады.

Бізде жұмыссыздар көп, ТШО жергілікті адамдарды жұмысқа алмайды. Жұмысқа алса да жалақысы шетелдіктен анағұрлым аз. ТШО бірінші кезекте жергілікті тұрғындарды жұмысқа алуы тиіс. Ауданда медицина дамымай қалған, дәрігерлер жетіспейді, замануи үлгідегі жабдықтар жоқ. Баспана, жол, көгалдандыру мәселелері ақсап жатыр. Мұнай байлығының қызығын қарапайым халық көріп отырған жоқ”, – дейді Дайрабай Елдесбаев, Райса ТЕЛЕУҒАЛИЕВА және т. б.

Екі сағатқа созылған митинг соңында белсенділер ТШО кеңсесін аудан орталығына көшіру, ауданның 2023-2033 жылдарға арналған экономикалық-әлеуметтік бағдарламасын жасақтау талабымен Қазақстан президенті Қ.Тоқаевқа шығуды ұйғарды.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер