Головкин Деревянченкомен кездеседі

2337
Adyrna.kz Telegram

Геннадий Головкин қиын жағдайға тап болды. Алдағы жекпе-жектен кейін ол IBF титулына үміткер боксшымен кездесуге міндетті. Онсыз бір белбеуден айырылуы әбден мүмкін. Ал GGG-дің басты мақсаты - барлық белбеулерді біріктіріп, абсолютті чемпион атағына жету. Сонда биыл Сауль Альвареске қарсы реваншты көре алмаймыз ба? Әлде, рематч үшін бір белбеуден бас тартуға тура келе ме? Головкиннің командасы нені таңдайды? Атақ-даңқ па? Жоқ, әлде жақсы гонорар ма?

Шыны керек, дәл қазір GGG алдағы жекпе-жекке дайындалып жатса да, алдағы жоспарына қатысты ойы екіге бөлініп жүр. Бір жағынан «Канелоға» қарсы бірінші жекпе-жекте болған әділетсіздіктің жүгі ауыр. Геннадий Головкин өз басымдығын тездетіп дәлелдеуді көздейді. Оны талай рет айтқан. Әрине, гонорардың көлемі де аз емес. Барлық белбеулерді жинап алғанға дейін дәл осындай майлы жекпе-жектерді өткізген тиімді. Артынан абсолютті чемпион атағы үшін таласуға да болады. Осындай сценариймен жүргенге не жетсін? Бірақ бәрі біз ойлағандай бола бермейді екен.

Халықаралық бокс федерациясы (IBF) қазақстандық боксшыға ультиматум қойды. Геннадий Головкин 5 мамырда болатын жекпе-жектен кейін IBF титулынан үміткер украиндық боксшы Сергей Деревянченкомен кездесуі тиіс. Келіссөздерге 90 күн беріледі. Демек, тамыздың 3-іне дейін екі жақтың командалары бір келісімге келіп, жекпе-жекті өткізуі шарт. Ол айқаста Головкин IBF титулын қорғауы тиіс. Негізі, аталған ұйым Мартиросянға қарсы шығуға да рұқсат берген жоқ. Бірақ GGG-дің промоутері Том Леффлер IBF-пен арадағы келісімшарттың «ерекше жағдайға» қатысты тармағын пайдаланып, титулды қорғау міндетін сәл кейінге шегерді. Әлбетте, ондай жеңілдік тегін берілмейді. Ол үшін 20 мың доллардай ақша төлеуге тура келді. Оған қоса, 5 мамыр күнгі жекпе-жекте аталған белбеу сарапқа салынбайды. Головкиннің қарсыласы тек WBA, WBC мен IBO титулдарынан ғана дәмете алады. Осылайша, IBF соңғы рет жеңілдік бергенін көрсетті. Мартиросяннан кейін Сергей Деревянченкомен кездесу керек. Ал оған қарсы шығатын болсақ, қыркүйек айында Сауль Альвареске қарсы реваншты өткізе алмаймыз. Себебі дайындыққа уақыт қалмайды. Оның үстіне украиндық боксшы осал емес. Осы уақытқа дейін 12 жекпе-жек өткізіп, 10 рет нокаутпен жеңіске жеткен.

«Деревянченкоға қарсы жекпе-жек оңайға соқпайды. GGG жеңген күннің өзінде қатты шаршайды. Ол кездесуден кейін бірден қыркүйекте Альвареске қарсы шыққан ауыр болады. Ол үшін украиндық боксшыны алғашқы раундтарда нокаутпен жеңу керек. Бірақ Деревянченко айлакер боксшы, көп қозғалады және джебті жиі қолданады. Оған дәл соққы жасау қиынға соғады. Сондықтан GGG-ге нақты шешім қабылдау қажет. Титулдарды сақтай ма? Жоқ, әлде «Канелоға» қарсы реванш өткізе ме? Екеуін бірдей ұстай алмайды. Головкин 20 жаста болғанда бір айдың ішінде екі боксшымен кездесе алатын еді. Бірақ GGG жас емес», - деп жазды Boxingnews24.com-ның спорт сарапшысы Джим Доэур.

Ашығын айту керек, Головкин қысқа уақыттың ішінде екі бірдей мықты боксшымен бокстаспайды. Сондықтан IBF титулын қорғаймын десе, Альвареске қарсы реваншты кейінге қалдыруға тура келеді. Ал мексикалық боксшы осы мүмкіндікті пайдаланып, өзіне тағы жарнама жасай алады. «GGG қашып жүр!» деп жер-жаһанға жар салуы әбден мүмкін. Сөйтіп, допинг дауы да ұмыт болады. «Канело» болса, қалай дайындаламын, не ішемін, не жеймін десе де, өз еркі. Себебі Неваданың атлетикалық комиссиясы оны алты айға шеттетсе де, тұрақты түрде допинг сынамаларын тапсыруға міндеттеген жоқ. Альварес WBC-дің «Таза бокс» бағдарламасынан да шығып кетті. Себебі дәл осы бағдарлама бойынша Дүниежүзілік допингке қарсы агенттігі (WADA) боксшыны кез келген уақытта ешбір ескертусіз тексере алады. Бүгінде Оскар Де Ла Хойя өз шәкіртін қорғап, жақын арада арнайы жарнаны төлеп, «Таза бокс» бағдарламасына кіреміз десе, ол уәденің қай уақытқа дейін созылатынын ешкім білмейді. Ал танымал боксшылар мен спорт сарапшылары NSAC-тың шешіміне аң-таң.

«Бұл орынсыз қалжыңға ұқсайды. Алты айға дисквалификация, бірақ айыппұл да, тұрақты допинг-тесттер де жоқ. Оны қалай түсінуге болады? Ол дәл қазір үйіне барып, допинг қабылдауды жалғастыра берсе де болады. Былай неге істемеске: алты айға шеттетіп, оның үстіне айыппұл салса, сосын екі жыл бойы ескертусіз тексерістерді жасаса? Егер бір ғана тест оң нәтиже көрсетсе, онда дисквалификацияны тағы біраз уақытқа созу қажет. Әрине, олай істемейді. Олар үшін «Канелоны» допингпен ұстаған тиімсіз. Өйткені тағы ұсталса, 2-3 жылға шеттетуге тура келеді. Ондайда біраз ақшадан қағылатынын біледі. Олай істеуге батылдары жетпейді», - дейді экс-чемпион Пол Малиньяджи.

Айтпақшы, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары шулап кеткеннен кейін атлетикалық комиссияның шешіміне қатысты тағы бір ақпарат тарала бастады. Оған сәйкес, Альварестің шашына дейін зертханада тексеріп шықты. Себебі шашта допингтің ізі ұзақ сақталады екен. Бірақ оның шашынан «кленбутеролдың» ізі табылмады. Сосын тағы бір талап бар. «Канело» келесі жекпе-жектен 21 күн, 15 күн және 3 күн бұрын допинг сынамаларын тапсыруға міндетті. Бірақ аталған шешім де заңсыз заттарды пайдалануға тосқаул болмайтын тәрізді. Себебі кез келген боксшы сынамаға дейінгі уақытын есептей алады.

«Қазір олар шашты тапсырып, допингтің табылмағаны жайында айтып жатыр. Енді, мына бір мәселеге назар аударып көрейікші. Сіз кінәлі болмасаңыз, 15 миллион доллар әкелетін жекпе-жектен бас тартасыз ба? Одан кейін тізеге операция жасатасыз. Содан барып шашты анализге тапсырасыз. Өйтіп, бәрін қиындатудың не қажеті бар?», - дейді танымал бапкер Дерик Сантос-Росарио.

Сонымен, «Канелоның» командасы допинг дауынан да шебер шыға білді. Ал, ең бастысы, олар уақытта созып алды. Қазір Геннадий Головкин 36-да, ал Сауль Альварес шілде айында тек 28-ге келеді. Демек, оған реваншты кейінге қалдырған тиімді. Бірақ жерлесіміз өзінен жас әрі мықты боксшыдан ұтылса, Альвареске титулдар үшін таласқан қиынға түседі. Оны да Golden Boy Promotion-нің жігіттері жақсы түсінеді. Сол себепті реваншты сөзбұйдаға салып, қатты «қақтауға» болмайтынын біледі.

Дегенмен, GGG барлық титулдарды сақтамайын десе, келесі жекпе-жекте Сергей Деревянченкомен кездеседі. Одан кейін соңғы белбеудің иегері Билли Джо Сондерсті көздеуге болады. Әйтпесе, «Канелоның» артынан жүгіре берсек, әбден жүнжіп кететін тәріздіміз. Халықаралық бокс даңқы залына кіру арманымыз да орындалмай қалуы әбден мүмкін...

___________________________________________________________________________________________________________

 

Пікірлер