«Ұлттық рухани жаңғыру» — табысты ел болуымыздың кепілі

2710
Adyrna.kz Telegram

Былтыр Мемлекет басшысының «Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы» Жарлығының аясында 10 нақты ұлттық жоба анықталғаны белгілі. Бұлардың қатарындағы шоқтығы биік «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы – үш бағыт, жеті міндет, жиырма бір көрсеткіш, алпыс алты ауқымды іс-шарадан тұратын бағдарлама. Өткен аптада қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі облыстық комиссияның отырысында «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының Ақтөбе облысында жүзеге асырылуы мен биылғы жылға арналған іс-шаралар жоспары қаралды.

Оған бейнебайланыс арқылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын үйлестіру департаментінің өкілдері, Ақтөбе қаласы және аудан әкімдерінің орынбасарлары, аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

Жиында алдымен бейнебайланыс арқылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын үйлестіру департаментінің басшысы Ұлықбек Тнәлиев өткен жылы Мемлекет басшысы бекіткен «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының мақсат-міндеттері туралы баяндап берді.

— Бұл жобаның мақсаты – мәдени бірегейлікті жаңғырту, ұлттық құндылықтарды насихаттау арқылы қоғамның мәдени деңгейін, талғамын және рухын көтеру. Бұл жоба негізінен 3 бағыттан және 7 міндеттен тұрады. Жоба аясында 66 ауқымды іс-шара өткізу жоспарланған. Атап айтсақ, бірінші бағыт – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрініс тапқан құндылықтарды одан әрі дамыту және мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру. Кез-келген ұлттың рухани жаңғыруы – оның ана тілінен басталуы керек. Біз қазір мемлекеттік тілді бала-бақша мен мектеп жасынан балаларға үйрету бойынша көптеген жобаны бастадық. Себебі ертеңгі қоғамның бейнесі – бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі көп дүниеге байланысты. Сонымен қатар «Ұлттық тәрбие», «Кемел болашақ»,  «Ұлағатты ұрпақ» сияқты жобаларды қолға алып отырмыз. Жалпы 2025 жылға дейін мәдени тәрбиеге қатысты жобалармен мектеп оқушыларын 100 пайыз қамту мақсатын қойдық. Екінші маңызды міндет – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту. Мемлекеттік тілге деген құрмет – отбасындағы тәрбиеден және балабақша мен мектептен басталуы керек. Сондықта, бұл мәселеде бірқатар ауқымды жобалар қарастырылып отыр. Атап айтқанда, қазақ тілін оқыту бойынша инновациялық ІТ-өнімдер шығару, орта білім берудің тілге қатысты бағдарламаларына өзгерістер енгізу, техникалық және кәсіптік колледждерде, ЖОО-да қазақ тіліндегі оқулықтардың жеткілікті болуын қамтамасыз ету және т.б.Бір сөзбен айтқанда, мақсатымыз – қазақтілін тек тұрмыстық қарым-қатынаста ғана емес, ғылым мен білімнің, бизнес пен әлеуметтің тіліне айналдыру. Бұл бағытта Білім және ғылым Министрлігімен бірігіп ауқымды жобалар іске асатын болады. Қоғамның мәдени деңгейін көтеріп, өскелең ұрпақтың  шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту бойынша жалпы 38 жоба қарастырылып отыр, — деді ол.

Департамент басшысының айтуынша, жобаның екінші бағыты «Ел Рухы» деп аталады. Ол 5 нақты көрсеткіш пен 13 іс-шарадан тұрады. Бұл бағытқа мәдениет және спорт министрлігі жауапты. Негізгі мақсат – мәдениет саласындағы қызметтердің қарапайым халыққа қолжетімділігін арттыру, отандық мәдени өнімдерді одан ары дамыту.

Бұл бағыт бойынша елімізде 2025 жылға дейін мәдени нысандардағы инфрақұрылымды дамыту, жаңа мәдени нысандарын салу көзделген. Бұл мақсатта жалпы 250 жаңа мәдениет объектісі салынып, 1200 ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіледі.

Алдағы уақытта осы мәдени нысандарындағы қызметтердің халыққа, соның ішінде алыс ауыл тұрғындарына қолжетімділігін 92,5 пайызға арттыру, сондай-ақ, еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштерді ЮНЕСКО-ның мәдение мұра тізіміне енгізу жұмысы да жалғасады. Ал отандық мәдени өнімдерді қолдау бойынша биыл кинопрокаттағы отандық фильмдердің үлесін 25 пайызға дейін арттыру жоспарлануда. Елімізде «ҚазақАнимация» шығармашылық бірлестігі құрылатын болады. Оның базасында 40 анимациялық фильм шығару, осы саладағы 150 шығармашылық жобаға байқаулар, фестивальдар, мемлекеттік тапсырыс түрінде нақты қолдау көрсету көзделіп отыр, — дейді ол.

Ұлттық жобаның үшінші бағыты — жастардың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашатын «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасын жүзеге асыру. Бұл бағыт жастардың рухани кемелденіп, кәсіби жетілуін көздейтін үш ауқымды міндетті қамтиды. Атап айтқанда, 2025 жылға дейін жастардың базалық сұраныстарын шешу, яғни, сапалы және қолжетімді білім беру, жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету, жастардың жан-жақты дамуына құқықтық жағдайлар жасап, рухани-адамгершілік және отбасылық құндылықтарға баулу, жастарды қоғамдық пайдалы істерге тартып, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиесіне жаңа мүмкіндіктер ашу мәселелерін шешу көзделуде.

Бұл мәселелерді шешу үшін 15 үлкен жоба қолға алынып, нәтижесінде 8 нақты көрсеткішке жететін боламыз. Аталған жұмыстардың нәтижесінде кемінде 800 мың жастарды тұрғын үй жинақ жүйесімен қамту, тұрғын үй бағдарламаларындағы жас отбасылардың үлесін 25 пайызға дейін жеткізу, жастардың әлеуметтік қызметтерімен бір миллион адамға дейін қамту, іс бастап жатқан жастардың ғылым, ақпараттық технологиялар, медиа, бизнес, стартап-жобаларын қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» аясында 150 грант бөлу, Eljastary мобильді қосымшасы арқылы жастарды мемлекеттік қолдау бойыншаақпаратпен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Сондай-ақ NEET санатында жастарды қолдау жөніндегі шараларға жеке тоқталып кеткім келеді. Бұл көрсеткіште біз жұмыссыз жүрген және оқу оқымайтын жастар санын 5 пайызға дейін төмендетуді көздеп отырмыз. Сонымен қатар волонтерлік қозғалыстарға қатысатын жастар санын 2 миллионға жеткізу, осы саладағы гранттарды қаржыландыруды 1,5 есеге арттыру, «Жасыл Ел» жобасы аясында 30 мың жасты, соның ішінде 10 мың ауыл жастарын жұмысқа орналастыру, 1,5 миллион жасты бұқаралық спортпен қамту жоспарлануда, — деді департамент басшысы.

Отырыста сондай-ақ «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының негізгі бағыттары туралы «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының жоба менеджері

Рүстем Қанапиянов баяндама жасады. Ол өз сөзінде аталған жобаның әр өңірде жүзеге асырылу деңгейі туралы институт өкілдері арнайы зерттеулер жүргізілгенін айтты.

Зерттеулер нәтижесінде сауалнамаға қатысқан облыс тұрғындарының 22 пайызы «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасымен жақсы таныспын» деп жауап берсе, 31 пайызы жоба туралы естігенін жеткізген. Ал 46 пайызы аталған бағдарламаның қабылданып, жүзеге асырылып жатқанынан бейхабар екендігін айтқан.

Жиында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста атқарылған және алдағы жылдарға жоспарланған шаралар туралы Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова, Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының өнер және тарихи-мәдени мұра бөлімінің басшысы Жанар Мақсұтовалар айтып берді.

Ләззат Оразбаеваның айтуынша, былтыр «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында облыста 165 іс-шара өткен. Оған 2 млрд 170 млн 803 мың теңге қаржы бөлінген. Соның ішінде «Туған жер» арнайы жобасы шеңберінде облыстан шыққан меценаттардың көмегімен барлығы 1 млрд 77 млн 700 мың теңгеге 480 жоба жүзеге асырылған.

Облыста «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының негізгі құрылымына сәйкес 3 бағыт, 11 көрсеткіш шеңберінде нысаналы индикаторларға қол жеткізу үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Ұлттық жоба аясында облыстық ішкі саясат басқармасы тарапынан бақыланатын көрсеткіштерге тоқталатын болсақ, былтыр «Халықты «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арнайы жобаларымен және негізгі бағыттарымен қамту» көрсеткіші бойынша өңірде 367 832 адам қамтылған. Сондай-ақ облыста 12 000 жасқа жан-жақты қолдау көрсетілген. Биыл аталған бағдарлама аясында 1 миллиард 47 миллион 905 мың теңгеге 364 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, — деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, биыл жыл басында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұлттық жаңғыру кезеңіне көшіру жөнінде 2022-2024 жылдарға арналған 120 іс-шарадан тұратын жол картасы бекітілген. Қазіргі таңда жол картасы шеңберінде «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының үш бағыты бойынша өңірде бірқатар жұмыстар жүргізілуде.

Отырыста комиссия мүшелері баяндамашыларға өз сауалдарын қойып, ұсыныс-тілектерін білдірді. Мәселен, комиссия мүшесі, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай өңірде ұлттық жоба аясында мектеп оқушыларына өлкетануға байланысты іс-шаралар көбірек өткізілсе деген ұсынысын жеткізді.

Отырысты қорытындылаған Ақтөбе облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова жауапты тұлғаларды ұлттық жобаны жүзеге асыруда белсенді түрде жұмыс жасауға шақырды.

Қазіргі таңдағы ең басты мәселе — халықтың санасында ұлттық рухты ояту, жастарды патриоттылыққа тәрбиелеу. Сондықтан әрбір облыс тұрғыны «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасын білуі керек. Біз тұрғындарға бұл жоба аясында қандай шаруалар атқарылып жатқандығын жан-жақты жеткізіп, көрсетуіміз қажет. Көп жұмыс жасалып жатыр, бірақ соны халыққа жеткізуде, насихаттауда әлі де олқылықтар бар. Біз осы олқылықтарды жойып, белсенді түрде еңбек етуге тиіспіз, — деді ол.

Айта кету керек, облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 5 жылдығына орай 4-14 сәуір аралығында онкүндік өткізуге арнайы жоспар жасақталып, көлемді іс-шаралар ұйымдастыру көзделіп отыр. Сондай-ақ биыл өңірде А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ағартушы-ғалымның шығармашылығын зерттеу, халықты рухани биіктікке шақырған әдеби мұраларын насихаттау бағытында кешенді іс-шаралар ұйымдастыру, арнайы брендбукпен жұмыс жасау, туған өлкенің әдебиетін зерттеуге бағытталған «Әдеби өлкетану» жобасы аясында  іс-шаралар өткізу, мектеп жасындағы  балаларды мәдени тәрбиемен қамту, «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру онлайн платформасының жұмыстарын ұйымдастыру жоспарланып отыр.

 

 

Данагүл БАЙМҰҚАШ,

«Адырна» ұлттық порталы.

 

Пікірлер