Ресей экономикасы: Қош келдің, 1995 жыл!

3570
Adyrna.kz Telegram

Ресейдің Украинаға басып кіргеніне бір айдан асты. Ресей басқыншылығына байланысты әлем елдері жойқын санкциялар салу үстінде. Алғаш рет 2022 жылдың 22-ақпанында санкциялар салған болатын. Ол Путиннің Луганск және Донецк облыстарын дербес мемлекет деп мойындауымен тығыз байланысты еді. Артынша 24-ақпанда Ресей әскері Украинаға басып кірді. Бұл Батыс тарапынан аса жойқын санкциялар салуға себепкер болды. Ресей 2014 жылдан бері санкция салыну жағынан тіпті Иран мен Солтүстік Кореяны да артта қалдырды. 

Халықаралық экономиканы анықтаушы Fitch рейтингіне сенетін болсақ, Ресейдің жағдайын "дефолт алдындағы ел" деп бағалапты. Дәл осыған ұқсас болжамды Morgan Stanley рейтинг анықтау жүйесі де жасады. Олар Ресей экономикасы үшін ең жақын жағдай, ол дефолт деп бір ауыз сөзбен түйіндепті. Бұл болжамдарды күн сайын Ресейден кетіп жатқан компаниялар мен жұмысын тоқтатып жатқан өнеркәсіп кешендері де қуаттап тұр.

Мамандар сан түрлі пікір білдіруде. Мысалы экономист Татьяна Михайлова былай дейді: "Қарапайым халық әзірге санкциялардың қалай әсер ететінін түсіне қойған жоқ. Шын мәнінде бізді күйреген экономика мен 30 жылға артқа кету күтіп тұр. Адамдар әлі оны түсіне қойған жоқ. Менің ойымша біз 1995 жылға бірақ шегінуіміз мүмкін. Ал егер мұнайға қатысты, эмбарго шешімі толық қарастырылса ше? Біздің бюджетіміздің 30% дан астамы мұнайдың қаражатынан толтырылып келеді. Ресей мұнайына қатысты шешім шығарылатын болса, онда ол нағыз апат болады десем қателеспеймін". 

Бұған дейін Ресей мұнайы мен газын Еуропа мен АҚШ, Канада елдері сатып алмау немесе көлемін азайту туралы шешім қабылдаған болатын. Еуропалық қауымдастық елдері Ресей мұнайы мен газынан екі жылдың ішінде толық бас тарту мүмкіндігі туатынын айтады. Ол үшін Еуропа Катар, тіпті санкция астында жатқан Иранмен келісім жасауға талпынып жатыр.

Ресей экономикасы 15-сәуірде дефолтқа ұшырайды деген болжам бар. Ондай болжамды Morgan Stanley жүйесі жасады. Неге 15-сәуір? Жауап тым қарапайым. Себебі "сол күні Ресейдің сыртқы қарызды төлеу уақыты аяқталады. Ал Ресей 300 млрд доллар бұғатталған алтын резерві мен млрдтаған доллар активтері, санкция салынған банктерінің кесірінен оларды өтеу қабілетінен де, мүмкіндігінен де айырылады" дейді олар.

Ресей экономикасын құтқару үшін "газды Еуропа елдері рубльмен төлеу керектігін" айтты. Алайда Еуропа бұл шартта жазылған талаптарға сай емес деп отыр. Сондықтан да олар бұрынғы шартқа сай доллармен төлейтінін мәлімдеді. Путиннің бұл мәлімдемесінен кейін рубль біршама көтерілді, алайда "ол уақытша құбылыс" дейді мамандар.

Ресей экономикасына Қытай тарапынан қандай да бір көмек көрсетілуі мүмкін. Алайда АҚШ бұл тұрғыдан Қытайға ескерту жасап, санкциялар Бейжіңге де бағытталуы мүмкін екенін ескертті. "Бейжіңнің Еуропамен сауда қатынасы жалпы табысының 40 пайызына тең екенін ескерсек, Қытай ондай қадамға бармайды" дейді мамандар. Қытай ресми мәлімдеме жасап үлгерді. "Біз кез келген қақтығыста келіссөз арқылы шешуге шақырамыз және қандай да бір тарапты қолдамаймыз" деді. Осының өзі "Ресейге көмектеспейміз" деген нақты дәлел.

Ресей соғысты дереу арада тоқтатса, онда экономикасын толық талқандалуынан сақтап қалуы мүмкін. Себебі Батыс Ресей Украина жерінен әскерін әкетсе, бірқатар санкцияларды жеңілдететінін айтты. Дегенмен Мәскеу ол қадамға бармайтын сияқты. Сондықтан біз үшін дүкенде ұзынсонар кезекте тұрған Ресей халқын көру жақын уақытта үйреншікті көрініске айналатын сияқты. 

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер