Жастық жалын мен амбицияны елемеуге болмайды! - Нұрлан ТӘШІМТЕГІ

12989
Adyrna.kz Telegram

XXI ғасыр - ақпараттандыру заманында өзімізге ғана тән ұлттық мінезіміз бен табиғат-болмысымызды даралайтын басты байлығымыз - ұлттық құндылықта­ры­мызды ұрпақ санасына дұрыс сіңіріп, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуде арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, тәлім мен тәрбиенің таразы басын тең ұстау өзекті мәселеге айналып отыр. Қазіргі қазақ жастарының тыныс-тіршілігі қандай? Еліміздегі жастарға арналған қазақша контенттің бүгінгі жай-күйі ше? Өскелең ұрпақ мемлекеттен қандай қолдаулар күтеді? - сынды сұрақтар аясында “Адырна” ұлттық порталының тілшісі Қызылорда облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі КММ-нің директорының орынбасары, журналист Нұрлан Тәшімтегі мырзамен сұхбат жүргізді.

-  Нұрлан Серікұлы, өзіңізді елін шын сүйетін ұлтжанды азамат ретінде жақсы танимыз. Жалпы ұлтты сүю неден басталады?

- Отанды сүю отбасыдан басталса, ұлтымызға деген сүйіспеншілік ұлттың дүниетанымы мен құндылықтарын, салт-дәстүрі мен мәдениетін, ардақты әкенің қанымен, аяулы ананың ақ сүтімен бойға дарыған бітім-болмыс пен мінез-құлыққа құрмет пен қабылдаудан басталады дер едім. Отаншылдыққа баулу ұлттық құндылықтар арқылы жүзеге асады. Сондықтан халқымыз адамгершілік, парасат, азаматтық, ізгілік қағидаттарын негіз ете отырып, құрсаққа біткен баланың өзіне ұрпағым ұлықты болсын деп ұлттық тәлім-тәрбиенің кірпішін қалаған. Сол кірпіш уақыты жеткенде қорғанға айналады, ұлтын сүйетін ұл-қызының да, ұлан – асыр даму көшінің өн бойында сан қилы кезеңдерді өткеріп келе жатқан ұлтымыздың да. Өздеріңіз де байқап отырсыздар, бүкіл әлемдегі ахуал сәт сайын өзгеріске ұшырап жатқанда, телегей теңіздей тұңғиығын сақтап тұрған, елдіктің тірегіне айналған - ұлттың құндылықтары. Онда осы бір өзгермес қадір-қасиетімізбен ұлтымызға деген сүйіспеншілікті етене байланысты қарастыру қате болмас.

- Елімізде былтырдан бастап «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында «Ел Рухы» бағыты қолға алынды. Құлдық сананың тар шеңгелінде әбден тұншыққан қазақтың рухын қалай оятамыз?

- Алаштың тамшы бағы, қазақтың шамшырағы ол - найзағай намысы. «Рухы өр, тәні бекем, бұл бір қайсар халық екен, тірліктен де артық қойған бірлікті» - деген сипаттама, сайып келгенде дөп тауып айтылған суреттеу, қазақтың, қазақылықтың түпқазығы – рухында екенін айқындап тұр. Қалың қазақты, оның рухын ояту елдікке, ортақ идеяға жұмылғанда көктемгі бәйшешектей бүр жарады. Ал елдігіміз – ынтымақ-бірлікте, жалпыұлттық идеялар халқымыздың ашық аспан астындағы бейбіт күндерін, берекелі тіршілігін нығайтатын өркениетке қарыштап қадам басуға саяды. Сол жолда тіл, дін, мәдениет, ғылым, білім, әдебиет, руханият, өнер сынды аса маңызды аспектілерді дамытқан жөн. Тұлғалық жетілуге бет бұрған халықтың таным-түсінігі де тереңдей түспек. Көкжиегі кең адам баласының өзін тануға сана-сезімі жетерлік. Абайша айтсақ, жүрегінің түбіне терең бойлаған қазақ баласы небір сырлары мен жұмбағын шеше отырып, рухын оятады. Жоғарыда айтылған аспектілерді әркім өз қалауынша, сұранысына қарай таңдайды. Бірі тарихтан, екіншісі өнерден өз керегін табар. Табады да, рухыңа берік сақтар. Адамның жадынан да, жүрегінен де берік жазып-сақтап отыратын рухымыз, алдыңғы екеуіндегі уақыты келіп ұмытылса, рухқа сіңген дүние заманында жаңғыра бермек. Бір қуантарлығы, мемлекетіміз жаңару мен жаңғырудың жолын таңдап отыр. Алпауыттармен бәсекеде дес бермейтін жаңалықтарға да ашық, сөйте тұра құндылықтарымызды жаңғыртуды ұмытпайды. Бұл сөзіме кешегі Президентіміздің халыққа Жолдауы дәлел, Жаңа Қазақстан ежелгі құнды қағидаларға негізделіп құрылмақшы.

- Ғаламтордың бәсі биік тұрған тұста жастардың қандай ақпаратпен сусындап отырғаны, дүниетанымын қалай қалыптастырып жатқаны көпті толғандыратын өзекті мәселе екені анық. Осы тұста біз жастар үшін қазақ тілінде сапалы контентті жасай алдық па? Қалай ойлайсыз?

- Мақтанып-марқаятындай контентіміз көп дей алмасақ та, мемлекеттік тілдегі сапалы дүниелердің қатары толығуда. Ұлттық идеяны қалыптастырудың негізгі тетіктерінің бірі қазақ тілді контент болғандықтан, бұл мәселе әлде де кешенді шешімдер қабылдауды қажет етеді. Бұл - идеологиялық мәселе, ұлттық идеология әлсіз болса, кері ықпалын тигізбей қоймайды. Бабалардың бай тәжірибесін темірқазық етіп алып, өскелең ұрпақты еңбекке, өнер-білімге, Отанын сүюге, ар-намысын қорғауға, ізгілік-адамгершілік қасиеттерге баулуда заманауи әдіс - ол контент болып тұр. Өкінішке орай, баланың тәрбиесіне тікелей ықпал ететін ата-әже, әке-шеше емес, ғаламды уысында ұстап тұрған - интернет. Сол ғаламторда өз ұл-қызымыздың қалпын бұзбай, арнасынан шығармай тұратын біздің контент. Жай контент емес, сапалы контент. Қазіргі жастар жаңалық пен ақпаратқа қанық, алғыр, өзгеріске бейім, мақсаты айқын. Сіз бен біз шама-шарқымызша осы бағытта еңбектеніп жүрміз. Меніңше ауыз толтырып айтатын сәт алыс емес. Креативті, шығармашыл жастар өз тілінде сапалы дүниені жасап шығарады.

-  Жастарға арналған қазақша контент демекші, Instagram желісінде өзіңіз басқарып отырған "Ult.news" жобасы оқырмандар арасында ерекше ілтипатқа ие. Бұл жобаны ашуда алға қойған мақсатыңыз не еді? Қазір сол мақсатқа жеттім деп айта аласыз ба?

- Теңіз тамшыдан құралатыны, тама-тама тамшының тас жаратыны әрбірімізді сөзден іске көшуге шақырып тұр. Ниетімізге қарай амалын табу, содан соң әрекетке көшуді шештік. Осылайша ұлтқа қызмет етуді күнделікті өмірде адамдардың рухани азығын толтыратын деректер мен дәйектерден тұратын "Ult.news-ті" құрдық. Жастарымыз аға ұрпақтың лайықты мұрагері болуы үшін олардың ел мүддесі жолындағы ерлік істерін түсіндіріп, әріден таныстырып отыруды жөн көрдік. Қоғамға насихат жүргізудің осы жолын таңдадық. Біздің контентіміз адалдық, шыншылдық, кішіпейілдік, қарапайымдылық, ержүректік, адамгершілікті дәріптейді. Сол арқылы өткеннің өнегесін тәжірибемізде қолдану, өз арамызда тарату, өз бойымызға сіңіру сияқты қарапайым дағдыларды қалыптастыра алсақ, мақсатымызға жеткеніміз.

- Егемен елдің болашақ үміті, ертеңгі иесі саналатын жастарға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты арнайы жоба іске қосылды. Жаһандану белең алған заманда өзіміздің ұлттық болмысымыз бен ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалу үшін жастар қандай бағыт ұстануы тиіс?

- Жас ұрпақты тәрбиелеу, тәрбие беру деген ұғым бар. Сонымен қатар, үлгі-өнеге болу, бағыт-бағдар беру, жол көрсету, жөн нұсқау деген керемет түсінік бар. Бұл жайында Мұхтар Әуезов: «Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаның қайсы» деп жақсы айтқан. Ежелден қалыптасқан дәстүрді сақтап, ел болып жас ұрпаққа жөн сілтеу басты шаруа. Екінші мәселе - қазақи болмыс-бірегейлігімізді сақтау үшін жастарды қай бағытта тәрбиелейміз, жастарды дәстүр жалғастығын сақтай отырып ұлттық идеялар аясына топтастыру қажет: қиянатқа жол бермес әділдіктің, күпірлікке жол бермес адалдықтың, арсыздыққа жол бермес парасаттылықтың үлгісін танытқан аға ұрпақтың ізінен жаңылмау керек. Бабалар ұлт бірегейлігінің қазығын мықтап қаққан, құнын жоймас қазына ретінде қалдырған. Біз бет алған бағыты беймәлім ел емеспіз. Сонау ғасырдан-ғасырға жойылмай жетіп жатқан бет түзейтін құбыламыз бар: Желмаясына мініп Жерұйықты іздеген Асан қайғының этикалық, поэтикалық, гуманизм тұрғысындағы бағдары; Қорқыт атаның фольклоры мен философиясы; Бәйгелі жерде бақ болған, қазақтың абырой-арына біткен көмекей әулие Бұқардың саяси-әлеуметтік мәнді жыр-толғаулары; Би мен батырлар, сал-серілер, ақын-жыраулар, кемеңгер хан-сұлтандар, Алаш зиялылары мен қайраткерлерінің сара жолы, арман-мұратын жалғасақ, бағытымыздан жаңылмаймыз деп ойлаймын.

- Жастарды қолдап, оларға жағдай жасауға құлықты болсақ, қандай мәселелерге мән берілуі керек? Қазіргі қазақ жастарын не мазалайды? Оларға қандай қолдаулар көрсету керек деп есептейсіз?

- Жастар күш-қуатты, ақылды, ізденімпаз. Мемлекет тек олардың күш-қуатын, ақылын, ізденісін мемлекеттік мүддеге қолдануға мән беру керек. Жастық жалын мен амбицияны елемеуге немесе мойындамауға болмайды. Жастарды да мазалайтын сол нәрсе, ұмтылысы мен талаптарына мән бергенін, қолдағанын қалайды. Әрине олар үнемі дұрыс таңдау жасайды, көзсіз, ретті-ретсіз мақұлдай беру деген сөз емес, бастысы жақсы бастамалары бар жастарды дер кезінде тану керек. Соларға идеяларын іске асыруға қолдау беру керек. Өзі дамып, өзгелерді алға сүйрейтін жастарымыз көп. Құбылмалы қоғамда өмір сүрсе де, біркүндік емес, бірнеше ұрпақтың назарын өзіне аударарлық біртуар азаматтар қазір де арамызда бар. Елдіктің еңсесін тіктейтін де, өркениеттің белесіне көтеретін де, ұлтты өркендетіп не құлататын да - жастары. Ұлт жастары арқылы өседі немесе өшеді. Қоғамның өзегі - жастар, мұны жастар да жақсы түсінеді әрі өздеріне жауапкершілік алуға дайын.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер