Наурыз Шымкенттен басталады

765

Қазақы нақышта безендірілген ақшаңқан киіз үйлер, ұлттық киім киіп, жүздерінде күлкі ойнаған қуанышты жандар, шарықтаған ән мен күй және қазақтың ұлттық тағамдары қойылған ақ дастархан... Осының бәрі Шымкенттегі наурыз тойының сән-салтанатын кіргізіп тұр.

Иә, биыл Шымкентте Наурыз жоғары деңгейде ұйымдастырылып, шын мәніндегі жалпыхалықтық мейрамға айналды. Ұлыстың ұлы күніне орай, үшінші мегаполисте 10 жерде мерекелік бағдарламалар өтіп, тұрғындар мен қала қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

«Наурыз-Думан» атты мерекелік шара «Шымқала» этноауылынан бастау алды. Тарихи кешенде өткен шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, тұрғындарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

— Ғасырлар қойнауынан жеткен Ұлыстың ұлы күні, жыл басы – табиғаттың ғана емес, адамзат рухының да жаңаруының белгісі. Бұл мейрам баршамызды бірлік пен татулыққа шақырып, ортақ іске жұмылдырады. Наурыз – Шымкенттен бастау алады. Дәстүрлі мерекемізге басымдық беру мақсатында наурыз айының әрбір күнін ерекше атап өтуді қолға алдық. Осылайша ұлттық қазынамыз бен тарихи құндылықтарымыз, халқымыздың салт-дәстүрі дәріптелуде. Елімізді шуағына бөлеген Ұлыстың ұлы күні әр шаңыраққа мерейлі шаттық, мол ырыс пен мызғымас ынтымақ сыйласын, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Мерекеде республикаға танымал эстрада әншісі Айгүл Иманбаева мен «Хазар» ұлттық-фольклорлық тобы және дәстүрлі өнердің көрнекті өкілдері әннен шашу шашты.


Наурыз күні Шымкенттің орталық саябағына көп халық жиналды. Бұл жерде Әл-Фараби ауданы әкімдігі, қалалық басқармалар мен өзге де мекемелер киіз үй тігіп, қонақтарға Наурыз көже мен ұлттық тағамдарды ұсынды. Қала әкімі бірнеше киіз үйді аралап, көпшілікті мерекемен құттықтады.

Орталық саябаққа келген тұрғындар кір тасын көтеру, ләңгі, арқан тарту және өзге де ұлттық спорт түрлері мен ойындар бойынша өткен сайыстарды тамашалады.

Шаһар басшысы аталған екі мерекелік шарада да тәй-тәй басқан сәбилердің тұсауын кесіп, оларға ақ жол тіледі.

Наурыз тойын жоғары деңгейде тойлауға Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктер де өз үлестерін қосты.

Ассамблея ғимаратының алдына киз үй тігіліп, дастархан жайылды. Ал, құрметті қонақтар мен қала тұрғындары этномәдени бірлестік өкілдерінің «Армысың, әз-Наурыз!» атты салтанатты концертін тамашалады. Онда әртүрлі этнос өкілдер өз өнерлерін ортаға салды.

Қонақтар мерекелік дастарханнан дәм алып, қала тұрғындарына Наурыз көже мен бауырсақ ұсынылды. Осылайша, Ұлыстың ұлы күнінде бауырмалдық пен қонақжайлықтың жарқын үлгісі дәріптелді.

Мұнан бөлек, Шымкенттегі Арбатта қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі ұйымдастырылса, Әл-Фараби алаңында Маржан Арапбаева, Тұрар Рахымберлин, Ақерке Тәжібаева сынды отандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Жиналған жұрт Наурыз көжеден дәм татты.

Наурыз мерекесіне орай дендросаябақта талантты жастардың қатысуымен түрлі байқаулар мен интерактивті эко-бағдарламалар ұйымдастырылды.

«Шымкент Цирктің» алдына жиналған көпшілік цирк әртістері мен сайқымазақтардың және акробаттардың өнерін тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Сонымен қатар Жеңіс, Металургтер саябақтарында және Қажымұқан атындағы орталық стадионның алдында мерекелік іс-шарлар өтіп, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй тарту етті.

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket