Президент бағытын бүкілхалықтық қолдау қажет - Ақылбек Күрішбаев

2162
Adyrna.kz Telegram

Президент бағытын бүкілхалықтық қолдау қажет. Мемлекет басшысының Жолдауына орай Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында еліміздің одан әрі саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңғыруының басты бағдарын айқындап, жаңа әділ қоғам – жаңа Қазақстанның базалық институттарын қалай құру керектігі туралы айтып берді. Біздің бәріміз де мемлекеттің экономикалық өркендеуінен кейін «алдымен экономика, содан кейін саясат» деген қағидат қоғамды демократияландыруға, еліміздің бүкіл халқын игілікке қол жеткізуіне алып келеді деп үміттенген едік. Бірақ, біздің қоғам екі әлемге: бай және кедей адамдарға бөлініп кетті. Ал бұл әлеуметтік әділетсіздік пен теңсіздікті тудырып қана қоймай, экономиканың тұрақты дамуына кедергі болады», - деді ол.

Оның айтуынша, Президентке «Жаңа Қазақстан» құрылысын оның саяси базисін қайта құрудан бастауға тура келеді.

«Ең алдымен, біз суперпрезиденттік басқару формасынан күшті Парламенті бар президенттік республикаға көшетінімізді атап өткен жөн. Бұл билік институты мен елдің тұрақты дамуының оңтайлы теңгерімін қамтамасыз етеді. Мұндай саяси жүйе кезінде Қазақстанда жеке тұлғаға табыну, билікке деген фаворитизм мен монополия болмайды деп ойлаймыз. Енді Мәжіліс депутаттары сайлаушылармен тікелей сайлану арқылы ішінара мажоритарлық негізде сайланатын болады. Депутаттарды партиялық тізімдер бойынша ұсынуға қатысты бұл жерде де прогрессивті демократиялық өзгерістер болады. Саяси партияларды тіркеу айтарлықтай жеңілдетіледі. Оларды қалыптастырудың картельдік қағидаты ұмытылмайды, яғни партияның сайлаудағы жеңісін тек бәсекелестік айқындайды», - деді Ақылбек Күрішбаев.

Сондай-ақ, ол Президент партия мүшесі болудан бас тарту туралы да орынды шешім қабылдағандығына назар аудартады.

«Бұл партиялық жүйені қалыптастыру кезінде ашық бәсекелестік күреске кепілдік береді. Әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында қызмет атқаруға тыйым салуды заңнамалық тұрғыдан бекітуді аса маңызды деп санаймын. Сенаттың жұмысын іштей білетін сенатор ретінде Мемлекет басшысының қос палаталы Парламентті неге қолдағаны маған түсінікті. Ол Парламент депутаттарының саны туралы емес, олардың жұмыс сапасына қатысты болып отыр. Біздің атқарушы билік жұмысындағы басты проблема ел бюджетіндегі қаражаттың жетіспеушілігі емес, оларды тиімді пайдалануға байланысты деп санаймын. Қарапайым тілмен айтқанда, егер әр депутат Үкіметке оның жұмысының әлсіз жақтарын көрсетіп, экономиканы тиімді басқаруға мәжбүр етсе, онда біздің өміріміз әлдеқайда жақсы болар еді. Менің ойымша, Президент біздің қоғамымыз үшін дәл осындай ықпалды Парламентті қалыптастыру үшін қажетті негіз қалайды», - деді сенатор.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта азаматтарымыздың мемлекеттік билікке деген сенімін арттыру аса маңызды.

«Сондықтан басталған өзгерістерді тоқыратпай, Президенттің бағытын бүкілхалықтық қолдау қажет. Сондай-ақ жайлы жерге отырып алып бәрін түгелдей сынға ала бермей, әрқайсымыздың нақты істе белсенді болуымыз ауадай қажет, - деді Ақылбек Күрішбаев.

Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер