Олигархтар иелік ететін 17 оқу орны жабылады

2920
Adyrna.kz Telegram

Қырғызстанда медицина мамандарын даярлайтын 17 жеке оқу орны жабылады. Бұл жөнінде Азаттықтың Қырғыз қызметіне денсаулық сақтау министрі Әлімқадір Бейшеналиев хабарлады, “Адырна” ұлттық порталы Азаттық радиосына сілтеме жасап. 

Ол әрбір оқу орнының қызметін тексергенін және тек талаптарға сәйкес білім мекемелері ғана жұмыс істейтінін атап өтті.

Министрдің сөзіне қарағанда, жеке оқу орны иелерінің арасында "олигархтар, депутаттар мен бұрынғы премьер-министрлер" бар.

"Қазір бұл бизнеске айналып кетті. Мүмкіндігі бар адамдар институттар мен университеттер ашып алған. Ол жаққа ақша көп түседі. Бірақ білім сапасы нашар. Бізді 10-15 жылдан соң кімдер емдейді, сол жөнінде ойлауымыз керек. Білім алмай, әйтеуір жоғары оқу орнын бітірген дәрігерлер болашақта елдің генофондына орасан зиян тигізеді" деді министр.

Бейшеналиевтің сөзіне қарағанда, елде медицина мамандарын дайындайтын үш мемлекеттік жоғары оқу орны бар: медицина академиясы, Ош мемлекеттік университеті және қырғыз-орыс славян университеті. Қалғаны – жекеменшік оқу орындары.

Министрдің айтуынша, кейбір жекеменшік оқу орындарының қызметі талапқа сай, сондықтан олар жабылмайды. Ол сонымен бірге жабылатын оқу орындарының студенттері сертификациядан өткен өзге оқу орындарына ауыстырылатынын айтты.

Елдегі медицина факультеттерін тексерген Қырғызстан президенті жанындағы Жемқорлықпен күрес іскерлік кеңесі былтыр қыркүйекте қорытынды есеп жариялаған. Аталған мекеме оқу орындарының басым бөлігінде мамандарды кәсіби даярлау үлкен мәселе екенін және мұндай жағдайға негізінен маман даярлау ісінде бірізділіктің жоқтығы әсер етіп отырғанын алға тартқан.

Ізінше министрлер кабинеті жоғары медициналық білім беру бағдарламасы бойынша лицензия беруге уақытша мораторий енгізді. Шектеу 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін күшінде болады. Министрлер кабинеті "бұл жоғары оқу орындарында білікті медицина мамандарын әзірлеу үшін" жасалып отырғанын айтқан.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер