Әміржан Қосан: «Екі ел соғысса, үшінші ел де зардап шегеді!»

3203
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанға Ресей-Украина арасындағы нағыз соғыстың салдары қандай болмақ? Бұл сұраққа саясаткер Әміржан Қосанов “Адырна” тілшісіне жауап берді. 

-Ресей-Украина қақтығысы туралы қандай ой айтасыз?

-Бұл қақтығыс немесе Путин айтқандай, «арнайы әскери операция» емес. Бұл қантөгіс соғыстың нағыз өзі!

Басқа елге әскер енгізіліп, бомбалау мен атқылау боп жатқанда, оған қалайша басқаша баға беруге болады?

Украина мен Ресейге қатысты «ұжымдық Батыстың» принципті ортақ позициясы боп тұрған жағдайда оны «үшінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңы» деп те атауға болады.

Бұл екі ел арасындағы соғыс емес, бұл - өркениеттік дамудың екі жолы арасындағы тұғырнамалық сипаттағы соғыс!

Бірі – неоимпериялық, шовинистік сипаттағы ұстаным болса, екіншісі – еуропалық құндылықтарға негізделген, шынайы ұлттық-демократиялық дамуды қалаған бағыт.

-Қазақстанға қандай кері әсері бар?

-Оң әсер болмайтыны түсінікті ғой.

Бар жағынан теріс әсер болады: Ресей мен Украина бізге бөтен елдер емес.

Әсіресе, солтүстік көршімен байланысымыз ерекше. ЕАЭО, Кеден одағы, ШОС пен ОДКБ секілді үйымдарда біргеміз.

Оның үстіне халақаралық қауымдастық түгел дерлік Украинаның тәуелсіздігі мен жер тұтастығын қолдап отыр.

Қазақстан қай жағына шығады, оған да көп нәрсе байланысты.

Ресейдің сойылын соғып кетсек, сакнцияларға ұшырап, аластатылған, басқа елдерге жеккөрінішті елдер қатарына көшуіміз ықтимал.

Қазақстан Ресеймен экономикалық жағынан біте қайнасып кеткен.

Сондықтан агрессор елге «ұжымдық Батыс» тарапынан жарияланған санкциялардың бір ұшы бізге де тиетіні түсінікті.

Онсыз да құлдырап бара жатқан экономикамызға бұл ауыр соққы болуы әбден мүмкін.

Ресейдің неоимпериялық ұстанымын жандандыруы өз ішіміздегі сепаратистік күштердің қолтығына су бүркіп, оларды қоздырып жіберуі де ықтимал. Бірақ бізде ол жағын ойлап жатқан билік жоқ!

-Теңге құлдырап, доллар шарықтады. Нағыз дағдарыс алда ма?

-Әрине, ұлттық валютаның бағамы, ең алдымен, ұлттық экономиканың жалпы жағдайына тікелей байланысты.

Бұл - жоғарыда мен айтқан екі ел арасындағы экономикалық, қаржылық ынтымақтастығымыздың бір салдары.

Астана Мәскеуге қарап қалғандай, теңгеміздің күні де рубльге қарап қалған.

Рубль болса, сойқан соққыға ұшырап, әлсіреп жатыр. Қос валюта арасындағы тәуелділіктің бар «қызығын» доллар мен осы секірістер туралы алдын-ала хабардар болған валюталық спеулянттар көріп жатыр.

Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің, дағдарыстың да көкесі әлі алда. Бірақ оған қарсы тиісті алғышарттар жасап жатқан үкімет көрінбейді.

-Біздің әскерден көмек сұрауы мүмкін бе?

-Шын мәнінде, Ресей ондай көмекке зәру болмауы да мүмкін. Біздің әскердің жағдайын қаңтардағы қанды қырғын көрсеткен жоқ па?

Бірақ, Ресей өзі оқшауланып қалған жағдайда постсоветтік кеңістіктегі беделін көтеру (не көрсету) үшін моральдық жағынан көмек сұрауы да мүмкін.

Яғни, біздің биліктің алдында үлкен таңдау болмақ...

-Ресей үлкен держава. Украина жеңістен оңай бас тарта ма?

-Әр ел өзіне қарсы басына қатер төнген шақта, біртұтас ұлт ретінде ұйысып, басқыншыға қарсы күресте бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратыны тарихтан аян ғой.

Украинада сол мінез бар. Оны олар Қырым аннексиясы кезінде таныта алды. Оның үстіне, АҚШ, Еуроодақ, Жапония, Канада секілді державалардың коалициясы да қарап отырмас, және украин ұлтының бірқатар дамыған елдердегі ірі диаспоралары, ықпалды лоббиі бар екенін ұмытпайық.

Олар да өз Отанының патриоттары ретінде үнсіз отырмайтыны түсінікті...

Сұхбаттасқаныңызға рақмет! 

Інжу ӨМІРЗАҚ,

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер