Украинаның Энергодар қаласында орналасқан Еуропадағы ең үлкен Запорожье атом электр стансасындағы бірінші энергоблокқа ресейлік әскерлер снаряд атты. Бұл туралы “Адырна” ұлттық порталы “Orda.kz” сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Украинаның сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Ресей әскерлері қазір Запорожье атом электр стансасын атқылап жатқанын хабарлады. Өрт әлдеқашан тұтанып үлгерген. Оның айтуынша, егер ол жарылып кетсе, оның салдары Чернобыль атом электр стансасы апатынан он есе жойқын болады.
Бұл туралы Киев уақытымен 4 наурыз күні сағат 2.14-те Telegram желісінде Запорожье АЭС баспасөз қызметінің өкілі Андрей Туз хабарлады.
«Запорожье атом электр стансасындағы өрт жалғасуда. Өрт сөндірушілердің өрт орнына жетіп, зардаптарын жоюы мүмкін емес. Олар оқ атуда! Бірінші энергоблокта соққы жасады» деді ол видеохабарламада.