ҚАЗЫБЕК ИСА: Бізге Путиндік Ресей емес, Пушкиндік Ресей керек!

1809
Adyrna.kz Telegram

Бұл сөзді, "Бізге Путиндік Ресей керек емес, Пушкиндік Ресей керек!"-деп, 2014 жылы қазақтың көрнекті ақыны Темірхан Медетбек айтып еді. Алматыда Ұлттық кітапханада маған Қазақстанда тұңғыш рет Ресей Халықаралық Жазушылар одақтары қауымдастығының Сергей Есенин атындағы сыйлығы – «Алтын Күз» орденін тапсыру салтанатында Ресейден келген жазушыларға қарата айтқан еді…

Бір қызығы Есенин сыйлығын маған белгілі украин жазушысы, М.Шолоховтың әйгілі “Тынық Донын” украин тіліне аударған Владимир Середин табыс етіп еді…

Пушкин мен Путиннің елдері бір болғанмен ерлері бір емес! Оны қазір соғысқа қарсы шығып жатқан Ресей халқының, есімдері әлемге әйгілі зиялыларының Путинге, соғысқа қарсы қол жинап, көшеге шығуынан да көруге болады.

ТАҒЫ ШАЙҚАЛА БАСТАҒАННЫҢ МИЫ ШАЙҚАЛА БАСТАЙДЫ!

Шамасы, Ресей президенті Владимир Путин өзінің бір кезде айтқан белгілі сөзін ұмытып қалған сияқты. Ол Кеңес одағын қайта қалпына келтіруге ұмтылу туралы сұраққа: "Кеңес одағын қайта орнатқысы келгендердің жүрегі бар, бірақ миы жоқ" деген еді...

Тағы шайқала бастағанның миы да шайқала бастайды. (Дәл осындай тақырыппен осыдан екі жыл бұрын мақала жазып едік.) Бұны Путинннің кейінгі кезде Тәуелсіз мемлекеттерге тас лақтыра берген арандату сөздері анық айқындап берді. Яғни, Путиннің өзі өзінің кезінде айтқан әйгілі сөзінің кейіпкеріне айнала бастады... Оны Тәуелсіз Украинаға басқыншылық шабуылы да айқын көрсетуде.

Тарихта қандай ел болсын, тек Отанын қорғауда, яғни әділетті де, қасиетті соғыста ғана жеңіске жететіні айқын! Ал украин ағайындарға Ұлы Отанын қорғауда Ұлы Жеңіс тілейміз!

Қазыбек ИСА

Пікірлер