Шымкенттік дәрігерлер бауыр ісігіне жаңа әдіспен ота жасады

2174
Adyrna.kz Telegram

Үшінші мегаполистің дәрігерлері бауыр ісігі диагнозы қойылған науқастарға жаңа әдіспен ота жасауды меңгеруде. Инвазивті эндоваскулярлық әдіс елімізде екінші болып Шымкент қаласында жасалды.

№2 ауруханада бауыр циррозы диагнозы қойылған науқастың асқазан және өңеш веналарының варикозды кеңеюі «CARTO» әдісімен байланды.

– Бауыр циррозында портальді гипертензия, асқазан және өңеш веналарының кеңеюі қауіпті асқынулардың бірі саналады. Соның салдарынан қан кетіп, соңы қайғылы жағдайға соқтыруы мүмкін. Біз ота жасап жатқан науқаста да бұған дейін екі рет қан кеткен. Ал оның алдын алуда аз инвазивті эндоваскулярлық емдеу ең тиімді әдіс саналады. Бүгін ауруханамызға елордалық жоғары дәрежелі дәрігер Евгений Мун келіп, шеберлік сабағын өткізуде. Содан кейін мұндай отаны жергілікті мамандар жүзеге асыратын болады, – деді Шымкент қалалық №2 аурухананың рентген-хирург дәрігері Нұржан Қарабаев.

Айта кетейік, бұл ота наркозсыз, тіліксіз жасалады. Науқас есін біліп, дәрігерлер оның жай-күйін бақылап, өзінен сұрап отырады. Тек оған жергілікті ауырсыну басатын дәрі салынған. Мұндай ота елімізде алғаш рет Нұр-Сұлтан қаласының №1 көпсалалы қалалық ауруханасында жасалған болатын.

Пікірлер