Home » Жаңалықтар » Тараз жері туризм орталығы болуды көздейді

Тараз жері туризм орталығы болуды көздейді

Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен бір топ журналистер Жамбыл облысына жол тартқан  едік. Мақсатымыз – осы өңірдегі тарихи ескерткіштердің жай-күйін өз көзімізбен көру. Сапар барысында «Қазақ хандығының 550 жылдығы» монументі, Қарахан кесенесі мен «Ақыртас» кешенінде болдық. 

Алғашқы аталған нысандарды аралағаннан соң, Жамбыл облысы аумағындағы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің қарамағындағы «Ақыртас» сарай кешенінде туризмді дамыту мәселелері бойынша БАҚ өкілдеріне арналған жиынға келдік.

 Оған ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметов және «Қазақстан темір жолы» ҰК»АҚ орынбасары О.Құлақовтар қатысып, республикалық және жергілікті жерлердегі тарихи, мәдени ескерткіштерді ғылыми зерттеу, туризм саласын дамыту бойынша жасалып жатқан істердің барысы туралы ақпарат берді.

– Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Біз халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап қалатын символдық қалқанымыз, ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы және бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі» деген болатын.

Осыған орай, Мәдениет және спорт министрлігі 2017 жылдан бастап «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында ауқымды шараларды жүзеге асырып келеді.

Солардың ішінде ең ірілеріне тоқтала кетсем. Министрлік биылдан бастапаса құнды мәдениет ескерткіштерді сақтап қалу және өңірлердегікиелі жерлерге келетін туристердің санын артыру мақсатында республикалық «Бозоқ», «Ботай» және «Сарайшық» тарихи-мәдени музей-қорықтарын құруды бастады.

Сондай-ақ, биыл киелі орындар көп шоғырланған республикалық «Ұлытау», «Отырар», «Таңбалы» тарихи-мәдени музей-қорықтарының аумағына Сапар орталықтар салына бастайды. Алдағы жылдары өзге музей-қорықтарының аумағына осылар тәрізді сапар орталықтар салу жоспарымызда бар.

Сонымен қатар, Министрлік Қазақстанның киелі жерлеріне  тұрақты тұрде жыл сайын реставрациялау және консервациялау жұмыстарын жүргізіп келеді. Мысалы, өткен жылы Көне Тараз, Көне Түркістан, Отырар, Сауран, Сарайшық, Ақтөбе (Баласағұн) қалашықтарына, Ақыртас кешеніне, Қ.А.Яссауи, Арыстанбаб, Қарахан, Айша бибі, Бабаджа хатун, Шоқай датқа кесенелеріне осындай жұмыстар жасалды.

Дегенмен, елімізде тарихи-мәдени мұра саласында айтарлықтар жұмыстардың жасалып жатқанына қарамастан, біз Қазақстанда мәдени туризмді дамытуды жаңа сапаға көтерудің әлеуеті одан да орасан екенін ұмытпауымыз керек.

Соның ішінде Жамбыл облысы өңірінің тарихи-мәдени мұраларын қорғау, туризмін дамыту мақсатында өңірдегі нысандарды тиімді пайдалануымыз керек. Әсіресе, осы облыстағы ЮНЕСКО-ның тізіміне енген «Ақыртас», «Ақтөбе-Баласағұн», «Құлан», «Өрнек», «Қостөбе» ескерткіштеріне де үлкен маңыз берген жөн. Тек осы өңірдегі емес, Қазақстан, қала берді Орталық Азия елдерінде кездеспейтін, бірегей болып табылатын Ақыртас ескерткішінің турситер үшін өзіндік тартымдылығы бар. Өткен жылы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» музей-қорығына қарасты «Көне Тараз» археологиялық паркіне, Айша бибі, Қарахан кесенелеріне және «Ақыртас» кешеніне келушілердің саны 215 мыңға жеткен. Соның ішінде тек Ақыртасқа келушілердің саны 25-30 мыңнан аспаған.

Сондықтан, отандық және шетелдік туристерді осы нысанға көптеп тарту біздің, яғни Мәдениет және спорт министрлігінің, Жамбыл облысы әкімдігінің, туристік қауымдастықтың және өзге де мүдделі тараптардың ортақ мақсаты – деп атап өтті А.Мұхамедиұлы.

 

А.Мырзахметов «Біздің бүгінгі кездесуіміздің түпкі мақсаты – «Ақыртас» кешенінің қазіргі жағдайына зерделеу жұмыстарын жасап, қалпына келтіру мәселелерінің шешімін тауып, көптеп келетін қазақстандық және шетелдік туристерді бірден-бір қызықтыра алатын қасиетті орынға айналдыру. Өтіп жатқан кеңесіміздің осы «Ақыртас» сарай кешені орналасқан жерде өтуінің мәні мен мақсаты осында.

«Ақыртас» кешені күрделі құпияға толы нысан ретінде Египет кереметтері, Афины Акропольдары, Рим колизейі, Перудегі Майя сарайлары және Антикалық аңыздармен деңгейлес жатқан алып құрылыс деңгейінде бағалануда.

Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан «Ақыртас» кешені 2014 жылы 25 маусымда Катар мемлекетінің Доха қаласында өткен ЮНЕСКО-ның 38 сессиясы барысында Бүкіләлемдік Мәдени Мұралар тізіміне енгізілді.

Туризмнің заманауи индустриясы бүгінгі күні қызметтердің халықаралық нарығында жоғары табысты және серпінді дамып келе жатқан сегменттерінің бірі. Осы кешеніміздің экономиканың өсуі мен жаңғырту қарқынын тездетудің күшті негізі болуға қабілетті екендігін түсіну маңызды.

Осындай бай мәдени мұраларымыз, ежелгі Тараз қаласын мекендеген түркі халықтарының аңыздары, тарихи ескерткіштер мен археологиялық қазбалар Ұлы Жібек жолы бойындағы Жамбыл облысы бөлігінің мәд ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік  мұралар тізімі мен Қазақстанның жалпыұлттық маңызы бар киелі жерлердің тізіміне енген «Ақыртас» кешенін туристік орталыққа айналдыру жұмыстарын жасап жатқанын айтты. Ол тек «Ақыртас» кешені ғана емес, Жамбыл облысындағы Қарахан, Айша бибі кесенелері мен “Қазақ елі” монументтерінің де туристер үшін маңызды орталыққа айналатынын жеткізді» – деді.

Баспасөз конференциясының қорытындысы бойынша Мәдениет және спорт министрлігі, Жамбыл облысының әкімдігі және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Меморандум Жамбыл облысындағы «Тараз қалашығы», «Ақыртас», «Меркі», «Құлан», «Ақтөбе-Баласағұн» тәрізді тарихи-мәдени мұра нысандарын кешенді зерттеуді, «Ежелгі Тараз» музейі жұмысын жандандыруды, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» музейі-қорығы базасында туристік кластер құруды көздейді.

«Ақыртас» кешені Тараз қаласынан шығысқа қарай 40 шақырымдай жерде орналасқан. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне 2014 жылы енгізілген. Бұл кешеннің «Ақыртас» деп аталуы Ақыр тәрізді тас блогына байланысты айтылған.

«Қазақ хандығының 550 жылдығы» монументі Қазақ хандығының 550 жылдыға орай тұрғызылған. 30 метрлік монументтің алдында Керей мен Жәнібек хандардың ескерткіштері орналасқан.

Сапар барысында еліміздің туризм саласын дамытуға күш салып жатқанын аңғардық. Оған А.Мұхамедиұлының өзі бас болып іске кіріскені қуантты. Министр пресс-конференцияда журналистер ұсынған ұсыныс-пікірлердің ескерілетінін айтты.


Жасұлан НАУРЫЗАЛИЕВ,

Алматы – Тараз – «Ақыртас» кешені – Алматы,

«Адырна» порталы

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Баспаналы бол!

Өткен жылдың шілде айынан бастап елімізде «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның шарттары көптеген ...