Вашингтонда Жаңа Қазақстан мен қаңтар қырғыны туралы пікір таластырды

924

АҚШ-тың жетекші аналитикалық орталықтарының бірі «Атлантикалық кеңес» алаңында «Қазақстандық-америкалық қарым-қатынастарға отыз жыл: қаңтар дағдарысы және болашаққа жол» тақырыбында панельдік пікірталас өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Халықаралық салық және инвестиция орталығының Президенті Дэниел Вит өз алғысөзінде екіжақты ынтымақтастықтың негізгі жетістіктері мен Қазақстанның ғаламдық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесін атап өтті.

Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашықбаев қаңтар оқиғаларының түпкі себептерін жою бойынша Үкіметінің қабылдап жатқан шаралары туралы баяндап, тергеудің ашық негізде ұлттық заңнама мен еліміздің халықаралық міндеттемелеріне сәйкес жүргізілетініне сендірді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанды» құруға бағытталған реформалары мен бастамалары, сондай-ақ халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Үкімет қызметінің басымдықтарына басты назар аударылды. Бұл тұрғыда, Елші Мемлекет басшысының саяси реформалар мен демократиялық өзгерістерді одан әрі жүзеге асыру бағытына бейілділігін растады.

Өз кезегінде, Атлантикалық кеңестің Еуразия орталығының Аға директоры Джон Хербст Қазақстанның Орталық Азиядағы тұрақтандырушы және теңгеруші рөлін, сондай-ақ өзінің тиімділігін дәлелдеген көпвекторлы сыртқы саясатының сәтті жүзеге асырылуын атап өтті.

«New Lines Institute» ой-талқы орталығының директоры Камран Бохари қаңтардағы оқиға Қазақстанның даму траекториясына әсер етпегенін атап өтті. Оның пікірінше, мемлекетті өзгерту және экономикалық дамуды жеделдету белгілі бір күш-жігерді қажет етеді және мемлекет басшылығы оң бағытта келе жатыр.

Атлантикалық кеңестің Аға ғылыми қызметкері Ариэль Коэн АҚШ-тың санкциялық саясатының теріс әсерінің алдын алудың маңыздылығын атап өтіп, еліміз Каспий құбыр консорциумы арқылы әлемдік мұнай жеткізілімінің 1,2% қамтамасыз ететініне назар аударды.

Жалпы, іс-шараға қатысушылар Қазақстандағы саяси және экономикалық реформаларға оң баға беріп, олардың өзектілігі мен ұзақ мерзімді тиімділігіне сенім білдірді. Сарапшылар Қазақстанның ауқымды Еуразия аймағындағы тұрақтандырушы рөлін және екіжақты ынтымақтастықты тереңдету үшін елеулі әлеуеттің болуын ескере отырып, АҚШ пен Қазақстан арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket