Шығыс халықтары Наурыз мерекесін қалай тойлайды?

5372
Adyrna.kz Telegram

Бұл мереке өте ықылым замандардан бастау алады. Наурыз зороастризм дінінің ресми мерекесі ретінде Ахемен державасында ресми статусқа ие болады. Бүгінгі таңда Парсы империясы мен парсы мәдениетінің ықпалында болған Алдыңғы Азия мен Орталық Азия халықтарында Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі қалыптасқан. 21 наурыз – БҰҰ-ның арнайы қабылдаған қарары бойынша халықаралық Наурыз күні, Иран мен Ауғанстанда астрономиялық күнтізбе бойынша ресми түрде жаңа жылдың бірінші күні болып табылады.

Наурыз Өзбекстан, Түркменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Қазақстан, Әзірбайжанда мемлекеттік мереке болып табылады. Сондай-ақ бұл мерекені Ресей Федерациясының Татарстан, Башқортстан, Дағыстан республикалары, Қытайдың Шығыс Түркістан, Үндістанның мұсылман аймақтары, Моңғолияның Баян Өлгей аймағының халқы, Ирактың күрділер, Грузияның әзірбайжандар мекендеген бөліктері, Түркияда күрділер, Еуропа құрлығында Македония, Албания, Босния мен Герцеговинаның мұсылмандары тойлайды. Наурыздың шығу себебі белгісіз.

Иран мифтеріне сүйенсек, Джәмшид патша жамандық құдайы Ахриман және перілермен соғысып, оларды жеңеді. Хрустальдан өзіне арба соғуға әмір етеді. Арба дайын болған кезде Ахриманды оған байлап, өзі де отырады. Дамаванд тауының басынан ұшып, Вавилонға барады. Халық бұл жеңіске таң қалып, фарвардин айының бірінші күні болған сол күнді «наурыз» яғни, «жаңа күн, жыл басы» деп атап тойлай бастайды. Көне иран аңыздарына сүйенсек, Наурызды тойлау рәсімі сол заманнан басталады екен. Наурыз күн мен түн теңескен сәттен, яғни, жердің күнді 365 күнде айналып біткен сәтінен, нақты сағат, минут пен секундтан басталады. Сондықтан жаңа жылдың басталу уақытын Иран мен Ауғанстанда ғалымдар алдын-ала есептеп шығарып, үкімет халыққа жариялайды.

Иранда наурызға халық 1 ай бұрын дайындалады. Наурыз басталмас бұрын Иранның әртүрлі аймақтарында Хаджи Фируз немесе Ноурузхан, Ноурузнасер секілді Наурыз кейіпкерлері арнайы қызылды-жасылды киімдер мен бастарына шашақты биік бас киім киіп, Наурызды мадақтаған өлеңдер оқып, ән салып, би билеп, халықты көңіл көтеруге шақырып, жаңа жылдың жақындағанынан сүйінші әкеледі.

Хаджи Фируз (Иран)

Базарлар халыққа лық толады. Халық наурыздың алдында тамақтар сатып алады, моншаға барады, ыдысқа шөпті көктетеді, жаңа киімдер сатып алады. Ирандықтар да қазақтар сияқты жаңа жылдың алдында үй-жайларын толығымен тазалайды.

Ал жылдың соңғы сәрсенбісі Иранда отқа арналады. Адамдар от жағып, оның үстінен секіреді. От жамандықты алып кетеді деп сенеді. Бұл дәстүр Иранда да кең таралған. Бұл  күні от жағылатын арнайы орын (аулада не көшеде) дайындалады.  Жағылатын отындардың үйіндісінің саны міндетті түрде тақ болуы және тікенекті бұта болуы керек. Көшеде немесе аулада от жағылып, жастар осы оттың үстінен секіреді де, «зәрди мән әз то, сорхи-йэ то әз мән, (яғни, «сенің қызылың маған, менің сарым саған» деген өлеңдер айтады, өйткені, ирандықтар сары түс аурудың, қызыл түс денсаулықтың белгісі деп біледі. Отын жанып біткеннен кейін не істеледі? Кейбір аймақтарда жанұя мүшелерінің бірі жанған отынның күлін жинап алып, ағып жатқан суға ағызады.

От мерекесі (Иран)

Әзірбайжанда да Иран секілді Наурызға дайындық 1 ай бұрын басталады. Әзірбайжандар Наурыз алдындағы әрбір төрт сейсенбіні табиғаттың төрт элементі: су, от, жер мен ауаға бағыштап, Наурыз күні осы төрт элемент адамға қызмет ету мақсатымен бірігіп, адамзатқа материалдық байлық пен рухани тыныштық сыйлайды деп санайды. Ескі жылдың соңғы түнінде барлық отбасы мүшелері ескі жылдың барлық қиындықтарын "жуу" үшін төсек алдында бір-біріне су шашқан. Жаңа жылдың бірінші күні ерте тұрады. Мүмкіндігінше адамдар өзенге немесе бұлаққа баруға тырысады: жуынып, бір-бірінің үстіне су шашады. Су - тазалық пен балғындықтың белгісі. Наурызда бір-біріне тәттілерді ұсынады. Содан кейін "зұлым рухтардан"босатудың символы ретінде қызмет ететін хош иісті түтіндер шығарылады, адамдар сол хош иістермен тыныс алулары керек.

От мерекесі (Әзірбайжан Республикасы)

Ал Шығыс Түркістанда халық ағып жатқан бұлақтан секіріп, ескі жылдағы күнәларынан тазарады.

Исламнан бұрынғы дәуірде ирандықтар жаңа жылдың басталуына он күн қалғанда (он тәулік) ұрпақтарын көріп кету үшін ата-бабаларының аруақтары аспаннан жерге түседі деп сенген.  Ислам діні Иранда таралғаннан кейін бұл түнге байланысты рәсімдер мен сенімдер өзгеріп, екі күнге дейін қысқарды. Оның бірі жылдың соңғы жұмасының түні және екіншісі жылдың соңғы кеші немесе басқаша айтқанда жаңа жылдың түні. Бұл екі түнде халық қабір басына барады, өлі аруақтар үшін садақаға жеміс-жидек, тәтті, құрма  таратады.

Иран, аруақтарға дұға оқу

Наурыз мерекесінде 7 саны ерекше символдық мәнге ие. Қазақтар жеті түрлі дәмнен мерекенің арнайы тамағы Наурыз көжені әзірлеп, 7 үйге қонаққа баруға тырысса, ирандықтар «һәфт син (жеті син)» дастарханы деп аталатын, атаулары араб-парсы әліппесіндегі син әрпінен басталатын 7 нәрседен тұратын дастарханды жасайды Бұл дастарханға сәмәну (өндірілген бидайдан жасалған тағам), сиб (алма), сәбзи (көк шөп), сомағ (сұмақ), сәнджед (жиде), серке (сірке суы), сир (сарымсақ)  секілді «син» әрпімен басталатын жеті нәрсе қойылады. Сол себептен бұл дастархан «жеті син дастарханы» деп аталады. Бұл дастарханға сондай-ақ Қасиетті Құран кітабы, боялған жұмыртқа, кеседегі суға салынған грейпфрут, айна, нарцисс гүлі, жағылған шырақ, аквариумдағы қызыл тірі балық, роза суы, тәттілер мен жемістер де қойылады.. Әзірбайжанда да бұл дәстүр бар. Бірақ оларда 7 элементтің бірі – сүт.

«Жеті син» дастарханы (Иран)

Ал Ауғанстанның солтүстік аймақтарында және Кабулда 7 түрлі жемістен «һәфт мивә (жеті жеміс)» деп аталатын арнайы сусынды дайындайды.

«Жеті жеміс»  сусыны (Ауғанстан)

Наурыз мерекесінде 13 санына да аса мән беріледі. Ежелгі замандарда Наурыз 13 күн тойланған. 13- күні табиғат аясына шығып демалған. Бұл дәстүр Иранда әлі күнге дейін сақталып қалған. Олар ежелгі атабабаларының 13 саны бақытсыз әкеледі деп, бұл күнді өз үйінен аулақ жерде, өзен жағалауы, көгалды жерлерде өткізген дәстүрін әлі күнге дейін жалғастырып келеді.

13-Наурыз (Иран)

Ал Өзбекстанда халық Наурыздың алғашқы он үш күнінде жасаған істерінің жемісін жыл бойы көретініне сенеді, сондықтан олар 13 күн бойы өкпе-реніштерін ұмытып, барлық адамдармен тату-тәтті болуға тырысады.

Наурыз баба (Иран)

[caption id="attachment_106689" align="alignnone" width="300"] Ауғанстандағы Наурыз мерекесі[/caption]

Наурыз күні барлық халықтарда мол дастархан жайылады. Дастархан мол болса, жыл бойы тоқшылық, молшылық, ырыс-береке болады деп саналады. Сондықтан ата-бабамыз Наурызда бір-біріне «Ақ мол болсын» деп тілек айтқан. Сондай-ақ Наурыз мерекесінде ағаш отырғызу дәстүрі барлық халықтарда бар. Қырғыздар мен қазақтар Наурызда жауған қарды жақсылықтың нышаны деп біледі, ата-бабаларымыз оны «Наурыздың ақша қары» деп ерекше дәріптеген. Иранның кейбір аймақтарында жаңа жылдың алғашқы төрт күніндегі ауа-райына қарап, жылдың төрт мезгіліндегі ауа-райының қалай болатынын болжаса, түркімендер Наурыз күні күн бұлыңғыр болса, жыл бойы солай болады, жаңбыр немесе қар жауса, молшылық болады дегенге сенеді. Иранның кей жерлерінде халық жаңа жыл басталғаннан кейін үйге бірінші келген адам қандай болса, жыл да солай өтеді деп сенеді. Сондықтан Иранның кейбір аймақтарында жолы болғыштығымен аты шыққан адамдарды алдын-ала шақырып қоятын рәсім де бар. Оларға келгені үшін тәтті тамақтар мен азырақ ақша береді. Өзбекстанда да халықтың сенімінше үйге бірінші келген қонақ көркем мінезді болса, ең бастысы жолы болғыш адам болса, үйге ырыс әкеледі. Иранда жаңа жылдың екінші күнінен бастап жаңа жылдық көрісулер басталады. Жасы кішілер жасы үлкендердің үйлеріне барады. Бұл күндері қаралы үйлерге барады, қасиетті орындарға зиярат жасайды, ата-бабаларының қабіріне барып, дұға бағыштайды. Бұл көрісулер он екі күнге созылады. Жақын адамдар бұл күндері көрісіп, егер араларында реніш болса, ұмытуға тырысады.

Ал ауғандар Наурыз мерекесінің өзін зиярат орындары мен мешіттерде тойлайды.

Наурыз мерекесі Ауғанстанда

Көрісу салты Қазақстанның батыс өңірлері мен шекаралас Ресей аймақтарында қоныстанған Кіші жүз қазақтарында да бар. Иранда бұл салт-жоралғылар Наурыздан кейін басталса, қазақтарда керісінше Наурыздан 1 апта бұрын басталады.

14-наурыз, көрісу күні (Қазақстан)

 Айман ЖҰБАТҚАНҚЫЗЫ,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

 университеті

Пікірлер