Украина мен Ресей арасындағы соғыс неден басталды?

3377

1917 жылы 4 желтоқсанда Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасының (РКФСР) Халық Комиссарлар Кеңесі Украина Республикасын мойындағанын жариялады. Ал 1918 жылы Украинада Гетман Скоропадскийдің басқаруымен РКФСР елшілігі пайда болды. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1922 жылы КСРО құрылғанға дейін жалғасты. 1992 жылы 14 ақпанда КСРО ыдырағаннан кейін де тағы Ресей Федерациясы мен Украина арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды. Тығыз байланыста болған «бауырлас» екі ел арасынан бүгінде қара мысық кесіп өтті. Оған не себеп? 

Мәскеу мен Киев арасындағы қақтығыстың тарихы тереңде. Қазіргі соғыс – соңғы 30 жылдағы саясаттың кесірі. Оны шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады.

1990-2003 жыл: Украинаның Ресейден кетуі.

1990 жылдың бірінші жартысында Ресей мен Украина арасындағы Қара теңіз флоты меншігіне және инфрақұрылымына қатысты мәселе үлкен дауға айналды. Мәскеу Киевтің құзырында болған Қырымдағы базаларынан айырылғысы келмеді. Ал Украина Қара теңіз флотының барлық инфрақұрылымы мен мүлкін қайта тағайындауға әрекет етті. 1992 жылы 5 сәуірде Украина президенті Леонид Кравчук КСРО-ның Қара теңіз флотын Украинаның меншігі деп жариялады. Ал 7 сәуір күні Ресей президенті Борис Ельцин де осындай қадамға баруға мәжбүр болды.

1991 жылы желтоқсан айында Украина Ресей және Беларусь елдерімен бірге КСРО-ны тарқатқан  Белобеж келісіміне қол қояды.  Ал Мәскеу Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) және арзан газдың көмегімен ықпалын сақтап қалуға ұмтылды. Алайда ресейліктердің ойлағаны іске аса қоймады. Олар Беларусь елімен одақтық мемлекет құрды. Ал Украина Батысқа жақындай бастады.

Әрине, бұл Кремльге ұнай қойған жоқ. Алайда Украинада КСРО-дан мұра еткен әлемдегі үшінші ірі ядролық арсеналы мен  миллионға жуық әскері бар еді. Ал «Будапешт меморрандумы» кезінде Киев зымырандарын қауіпсіздік кепілдігі және экономикалық көмек үшін Ресейге берді.

Киев Солтүстік Атлантикалық Шарт Ұйымына (НАТО) қосылса, ол елге ықпал ету мүмкіндігін жоғалтады. Алайда Батыс елдері Украианы өздеріне жақын тарта қоймады. НАТО Украинаға әлі есік ашқан жоқ.

1992 жылдың жазында Ельцин мен Кравчук Қара теңіз флотын ТМД-ның стратегиялық күштерінен шығару туралы келісімге қол қойды. 1993 жылы қыркүйек айында президенттер Қара теңіз флотын тең бөлу және инфрақұрылымды бөлісу туралы алдын ала келісімге келді. Алайда Кравчук  Отанына опасыздық жасады деп айыпталып, оппозицияның қысымымен  бөлудің паритеттік принципінен бас тартты.

1994 жылы сәуір айында Мәскеуде Ресей мен Украина президенттері Борис Ельцин мен Леонид Кравчук Қара теңіз флоты мәселесін кезең-кезеңімен реттеу туралы келісімге қол қойды. Нәтижесінде, Украина Әскери-теңіз флоты мен Ресейдің Қара теңіз флоты және Федерация бөлек құрылды.

Ресей посткеңестік онжылдықта экономикалық тұрғыдан әлсіз болды. Ал шешен соғыстары ресурстарын тартып алды. Қара теңіз флотын бөліп, 1997 жылы «Үлкен шартқа» қол қою арқылы Ресей Федерациясы Украинаның, әсіресе, Қырымның шекарасын мойындады.

2003-2013: Посткеңестік достық

Мәскеу мен Киев арасындағы алғашқы ірі дипломатиялық дағдарыс Путиннің кезінде басталды. 2003 жылдың күзінде Ресей кенеттен Керчь бұғазында Украинаның Тузла аралына қарай бөгет салуды бастады. Киев мұны шекараны қайта бөлу әрекеті ретінде қабылдады. Қақтығыс президенттердің жеке кездесуінен кейін шешілді. Нәтижесінде, құрылыс тоқтатылды. Бірақ екі ел арасындағы достыққа тағы да сызат түсті.

2004 жылғы Украинадағы президенттік сайлауда Ресей Виктор Януковичтің кандидатурасын белсенді түрде қолдады. Бірақ алаяқтық жасады деген айып тағып, оның жеңіске жетуіне «түрлі-түсті революция» кедергі келтірді. Батысшыл саясаткер Виктор Ющенко президент болды. Оның жеңісі Ресей Федерациясының саясатындағы өзгерістердің бастапқы нүктесіне айналды.

2008 жылы Бухарестте өткен НАТО саммитінде АҚШ президенті Джордж Буш Украина мен Грузияға Мүшелік әрекет жоспарын (МАП) алуға тырысты. Путин үзілді-кесілді қарсылық танытып, Мәскеу Украинаның тәуелсіздігін толық мойындамайтынын ашық айтты. Нәтижесінде, Германия мен Франция Буштың жоспарына тосқауыл қойды. Посткеңестік елдерге де, Украинаға да, Грузияға да НАТО-ға мүше болу туралы уәде берілді. Бірақ нақты қай күні екені белгісіз…

Әскери альянсқа жылдам өту мүмкін болмағандықтан, Украина Еуроодақпен қауымдастық келісімі арқылы экономикалық интеграцияның бағытын белгіледі. 2013 жылдың жазында Ресей Украинаға жаппай экономикалық қысым көрсетіп, Украинаның шекарадағы экспортын тоқтатты.

2013 жылдың қараша айының соңында Украина үкіметінің Еуроодақпен келісімге қол қоюдан бас тартуына байланысты Украинада жаппай наразылық басталды.

Киевтің орталығында және Еуромайдан деп аталатын аймақтардағы ұзаққа созылған қақтығыс ақыры билікті күшпен басып алуға әкелді. 21 ақпанда Украина президенті Виктор Янукович Киевтен кетті. Билік іс жүзінде оппозицияның қолына өтті. Украина президентінің міндеті Жоғарғы Раданың жаңа спикері Александр Турчиновке жүктелді.

2013 жылдың 23 ақпанында Жоғарғы Рада Янукович тұсында қабылданған Украинада орыс тілін аймақтық тіл ретінде қолдануға кепілдік беретін заңның күшін жойды.

2014 жылдың көктемінде Украинаның оңтүстік-шығысында Еуромайданға қарсы наразылықтар басталды. Келіспегендер орыс тілінің мәртебесі мен аймақтардағы билікті орталықсыздандыру мәселесін шешуді талап етті. Шерушілер Харьков, Донецк және Луганск қалаларында әкімшілік ғимараттарды басып алды.

Бұған жауап ретінде Александр Турчинов Украинаның шығысында қолына қару алғандардың барлығына қарсы антитеррорлық шаралар қолданылатынын айтты. Сол күні Донецк Донецк Халық Республикасының (ДХР) егемендігін және референдум өткізетінін жариялады. Кейінірек Луганскіде Луганск Халық Республикасы (ЛХР) жарияланды.

2014-2021: Қырымды аннексиялау және Донбасстағы соғыс

2014 жылдың 15 сәуірінде ресми түрде Киев Украинаның шығысында әскери операция басталғанын хабарлады. Донбасста полиция бөлімшелері мен Украина армиясының бөлімшелері арасында алғашқы қарулы қақтығыс басталды. Соңғылары Харьковтағы жағдайды өз бақылауына алып үлгерді.

2014 жылдың 11 мамырында Донецк және Луганск облыстарында референдум өтіп, олардың 89,7 пайызы Донецк облысында, 96,2 пайызы Луганск облысында аймақтардың өзін-өзі билеуіне дауыс берген. Кейін мемлекеттік егемендігі жарияланды.

2014 жылдың жазы Украинаның оңтүстік-шығысындағы ауыр шайқастармен есте қалды. Украина президенті Петр Порошенко қызметіне кіріскеннен кейін полиция позицияларына ауқымды қарсы шабуыл басталды. Славянск, Краматорск, Мариуполь, Северодонецк сияқты ірі қалалар украин әскерінің бақылауына алынды.

ДХР жақтастары Донецкке бақылау орнатып, оны Украина Қарулы Күштері мен Украина Ішкі істер министрлігінің қалған бөлімшелерінен тазартты.

Антитеррорлық операцияның украиндық күштерінің шабуылы Иловайск маңында жеңіліске ұшырады. Қоршаудан шығу кезінде 366 жауынгер қаза тауып, 150-ден астам адам хабарсыз кетті.

Соғысты бейбіт жолмен шешу әрекеттері

Украинадағы қақтығысты реттеудің алғашқы әрекеті 2014 жылы 7 сәуірде Женевада Украина, ЕО, АҚШ және Ресейдің жоғары дипломатиялық өкілдерінің қатысуымен өтті. Ал 2014 жылдың қыркүйегінде Украина мен Ресей өкілдері атысты тоқтатуды, қақтығысқа қатысушыларға рақымшылық жасауды, Донецк және Луганск облыстарының жекелеген аудандарына ерекше мәртебе беруді және онда жергілікті сайлау өткізуді көздейтін келісімге қол қойды.

Алайда Донбасста бейбітшілік орнамады. Ал қыста әскери қақтығыстар жаңа күшпен басталды.

ЕҚЫҰ, Украина, Ресей, Германия және Франция басшыларының қатысуымен өткен бірнеше сағаттық келіссөздерден кейін қауіпсіздік аймағын құру үшін екі жақтың бірдей қашықтықта ауыр қару-жарақтарды шығаруын көздейтін екінші келісімге қол қойылды. Қақтығыс ұзаққа созылды. 2016-17 жылдары Донбасста өзара атқылау мен жергілікті маңызы бар шайқастар жалғасып, ауқымды қақтығыстарға ұласты.

Қақтығыстың жаңа кезеңі 2022 жыл: Ресейдің Украинаға қарсы соғысы

2021 жылдың көктемінде Украинаның оңтүстік-шығысында белсенді соғыс қимылдары қайта басталды. Украина қарулы күштері бейтарап аймақтың бір бөлігін бақылауға алу әрекетін жасады. Ресей шекарадағы әскер санын көбейте бастады. Сәуірдің аяғында жағдай қалыпты жағдайға оралғанымен, күзде қайта басталды.

2021 жылдың желтоқсан айының ортасында Ресей Америка Құрама Штаттарына және НАТО-ның басқа елдеріне бірқатар талаптар қойды. Атап айтсақ:

  • НАТО шығысқа қарай одан әрі кеңеюден бас тарту;
  • Америка күштері мен қару-жарақтарын Шығыс Еуропадан шығару;
  • Соққы қаруын орналастырудан бас тарту.

Алайда Ресейдің Украинаға басып кіру қаупіне сілтеме жасай отырып, НАТО Шығыс Еуропадағы әскери қатысуын кеңейтетінін жариялады. Америка Құрама Штаттары Украинаға 200 миллион доллардың қосымша әскери көмегін ұшақпен жеткізе бастады, Польша мен Румынияға бірнеше мың әскерді қайта орналастыра бастады. НАТО-ның басқа елдері де Украинаға қару-жарақ жеткізетінін жариялады.

21 ақпанда Мәскеуде Ресей Қауіпсіздік Кеңесінің кезектен тыс отырысы өтіп, онда ДХР мен ЛХР тәуелсіздігін тану мәселесі талқыланды. Ұсынысты оның барлық қатысушылары қолдап, Ресей президенті Владимир Путин тиісті жарлықтарға қол қойды.

Сол күні АҚШ санкция салды, президент Джо Байден Донецк және Луганск халық республикаларымен сауда мен инвестицияға тыйым салды. Құжат Ақ үйдің сайтында жарияланды.

22 ақпанда Украина президенті Владимир Зеленский үндеу жасап, Киевтің бейбітшілікті жақтайтынын және Ресейдің Донбасс республикаларын тану туралы шешімінен кейін дипломатиялық жұмысын жалғастыратынын айтты.

24 ақпанға қараған түні Владимир Путин Донбассқа ресейлік әскерилер енгізілгенін және әскери арнайы операция басталғанын ресми түрде хабарлады.

Оның мақсатын елді «демилитаризациялау» деп атады. Ресей Федерациясының қарулы күштері Донбасста ғана емес, Украинаның қалаларына және оның әскери инфрақұрылымына соққы берді.

Бүгін Ресей мен Украина арасындағы соғыстың басталғанына тура бір ай. Екі ел арасындағы алауыздық әлі де жойылған жоқ. Соғысты бастаған Ресейліктермен Украина мемлекеті аянбай күресуде. Отанын қорғап қалу үшін Украина жастары да қолға қару алып, жауына тойтарыс беріп келеді. Олардың жігерін қайрау үшін:

«Біз берілмейміз және жеңілмейміз. Біз соңына дейін барамыз, теңізде шайқасып, әуеде соғысамыз. Біз өз жерімізді қандай ауыр шығын болса да қорғаймыз. Біз ну орманда, далада, қалада, ауылда, биік жота мен еңселі тауда, Кальмиус жағалаулары мен Днепр жағасында қан майданға түсіп, жан беріп, жан алып Отанымызды қорғаймыз! Берілмейміз!”, - дейді Украина президенті Зеленский.

 

Дана Нұрмұханбет

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket