Қазақстандық шығыстану: тарих және қазіргі заман

3014
Adyrna.kz Telegram

Р.Б. Сүлейменов атындағы шығыстану институты Республикалық тарихи материалдарды зерттеу ақпараттық орталығының директоры, ҚР ҰҒА мүше корреспонденті, т.ғ.д., профессор М.Х. Әбусеитова аталмыш тақырыпта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің студенттері мен жас мамандарына дәріс оқыды.

Профессор М.Х. Әбусеитова ең алдымен отандың шығыстану институтының қысқаша тарихына тоқтады. Отандық шығыстану институтының тарихы ұзақ болмағанымен отандық шығыстанушылардың бұл институттың құрылуы үшін атқарға еңбегі орасан зор және ұзақ жылдық еңбектің арқасы екендігін атап өтті. Бір кездері шығыстанушы болғысы келген адамдар Ташкентке, Ленинградқа, Москва, Баку не Тифлиске барып оқиған болса, бұл күндері елімізде бірнеше университетте шығыстанушы мамандарды дайындайтыны қуантарлық жағдай. Сондай-ақ шығыстану институты мен шығыстану факультетінің ашылуы еліміздің тәуелсіздігімен тікелей байланысты екендігіне және осындай мүмкіндіктің қадірін білуіміз керектігіне ерекше тоқтады.

Р.Б.Сүлейменов атындағы шығыстану институтының құрылу тарихы 1992 жылдан басталады. Белгілі ғалым, тарихшы және шығыстанушы Р.Б. Сүлейменов (1931-1992) Ұйғыртану институты ішінен 1992-жылы Шығыстану Орталығын ашады. Бұл Орталықтың алғашқы директоры академик Р.Б. Сүлейменов. Көп ұзамай осы жылы Р.Б. Сүлейменов дүние салған соң Шығыстану Орталығының директоры болып ф.ғ.д., профессор Ерден Задаұлы Қажыбек сайланады. Бұл Орталық 1996-жылдан бастап шығыстану институты деп аталып институтқа Р.Б. Сүлейменовтың аты беріледі.  Ал, 1998-2013 жылдар аралығында аталмыш институттың директоры қызметі профессор М.Х. Әбусеитова атқарады. Он бес жылдай директор болған кезінде атқарылған барлық ғылыми жұмыстармен танысу үшін Р.Б.Сүлейменов атындағы шығыстану институтының ресми сайтына https://shygystanu.kz/ жүгінуге болатынын еске салды.

Профессор М.Х. Әбусеитова студенттер мен жас мамандарға оқыған лекциясында әрбір шығыстанушы назар аудару керек мәселелерге тоқтады. Біріншіден, шығыстану ғылымы пәнаралық зерттеуді қажет ететін сала және шығыстанушы универсал маман болуы керек. Шығыстанушыға тек қана шығыс тілін білу аздық етеді. Бірнеше шығыс тілімен қатар батыс тілдерін білуі керек. Сондай-ақ тарихты, антропологияны, қоғамтануды, дін, мәдениет, өнер, әдебиет, психология, филсофия, логика, археология және т.б. гуманитарлық ғылым салалалын жан-жақты меңгергені дұрыс. Екіншіден, нақты мақсат қоя білуі керек. Мысалы әрбір шығыстанушы қай ғасырдағы, қандай деректі зерттегісі келетінін нақты білсе және соған жоспарлы түрде ұмтылса уақыт жағынан әрі ғылыми жұмыстың сапасы жағынан ұтады. Үшіншіден, әрбір жас шығыстанушы бакалавр кезінен бастап маңызды тақырыптың бір шетінен бастап зерттеуге кіріскені жөн. Магистратурада осы тақырыпты толықтырып кеңірек қарастырса, докторантурада тура осы тақырыпты кәсіби деңгейде нақтылап зерттеу арқылы шығыстану ғылымына үлкен үлес қосары анық. Өкініштісі көптеген жастар әр деңгейде түрлі тақырыптарды таңдап әрі уақыттан ұтылып әрі жақсы зерттеу жұмысын ұсына алмай жатады. Төртіншіден,  шығыстанушы – зерттеуші, ғалым және ойшыл. Еліміздің өткені шығыс елдерімен тығыз байланысты, соның ішінде мұсылмандық шығыс елдерімен әрдайым тағдырлас, туыс болған. Тарихты зерттегенде сол тарихта өткен ойшылдар, ғұламалар, ақындар, ғалымдар және қайраткерлерді қоса зерттейміз. А.Құнанбайұлы, Ш.Құдайбердіұлы, М.Ж. Көпеев, Ш.Ш. Уалиханов, Қ. Жалаири және т.б. тұлғалардың өмірін зерттей отырып, сол дәуірдегі маңызды оқиғалардың бәрін кешенді түрде қарастыру керек болады. Бесіншіден, шығыстану ғылымы уақыт тұрғысынан екі үлкен бағытқа бөлінеді: классикалық және қазіргі заман. Классикалық шығыстану – көне және орта ғасырлардағы көне жәдігерлерді жан-жақты зерттеп ғылыми айналымға қосумен айналысады. Сондай-ақ көне және ортағасырлық шығыс тілдеріндегі мәтіндерді зерттеу мен оның ғылыми аудармасын жасайды. Қазіргі заман бағыты – халықаралық қатынастар мен аймақтану бағытында жүргізіледі. Шығыстанушы бүгінгі таңдағы маңызды геосаяси, әлеуметтік, халықаралық мәселелерді өзі оқитын елдің тілін жетік білуі мен сол қоғамды жан-жақты қарастыру арқылы маңызды зерттеулер жасай алады. Алтыншыдан, шығыстанушы болу әрқашан престижді мамандық болған және болып қала береді. Мамандықтың престижін көтеру әр адамға байланысты. Әрбір адам ең әуелі өзінен бастау керек. Яғни, өзі бірінші болып идея тастамайынша, бастама көтермейінше өзінде де, өзі оқитын мамандықта да ілгерушілік болмайды. Сондықтан әрқашан есте сақтау керек заңдылық – әркім өзінен бастау керек және өзі бірінші қадамды жасау қажет.

Профессор М.Х. Әбусеитова вебинар барысында кез-келген деректі зерттеу маңызды екендігіне тоқтады. Яғни, деректер қағазға жазылған болуы мүмкін немесе теріге, тасқа, ыдысқа, матаға жазылған болуы ыхтимал. Сонымен қатар көне және орта ғасырларда тұтынған бұйымдар болуы мүмкін. Мысалы тәж бен тақ, сарай ішінде қолданған әрбір бұйым, киген киімдер, қару-жарақтар, зергерлік бұйымдар. Қысқаша айтқанда бұның бәрі артефактілер деп аталады және әрбір артефактіні сөйлете білу негізінен шығыстанушының қолынан келетін жұмыс. Себебі артефактіде жазу, сурет, таңба және т.б. маңызды ақпараттық дүниелер болуы ғажап емес. Ал, сол жазулар мен таңбаларды сөйлететін бірінші кезекте шығыстанушы.  Басқаша айтқанда әрбір қолжазба, жазба дерек, артефактіні толықтай, жан-жақты зерттеу маңызды және осы тақырыпқа назар аудару керек. Әрбір сызығы, бояуы мен формасы бізге маңызды мәлімет беретіні сөзсіз. Сондықтан шығыстанушыларды өте мұқият болуға, сергек және жан-жақты болуға шақырамын деп сөзін жалғастырды.

Белгілі отандық ғалым, бүкіл ғұмырын шығыстану ғылымына арнаған профессор М.Х. Әбусеитова вебинар барысында бүгінгі шығыстану мектебінің қалыптасуына еңбегі сіңген бірқатар ғалымдарды ерекше атап өтті. Олардың ішінде Р.Б. Сүлейменов, Ә.Б. Дербісәлі, В.П. Юдин, К.А. Пищулина, Т.Қ. Бейсембиев, Ж.М. Тулибаева және т.б. көптеген шығыстанушы ғалымдар бар. Бір кездері шығыстану институты, шығыстанушылар дайындайтын арнайы факультет болмаған кезеңді бастан кешірген отандық аға буын шығыстанушылардың бүгінгі отандық жас буын шығыстанушыларға берері мол екенін нақты мысалдар арқылы жеткізді. Аға буын шығыстанушылар мен жас буын шығыстанушылардың арасындағы сабақтастық болуы керек және алдағы уақытта шығыстану ғылымының жасау керек жұмыстарының өте көп екендігіне тоқтады. Профессор М.Х. Әбусеитова 1998-2013 жылдар аралығында Р.Б. Сүлейменов атындағы шығыстану институтының директоры, Республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасының жетекшісі және шығыс деректемелеріндегі Қазақстан тарихы сериясымен жарық көрген көп томдық ғылыми жинақтардың жетекшісі ретінде өз тәжірибесімен жастармен бөлісуге дайын екенін және шығыстану институтына ақыл-кеңес алуға келетін әрбір адамға есік ашық екеніне тоқтады.

Вебинар қонағы әлемнің танымал кітапханаларында сақталған Қазақстан тарихы мен руханиятына қатысты шығыс тілдерінде жазылған материалдарды, артефактілерді, карталар мен құжаттарды зерттеу ұзақ жылдық жұмыс екенін айта келе, осындай маңызды жұмысты бірге атқаруға барлық шығыстанушыларды шақырды. Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының ұйымдастыруымен өткен вебинар сұрақ-жауаппен жалғасты және алдағы уақытта вебинар қонағы жас шығыстанушыларға әсіресе студенттер үшін осындай тағылымды вебинарлар өткізіп тұруға келісті.

 

 

 

 

 

 

    Ғ.ҚАМБАРБЕКОВА,

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы  

Пікірлер