Жердің «кіндігі»

2714
Adyrna.kz Telegram

Ғылымда үлкен жаңалықтарға түрткі болатын «кездейсоқ» оқиғалар болады. Солардың ішіндегі кең тараған әрі күллі адамға таныс оқиға – Ньютонның басына алманың құлауы. Мұндайда қазақ «құланның қашуына мылтықтың басуы дөп» келді деп жатады.

Археология ғылымындағы да сондай бір қызық оқиға бар. Анадолы даласының Шанлыурфа маңында егін егіп жүрген шаруа ерекше тастарды тауып алып, оларды жергілікті мұражайға алып барады. Тастарды ары-бері қараған мұражай қызметкерлері «Мұның айтарлықтай тарихи құндылығы жоқ. Қаласаңыз осында қалдыра салыңыз» дейді. Сөйтіп тастар мұражай қоймасында тағы біраз уақыт жатады.

Бірде сол мұражайға неміс археологы Клаус Шмидт келіп, әлгі тастарды байқап қалады. Гөбеклі тепе (Göbekli Tepe), яғни «Кіндік төбеден» табылған бұл тастар ғалымның қызығушылығын тудырады. Гөбеклі тепе бұған дейін де, нақтырақ айтсақ өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап археолог ғалымдардың назарына іліккен болатын. Америкалық археолог Петер Бенедикт бұл маңда Византия дәуірінен сыр шертетін жәдігерлер жатыр деп пайымдайды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ал 1994 жылдан бастап неміс археологы Клаус Шмидтің басшылығымен қазба жұмыстары басталады. Жер қойнауынан табылған тастарды көрген ғалым бұл Византия дәуірінен емес, одан да арғы заман – тас дәуірінен сыр шертетін тұрақ екенін болжайды. К. Шмидтің айтқаны дөп келіп, Гөбеклі тепе қойнауынан табылған кешен археология ғылымына жаңалық алып келді. Ғалымдар бұл кешен б.з.д IX мыңжылдықта салынған, жасы шамамен 12 000 жыл дейді. Шеңбер бойымен орналасқан Т пішінді тастар, онда қашалған «суреттер» археологтардың ерекше объектісіне айналды.

Профессор К. Шмидт еңбектерінде «Мынандай алып әрі шеңбер тәрізді механизмді тұрғызу үшін бірге, топтасып еңбек ету керек еді. Сондай-ақ мықты ұйымдастыру мен үйлестіруді қажет еткені көрініп тұр. Осындай топтасу отырушылықтың алғышарттары болуы мүмкін» деген пікір білдіреді. Тастарда қашалған «суреттердегі» аң, құстың, сөмкенің және т.б. бейнелері әлі де зерттеліп,  «сыры» анықталып жатыр.

Тас дәуірінен сыр шертетін нысан бүгінде туристердің қызығушылығын тудырып отыр. Аталмыш кешен Түркияның оңтүстік шығысындағы Шанлыурфа қаласынан оншақты шақырып жерде.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Айта кету керек, Шанлыурфа қаласын ел арасында «Пайғамбарлар мекені» деп атайды. Дерек бойынша бұл қалада Ибраһим пайғамбар өмірге келген, ал Аюп Пайғамбар осы жерде өмір сүрген екен. Сол үшін бұл қалаға адамдар мінәжат ету үшін де келеді. Ибраһим пайғамбар дүниеге келген үңгір, қала ортасындағы «Балықты көл» туристерді көркімен де, әдемі аңызымен де баурап алады. Осы мекенде өмір сүрген Нимрод патша Ибраһим пайғамбарды жалындаған отқа тастайды. Сонда от суға, ал жанып жатқан ағаштар балыққа айналып кеткен екен деседі.

Түркия қазақтар үшін     бейтаныс ел емес. Соңғы жылдары Стамбұл, Анталия, Алания, Измир секілді қалаларына саяхаттап барушы отандастарымыз көп. Ал Түркияның батыс, оңтүстік-батысындағы қалалар – туристер үшін әлі де жұмбақ, құпия мекен. Салт-дәстүрі сақталған, «қаймағы бұзылмаған» ауылдар да осы жақта. Түркияны экзотикалық ракурстан көргісі келетін туристер үшін дәл осы батыс бөлігіндегі қалаларды ұсынар едім.

P.S. Біз Түркияның оңтүстік-батысына саяхатқа шыққалы жатқанда кей адамдар «Ол жақ туристер үшін қауіпті емес пе?» деген алаңдаушылығын білдірді. Бұл қалаларда шетелдік туристер көп болмағандықтан, жергілікті халықтың назары сізде болатынына дайын болыңыз. Сондай-ақ, мектеп жасындағы балалар жүгіріп келіп, «Аяқ киіміңізді сүртіп берейін, ән айтып берейін» деп өтініш білдірсе шошымаңыз. Олар қайыр сұрамайды, жәй ғана еңбекпен ақша тауып жүр. 

 

Жанна Жайлаубайқызы.

Пікірлер