Жалбарын: ол күні Құдай бізбен бірге алаңда жүрді...

9652
Adyrna.kz Telegram

ЖАЛБАРЫН

«Маған жалбарыныңдар. Мен жауап беремін» ©️ Ғафыр:60
«Сендер мені танысын деп бүкіл нәрсені жараттым» ©️ Құдси Хадис

Құдай отырды ғаршы үстіндегі тағында. Ықылымды үнсіз бақылап ойланды. Жерден жалбарына ұшып жатқан тілектер оның күнделікті құлағының мәнсіз дуылына айналып кеткен болатын. Біреуіне беретін. Енді бірін кейінге қалдыратын. Бәрінен шаршаған еді Құдай.
– Осы адамзат неге бейберекет сұрай береді екен? – деп ойлады Ол, – Мен бұлардың сұраған нәрселерінің барлығын да жерде қалдырдым емес пе? Байлықты – еңбекте, Адамдықты – өз болмысында, Сабырды – танымында қалдырдым. Сәл ізденсе, табатын нәрселер ғой. Оларды мен таза болмыста жараттым. Ендеше, неліктен бұлар өз болмыстарына ұмтылудың орнына оны кірлеуге ынтық?! Нені ұмыт қалдырдым мен?
Бостыққа ұзақ қарады. Шексіздікке сыймай кетті Құдай. Арадан біраз уақытты үдетейін десе, ол да Құдайдың жаратқаны еді. Құдай бұл жолы уақытқа тиіспеді.
– Бұлай отыра беруге болмайды! Мен жер бетіне әділдіктің үнін қосып, сан мың пайғамбар мен әулиелерді жібердім. Өздерін дәргейіме алып кетсем де, сөздерімді сол күйі қалдырдым. Ендеше, неліктен адам баласы мен берген игіліктерден алыстауын тоқтатар емес? Не істеуге болады тағы? Хмм… Демек… Адамдардың арасына солардың кейпінде бармақ керек. Көрмек керек. Сезінбек керек. Өз құлдарымның бір ғұмырын сүріп көремін! Солай болсын! – деп ирада етті Құдай.
Ирада еткені сол-ақ екен, Құдай жерде көркем бір кісінің кейпінде тұрды. Өзінің жысымдағы құдіреті адамның тәнімен шектелгені болмаса, өткен кеткен жандардың бәрін де танып, өткені мен алдында не күтіп тұрғанын анық біліп тұрды.

– Не деген шеберлік?! Іші тарлау болса да, керемет қып жаратыппын ғой – деп ойлады Құдай. Басында өзінің жаңа қолдары мен аяқтарына үйренісе алмай, бірден игеріп кетуге қиналып та қалды.
Құдай ұзақ жаяу жүрді. Келген қоғамымен барынша танысуға тырысты. Танып жатты да. Сонша таза болмысқа ие өзі жаратқан адамдардың, қаншалықты деңгейде лас қоғамға айналып жатқанын өз көзімен көріп келе жатты. Адами көз арқылы. Жиіркенді. Жылады. Сезінді. Құдай кірген тән шаршағаны соншалық, қозғалатын күйі болмай қалды соңында. Адамдардың жасаған асын ішіп әлденіп алды. Әрбір күріш түйірі мен ет тілімінің, тіпті тұздың да қайдан һәм кімнен келгенін білетін еді Құдай. Ол бәрін білуші еді. Бірақ, ендігі тұста осыған өзі де күмән қыла бастаған болатын. Күн кеш болғанын көрген Құдай тынығып демалу үшін өзінің үйіне қарай беттеді. Түнгі ғибадат аяқталуын күтті де, мешіттің есігін ашып ішіне енді. Адамдар өзіне арнап салып берген үйінің сәулетіне сүйсінді Құдай. Қабырғаларында көркемдеп жазылған өзінің сөздерін бірсыпыра оқып шықты. Күнімен толқыған көңілі орнына келгендей болып, төр тұсынан жылы орын тапты да, білегін мойнына салып ұйқыға қамданды. Сол-ақ екен, есік жақтан көзіне әлдебір жарық шағылысты да, адамның даусы естілді.
– Кім бұл? Ғибадат бітті! Неғып жатырсың мұнда?! – деп жекіре сөйледі адам.
– Саған барша игіліктер мен жақсылықтар болғай! Мен өз үйіме түнеп кетуге келдім. Мазалап қойсам, айыпқа бұйырмағайсың! – деді Құдай жылы жүзбен.
– Үйі несі? Астапыралла! Есің дұрыс па өзіңнің? “Үйім” дейді ғой. Құдайдың үйі бұл жер. Тез арада шық мына жерден! Мұнда ұйықтауға болмайды! – деп әлгі адам қарауылдарды шақыра бастады.
Өзінің кім екендігін түсіндіргісі келді Құдай. Бірақ, оны ешкім де тыңдаған жоқ. Артынан бірнеше қарауыл кіріп келді де, Оны иығынан нұқи сүйреп, далаға шығарып жіберді. Басқасы басқа Құдай дәл осындағы құлдарының қандай екендігін өте жақсы білетін еді. Сондықтан болар бұл пенделеріне ренжи қойған жоқ.
Қанша уақыт өткені белгісіз һәм бағытсыз күйде жаяу жүріп келе жатты. Денесі тоңып жатқанын сезді Құдай. Жол бойында тұрған аялдамаға барып отыра кетті. Әлсіреген күйі көзі іліне бастағаны сол еді, әлдебіреу түртіп оятты Құдайды.
– Ассаумайкум! Бәрі дұрыс па, бауырым? Неғып отырсың мұнда? – деді адам.
– Еее, үйімнен шығарып жіберді ғой жаңа. Баратын жер таппай, тоңып осында отыра салып едім, – деп жауап берді Құдай бейтанысқа.
– Қой, бауырым! Қазір күн суық қой. Тоңып, ертең мәйітіңді алып кетсін демесең, кеттік біздің үйге. Сонда қона саласың. Сен де бір қазақтың баласысың ғой. Өмір болған соң, боп тұрады ондай-ондай. Ең бастысы құдайдың көзі тура болсын! Тұра ғой! – деп әлгі адам Құдайдың иығынан демей бастады.
Құдай көзін ашып адамға анықтап қарады да, бірден таныды. Бұл жігіт былтыр ауырған анасы үшін ем сұрап талай жалбарынып еді өзіне. Емделуін ақ халатты пенделерінің қолына қалдырған болатын Құдай. Олар құтқармады. Сонша дұғасына аз ғана құлақ аспағанына іштей ұялды да, адамның соңынан ере бастады.
– Менің атым Жігер болады. Сенікі кім, бауырым? – деп сұрады адам.
– Қайсібірін айтайын? – деді Құдай күбірлеп.
– Қайсысы болғанда, өз атыңды айтсаңшы! – деп жарқын күліп жіберді адам.
– Мен Мұхитпын! – деп жауап берді Құдай.
– Қуаныштымын, Мұхитжан! Түріңе қарасам, үйсіз диуанаға ұқсамайсың. Қарап жаным ашып кетті да. Алып кетейін деп шешкенім сол ғой. Әйтпесе, небір адамдар бар ғой өзің білесің.
– Білемін… Әрине, білемін! Бәрін… – деп Құдай мұңайған күйі жауабын қысқа қайырды.
Жігер сол күні Құдайға өткенінің бәрін айтты. Анасы ауруханада жатқанда әлі құтқаруға болатын жерінен дәрігерлердің әділетсіздік қылып ақша сұрағанын, соны табамын деп бар дүние мүлкін сатып бергенімен, бәрі жақсы деп үйіне жібергенін айтты.
– Сол күндері Құдайға жалбарынумен болдым. «Анамның көретін жарығы бар шығар» дедім. «Менің анам Құдай берген ғұмырының бейнетін ғана көрді ғой. Зейнетін де көретін күні болар, Құдай әділетті ғой» дедім. Өйткені Құдайдан басқа сенерім қалмаған еді. Анам үйге келген соң, бірнеше күннен кейін дүние салды.
Құдай үнсіз тыңдады. Ол бәрін білетін еді… Құдай ауыр ой үстінде жатқан күйі көзі ілініп кетті.

БҰЛ БІРІНШІ КҮН БОЛАТЫН…

Келесі күні Құдай ертерек жолға шықты. Қаланың шеткі шағынаудандардың бірімен жүріп келе жатты. Күнделікті күйбең тірліктің орайымен жолға шыққан абыржулы адамдарды көрді. Бәрін танитын еді Құдай. Дұғаларында әлдеқайда шүкіршіл сезілетін бұл адамдарың бейнесі соншалық жан ашитын күйде екенін адам көзімен көргенде ғана ұғына бастаған еді. Адам тәнінде мұндай ауыр хәлді сезініп жүру оңай болмады Құдайға. Бұл қоғамды әрі қарай танымақ үшін алға қарай жүре бастады. Бір мезет жол жиегіндегі орны ауыр, бірақ, мінәжаттары шынайы сезілген ғимараттың алдына келіп тоқтады. Есігінің алдында “Балалар үйі” деген жазу тұр екен. Құдай осы бір үйдің ішіне қарай беттеді. Екінші қабаттағы бөлмеге кіргені сол еді, бір-бір бұрышта отырған балалар мұның келгенін көрді де, есікке қарай жамырай жүгірді. Құдайдың бұларға әкелген ештеңе жоқ еді. Балалар онысына мән де берген жоқ.
– Ағажан, бізге қосылыңызшы! Бүгін біз крокодил ойнап жатырмыз! – деп балалар Құдайдың қолынан тартып ортаға алып келді де, кезекпен өздерінің есімдерін айтып таныстыра бастады.
– Ал, сіздің атыңыз кім? – деп сұрады кішкентай қыз.
– Менің есімім Раззақ! – деді Құдай күлімдеп.
Раза? Разақ? “Қазақ” деген сөзге ұқсайды екен ғой! – деп танысқандарына мәз-мейрам болды балалар.
Құдай әлгі балалардың арасында өзін аздап мұңлы, бірақ сондай жайлы сезінді. Өзі жаратқан қуаныш сезімін енді ғана бойынан өткеріп жатқандай күй кешті. Ол осы балаларға қатты ұқсайтын еді. Құдайдың да әке-шешесі жоқ болатын…
Көп өтпей-ақ әлгі балалар Құдайға қатты бауыр басып кеткені соншалық, өздері білетін тағдырын бөлісіп жатты. Бірі туған үйі жайлы айтса, енді бірі өмірінде әкесімен жеген ең дәмді балмұздағын, тағы бірі анасынан қалай айрылғандарын айтты. Кейбірі жылап қалды. Ендігісі жай ғана суық жүзбен тыңдады. Бәрін де тыңдады құдай. Барлығының тағдырын біліп отырды Ол.
– Жандарым әшейін! – деді Құдай мейірлене, – Сендерге бір құпияны ашайын бүгін. Мен бәріңді де білемін. Үнемі естіп жүремін.
– Қайдан білесіз бізді? – деді балалар таңырқап.
– Өйткені, мен Құдаймын. Мен бәрін білушімін. Сенесіңдер ме?
– Өтірік айтасыз ғой, ағажан. Құдай аспандааа емес пе? Бізге солай айтқан! – деді кішкентай бала қабағын салып.
– Әрине, мен биікте отырамын. Бірақ, бәріңе қарап отырамын. Бірақ, осы жолы сендерді көру үшін аспаннан жерге түсіп келдім.
Балалардың құлағы елең ете қалды. Құдайдың жансүйсінер ашық болмысы мен көрсеткен мейірімі ендігі жерде балаларды шынында сендіре бастаған еді.
– Мен сендерді ешқашан тастамаймын. Үнемі сендермен біргемін! Соны ұмытпаңдар, иә?! – деді Құдай балалардың бастарынан сипаған күйі. Сол-ақ екен балалардың жүрегінде ғайыптан бір тәскін келді.
Күн кешеуілдеп қалғанын көрген Құдай балалармен қимай қоштасты да, шыға беріске қарай беттеді. Сол-ақ екен артынан нәзік қадамдарымен жүгіріп бір кішкентай қыз шықты да:
– Ағажан, бір ғана нәрсе сұрайыншы! – деді көздері жәутеңдеген күйі.
– Айта ғой, айналайын! – деді Құдай қыздың алдына тізерлей еңкейіп.
– Сіз расымен Құдай болсаңыз, менің анашыма барып “Меруертті тезірек алып кетші. Сені қатты күтіп жатыр екен!” деп өтініш айтыңызшы…
Құдай әлгі қыздың маңдайынан бір иіскеді де, басын изеді. Құдайдың көзінің асты жыбырлаған күйі, тамағын өксік шалмай тұрып балалар үйінің қақпасынан шығып үлгерді. Сол күні көз жасынан жүзінің терісі сан жарылғанша жылады Құдай…

БҰЛ ЕКІНШІ КҮН БОЛАТЫН…

Құдай таңға дейін ұйықтай алмады. Шаршау еді. Онысына қарамастан Ол қаланың орталық жағын көрмек болды енді. Бұл жақтағы адамдардың жүріс-тұрысы басқаша болып көрінді Құдайға. Алыстан “Қалалық әкімдік” деген жазуды көрді. Әкім” әділетті һәм қателіктен пәк Құдайдың өз есімі еді. «Бұл қоғамдағы әділет орнатып отырған менің үйім осы жер болар» деп ойлады да сонда қарай жүре бастады. Біраз жақындап еді әкімдіктің есігінің алдында тұрған ондаған әйелдерге көзі түсті. Бар зарын айтып айғайлап жатты әйелдер. Аздап кідіріп қалды Құдай. Қолдарында әлдебір жазулары бар екен. “Әділдік талап етеміз!” Әділет үйіне келіп, тағы да әділет сұрап жатқан әйелдердің күйін адамша ұғынғысы келді де.
– Амансыздар ма?! Не болып жатыр мұнда өзі? – деп сұрады Құдай.
– Сіз кімсіз өзі, аға?
– Менің атым – Һәкім! – деді Құдай, – Не әділет сұрап жатырсыздар?
– Аты Һәкім емес, мына ғимаратта отырған әкімнің өзі керек бізге. Бірауыз шығып, түсіндірсе болады ғой. Еткен еңбегіміздің ақысы – мардымсыз. Жәрдемақыны да жарытпай отыр. Үнемі уәде береді де, орындамайды. Шиеттей баламен бергендері не анаған жетпейді, не мынаған жетпейді. Қиналып кеттік, аға! Сіз де бір осы елдің азаматысыз ғой. Кіріп барып сөзімізді жеткізіп шығыңызшы, Құдай үшін! – деді көзі жасаурап тұрған келіншек.
Құдай әкімдіктің есігін ашып ішке кірді. Әкімді көрмек ниетін білдіріп еді, босағада отырғандар бірден қайтармақ болды. Онымен кездесу үшін арнайы тіркеуден өтіп күту керектігін айтты да, қарауыл есікті көрсетті. Жауапты адамдарға сөзін айтпай шықпайтынын білдірді Құдай.
– Әй, сендер тұрған мына жердің үсті мен астында әлемнің жартысына жетер байлық жатқан жоқ па? Далада тұрған балалы әйелдерге аздап болсын көмек беруге жетпей ме сол? Бәріне де ризықты әділ бөлсін деп сендерге осы жауапты істі тапсырдық қой. Осындай нысапсыз пенде болармысыңдар. Мен адам болғалы беріп соны айтып келемін! Мойынұсынғаның екі дүние рақатта боласыңдар! Әйтпесе, мына тірліктерің үшін о жақта жағдай қиын болады. Ақыл жұмсап ойланыңдар бір сәт! – деді Құдай жан даусын шығарып.
Сол-ақ екен Құдайдың артынан бір жасақ келді де, қолын қайырып жерге құлатты. Жер тістеп жатқан жерінен бір шенді келді де Құдайға еңкейіп қараған күйі:
– Туса, өздері үшін туған жоқ па, ана қатындар?! Ертең бұларды қалай асырайтынын төсекке жатарда ойлануы керек еді! Бас-басына туып алады да, енді бізге келіп қайыр сұрап тұрады осылай. Біз не оларға қайырымдылық қоры ма едік? Аулақ жүрсін! – деді жиіркенген түрмен.
– Олай емес, бауырым! Барлық баланың өз несібесі бар. Ол несібе біреуге біреудің себебімен жетеді. Сол несібенің жүйесін бұзбау керек қой, бұзбау керек. Сендер не істеп жатсыңдар өзі?! – деді Құдай ашынып.
– Алып кетіңдер мынаны да! – деп бұйырды шенді адам.
Полиция қызметкерлері Құдайды қалалық ішкі істер бөлімі ғимаратынан шығарған кезде түн ауа бастаған екен. Әкімдіктен алып кетер шағында айналасына қарағанда, ол үйдің ішіндегі пенделерінің көбі негізінде әділетсіз, білімсіз һәм ашкөз екенін көрді Құдай. Өздеріне берілген аздаған биліктің буына мас екенін түсінді. Ол бәрін түсінуші еді. Осы жолы ол тек бәрін жай биіктен түсінген кейіп танытушы боп келгендей сезінді өзін. Көңілі бұрын-соңғы болмағанда құлазыды Құдайдың…

БҰЛ ҮШІНШІ КҮН БОЛАТЫН…

Келесі күні Құдай ауыр бір хәлде көше орындықтарының бірінде оянды. Әлдебір соққыдан басы ісіп кеткен екен. Кеше өзіне сезілмеген болса керек. Полиция бөлімшесінде не болғанын әрең дегенде есіне түсіре алды. Бұл қоғамды құртып жатқан түбі білімсіздік деп ойлады да, оның себебін ұғынбақ үшін білім беретін ғимаратты іздеді Құдай. Кітап пен қалам бейнесі бар ғимараттың алдына келіп тоқтады. Бір сәт кідірді де ішіне кірді. Күткеніндей болмады Құдайдың. Өзінің Білуші болмысынан адамзатқа дарытқан қасиеттердің бір тамшысын да сезіне алмады. Өткен-кеткенде бағып отырды Құдай. Бір мезетте Оның қасына жас студенттер келіп отырды.
– Төртінші пар болмағаны жақсы болды, дә?! Күттік деп айтамыз сұраса! Өткендегідей ұсталып жүрмейікші! – деді арасындағы бірнеше жас адам өзара.
– Білім берілген кезде алу керек қой, жастар! – деп Құдай әңгімеге қосылды. «Жердегі адамға ең әуелі «Оқы!» деп бұйырмап па едім?»...
– О-о-ой, аға, осы жерде бір білім береді дейсіз бе? Жай диплом керек болған соң амалсыз жүрміз ғой, – деді біреуі.
– Білікті адам боп жетілсеңдер болды емес пе? Маңыздысы қағаз емес қой!
– Аға, шыны керек мұнда біз жай грант үшін түскенбіз. Ата-анамыз үш жұмыста істейді. И то айлықтары жетпейді. Әйтпесе, бұл біздің қалаған мамандық емес қой.
– Сонда не қалайсыңдар? Сендерге ерік берілді емес пе? Неге пайдаланбайсыңдар? – деп сұрады Құдай.
– Шыны керек, арамызда өздері қалап түскендер де бар ғой. Бірақ, бәрібір сессия кезінде жабу үшін ақша беруің керек. Әйтпесе, мың жерден жақсы оқысаң да өткізбейді бізді. Сіз өзіңіз кімсіз, айтпақшы?
– Мен есімім Әлим! – деп жауап қатты Құдай.
Құдай бұл пенделерінің барлық мұңы мен мәселелерін үнсіз тыңдады. Кей тұсымен келісті. Кей тұсында тереңірек қарады. Құдай бұл жастарды танитын еді.
– Жақсы онда Әлим аға! Бізді көрмедіңіз ғой, неғыса, иә?! – деп жас адамдар өз жолдарымен тарап кетті.
– Көрмедім..? – деді де мырс етіп жымиды Құдай. Ол расында бәрін көруші еді.
Білім үйінің ішіне кірген Құдай ұстаздық етіп жүрген адамдарға көз салып шықты. Олардың болмысында білім тарату ықыласы жоқ-тын. Өйткені, олардың ешқайсын Құдай бұл уәзипә үшін жаратпаған еді. Мұнысын Құдай да, олардың өздері о баста білген еді, өкініштісі…

БҰЛ ТӨРТІНШІ КҮН БОЛАТЫН…

Ертесі күні Құдай түс ауа ұйқысынан оянды. Басының ауырғаны әлі кетпеген екен. Төрт күн бойы нәр тартпаған еді. Өзінің Құдай екенін әрең есіне түсірді. Қала көшелерінде мәнсіз бір халде жаяу келе жатты Құдай. Есі кірді-шықты кейіпте өткен-кеткенге қарап, бірін есіне түсіре алса, енді бірін толық тани алмады. “Мен Құдаймын! Мен Ұлы Жаратушымын!” деп бірнеше рет қайталады ішінен. Адам тәнінің мүмкіндіктерінің шегі сол болар, бәлкім. Қатты шаршады.
Түннің бір шағында жер үйлердің арасымен әлсін жүріп келе жатты. Құдайы қонақтық қылғысы келіп, оқшаулау тұрған бір есікті қағып көрді.
– Бұл кім? – деді әр жақтан әйел даусы.
– Құдаймын.
Үйдегі екі дауыс өзара күбірлесе бастады.
– Не дейді? «Құдайы қонақпын» дегені шығар. Кіргіземіз бе?
– Қой, құрсын, есі ауысқан біреу шығар. «Құдаймын» деп тұр ғой, – деді әйел даусы.
Құдай сақтасын, ашып қарайық.
Қой, Құдай сақтанғанды сақтайды, қайтесің?
Дауыстар ұзай берді. Үмітсіз тағы бірнеше есікті қақты. Ешкім ашпады.
Көше бойында келе жатып, алдынан бір жігіттің сұлбасы көрінді. Жақындай келе жүзіне қарады да әлденені түсінгендей болды Құдай.
– Асқар! – деп шақырды Құдай әлгі жігітті.
– Амансыз ба? Сіз мені танисыз ба? – деп сұрады адам.
– Танимын. Танитын сияқтымын. Қайда кетіп барасың түн ішінде?
– Жұмысқа кетіп барам!
– Өтінем, бүгін бармай-ақ қойшы жұмысыңа. Өтінем! – деді Құдай әлсіз дауысымен.
– О-ой, қайдан бармайын, көкем?! Өзі бір тұтам үйде тұрамын. Күндіз бір жұмыстамын. Түнде екінші жұмысым бар. Бала-шағаны асырап отырмыз ғой соған қарап. Бір күн бармасам, қожайын жұмыстан қуып шығар! – деп жауап қатты жымиып.
– Тыңдашы мені, Асқаржан. Менің атым Зайыр! Үйіңе қайта ғойшы, айналайын! – деді даусы жалынған күйде.
– Қош болыңыз, Зайыр! Айып етпеңіз, басқа амалым жоқ… – деп алға жүріп кетті адам.
Құдай әлдебір асығыс күйде алға қарай адымдай бастады. Барлық әлін сарып етіп келе жатты. Әлі құтқаруға болатын сияқты. Үлгеретін сияқты. Неге осы мезетте көкте емес, тәнде болып қалдым екен деп іштей өзіне қапалы келе жатыр.
– Ә-ә-әй! Кім б-а-а-ар! Анау үй құриды қазір! Кім ба-а-ар, тезірек құтқарыңдар! – деп қарылған даусымен айғайлай бастады Құдай.
Көшеде үнсіздік. Бірақ, Құдай әлі де бәрін білуші еді.
– Құтқарыңдаршы анау үйдегілерді…
Соңғы дәрмені таусылды да Құдай жерге тізерлей құлады. Көзі қарауытып, есінен танды…
Көшенің басындағы кішкентай ескі үйдің есігінен үдеп шыққан өрт аздаған уақыттан соң сыртымен қосып орап кетті.
- Мынаны шығара салыңдар! – деген қатқыл дауыс естілді.
- Бұл емес пе екен? – деп сұрады жас полицей қызметкері.
- Жоқ, өрт ескі үйдің жылу жүйесінің ақауынан шыққан екен. Сол жердегі адамдар мынаны көрген екен көшеде. Бөлімшеге әкеліп мойындатпақ болып едік. Одан ештеңе шыққан жоқ. “Мен Құдаймын!” деп далбасалап жатыр. “Құдай болсаң өзіңе!” деп жігіттер біржақты етіп қойды өзін. БОМЖдар жататын бір жаққа апарып тастай салыңдар, давайте! Тееез-тееез! Неғып тұрсың?!
Денесі толықтай суық алған Құдай қардың арасынан әлсін-әлсін іші қанталап кеткен көзін жыбырлатқандай болды. Өткен күнгі өрттің ішіндегі “әкелеген” дауыстар Құдайдың құлағына әлі де әлсін-әлсін естіліп жатқан еді…

БҰЛ БЕСІНШІ КҮН БОЛАТЫН…

– Мен қайдамын? Қайдамын? – деді Құдай көзін аша.
“Қонағының” оянғанын көрген жігіттер Оған жақындады да күлді.
– Братан, сені пәшти тірілтіп алдық қой! Қайта Құдай сақтапты! – деді еңсекей бойды біреуі, – Біздің үйдесің қазір.
– Мен кіммін? Не істеп жүрмін мұнда?
– Сенің кім екеніңді білмейміз, ағасы. Әйтеуір, кеше түнде келе жатсақ көшеде ыңырсып жатыр екенсің ғой. Үсті-басың қанжоса. Қалдырып кетуге арымыз жібермеді ғой. Содан үйге әкеліп жылы тамақ беріп, өзіне келер деп төсекке жатқызып қойдық.
– Мен кіммін..?
– Білмедік, братан! Әділ дедің-ау, шамасы. Анық есімізде жоқ. Есіңе түссе айтасың ғой. А так, демала бер! Бізге зияның болмаса, саған зиянымыз жоқ. Қарапайым жұмыстағы жігіттерміз ғой. Осында келіп адал еңбегімізбен бес теңгемізді тауып кетейік деп жүрген да, – деп Құдайдың иығынан қағып қойды әлгі адамдар.
Қанша сағат өткені белгісіз еді. Құдай дәрменін жинай бастағандай болды. Табалдырықта сырткиімдерін киіп жатқан жігіттерге көзі түсті.
– Қайда барасыңдар? Мені тастап кетпеңдерші, – деп сұрады Құдай.
– Алаңға кетіп барамыз! Әділет сұрап, елдің, халықтың болашағы үшін барып қосылайын деп жатырмыз! – деді бірі аздап умаждалған көк туын шығарған күйі.
– Әділетті кімнен сұрайсыңдар сонда?
– Бейбіт шеруге биліктен сұрап шығамыз!
– Мен де барайыншы онда! – деп орнынан қинала тұрды Құдай…
Әділдік пен елдікті ұрандатқан адамдардың арасында Құдай да келе жатты. Өзіне келмеген болса да, әйтеуір әділет іздегені еміс-еміс есінде қалыпты. Бейтаныс әнді бәрі жабыла айтып жатты. "Менің елім, менің жерім..." Айналасына қарап қасында келе жатқан мыңдаған жастың жанарынан шынайылықты сезініп жатқан болатын. Даусы білінер білінбес болса да, адамдарға қосылып, “Әділет!” деп айғайлап келеді. Шынайы сұрады. Бұл алқаның арасынан Құдай шын мәнінде адамның асыл күйін көріп келе жатты. Есіне түсе қалса адамзатты дәл осылай жаратқанына өзіне мақтаныш кернер ме екен? Бірақ, оны ұғынған күнде де дәл осы сәтте ол сауалдардың Құдай үшін мәні азырақ сияқты еді. Әйтеуір, адам күйінде бірінші рет Құдай өзін бақытты және еркін сезініп келе жатты…
Көшенің басына жақындағанда кенеттен әлдебір көлік бұлардың тобын сүзіп өтті. Онсыз да тәні ауыр тұрған Құдай әлгі соққыдан біршама жерге ұшып түсті. Орнынан тұра бергенде белгісіз бір тараптан жарылыстар болды да, жиналған жұрт жапатармағай жан-жаққа сабыла жүгіре бастады. Орнынан тұра бергенде аяғының астынан тағы бірнеше зат жарылды да, құлағын бітеп тастады. Көзін ашып денесінің жарақаттанғанын сезді Құдай.
– Әй, не істеп жатсыңдар өзі? Адамбыз ғой біздер! Аясаңдаршы! Әділет қайда-а-а?! – деген жанайқайын шығарды Құдай. Арғы жақ оған қарап жатқан жоқ еді. Миды борандатқан жарылыс тоқтайтын емес. Айналасына қарағаны сол еді денелері жер құшып қимылы білінер-білінбес бірнеше адам көзіне оттай басылды. Еңбектеп келіп біріне жақындады. Талықсып жатыр екен. Құтқаратын да ешкім жоқ… Көтеретін шамасы жоқ. Өзі де ессіз бір күйде алаңның алдында боздап жатты.
Құдай бір мезет басын көтерді де, тізерлеп отыра қалды. Өзінің кім екенін әлдеқашан ұмытқан Құдай сол отырған күйі аспанға қарады да, көзінде парлап аққан жаспен екі қолын биік көтеріп әлдебіреуге жалбарына бастады:
– Ееей, Құда-а-а-ай! Құда-а-а-ай! Көзің қайда? Неге бізді ұмыттың? Мына әділетсіздікке қалайша жайбарақат қарап отырсың? Уа-а-а, Жаратқан-а-а-у! Мына әділетсіздіктен құтқара гөр бізді! Сен бәрін көруші де білушісің едің ғой! Құтқаршы… Мыналарды құтқара гөрші… Бұл халықтың не жазығы бар? Бұл қоғамның не жазығы бар? Бұл елді емес, бұл елді қанап біткен жауыздардың жазасын бер! Бір сәт назарыңды бұрып көз сала гөр, бізге де. Әділетіңді көрсетші, я Жаратушы! – деп тоқтаусыз сұрап тұрып, келесі түскен жарылғыштан жерге сылқ ете түсті. Көзі мен демін бітеген түтін әлсіретсе де, ерні жыбырлаған күйі мінәжатын жалғап жатты Құдай.
Жалбарынып жатқаны Өзі еді…
Ол күні Құдай адамдармен бірге алаңда жүрді де жоғалып кетті.

БҰЛ АЛТЫНШЫ КҮН БОЛАТЫН…

…Ерте таңда тәнінде бірде-бір сау сүйегі жоқ, жүзінде жерге түскен кезіндегі көркемдіктің зересі де қалмай, тырнақтарының асты қанжоса ойылып, ауызында бір түйір сау тіссіз, терісі үтіктің ізімен өрнектелген Құдайдың денесі тергеу изоляторының камерасынан табылды…

БҰЛ ЖЕТІНШІ КҮН БОЛАТЫН…

«Ол Рахман (Жаратушы), ғаршыға көтерілді» ©️ Таһа: 5
…Өзі жаратпаған жоқтыққа қарап отырды Құдай…

Майкл ШЕРІМБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер