БЕКБОЛАТ ҚАРЖАН: Корпорация халықтың жерін қалай бөліске салып жатқанын білесіз бе?

2057
Adyrna.kz Telegram

ҚР Президенті Қасым-Жомарт-Кемелұлына;
ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттарына;
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасына.

Еститін мемлекеттің жоғары лауазымындағы басшылары!
Біз жақтағы жұртыңыздың зарына құлақ түріңіздер!

Қазығұрт ауданы, Алтынтөбе ауылы округінің жерлерін "Түркістан" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы өзінің жеке меншігіне алып алған. Бұл корпорация ҚР "Жер Кодексіне" де қарамайды, президент қойған мораторийге де қарамайды екен. Бұл корпорацияны қорғайтын мемлекеттің заңы да, механизимі де жоқ. Заң жобасы Парламенттен өтпеген де. Сондықтан да СПК (социальная предпринимательская корпорация) заңсыз құрылым болып саналады. Заңсыз құрылым халықтың берекесін ұшырып келеі. Заңсыз құрылым болғандықтан оның халықтың мүлкін, мемлекеттің мүлкін меншіктеп алуына құқы жоқ.

Қазір ауыл азаматтарында не жер жоқ, не жұмыс жоқ, не кәсіп жоқ. Не субсидия ала алмайды, не жасаған бизнес жобасы өте бермейді. Өздеріңіз жақсы білесіздер, барлық жерде бюрократия жайлаған. Қағазбастылықтан көз сүрінеді. Ауылдағы азаматтар түнде бәрі көшелерді жағалап, арақ ішіп, карта ойнап, уақыттарын бос өткізеді. Жұмыссыздық аздырып, тоздырып жатыр ауыл жастарын. Үй салайын десе тағы жері жоқ. Жас отбасылар жан-жаққа қаңғырып кетіп жатыр. Кәсіп жасайын десе, жері жоқ. Корпорациямен ауыз жаласқан лоббисттер жерді халыққа қайтаруға қарсы қолынан келгенінің бәрін жасап бағуда.

Жергілікт мемлекеттік атқарушы органдар халықтың жерсіз қалуына басын да қатырмайды. Тіпті шешіп беруге құлқы жоқ. Әкімдікке, корпорацияға жерім деп азаматтар миллион рет барды. Әкімдіктермен ауыл жаласқанның бәрі жерді өздеріне меншіктеп, жалған қожайын болып отыр. Міне, "Түркістан" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының халыққа тигізіп отырған пайдасы осындай.

"Түркістан"әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына Түркістан облысының әкімдігі құрылтайшы. Заңсыз құрылымды жібермей ұстап отыруы үшін облыс әкімдігін құрылтайшы етіп отыр ма сонда? Ең сорақысы - халықтың жері осы уақытқа дейін 4 мекемеге өтіп келді. Оның атын да, затын да халық білмейді. Кімдер екенінен хабары жоқ. Елдің басы қатып кеткен. Сондықтан бұл мәселені мемлекеттік деңгейде көтеріп, халықтың құқын қорғайық. Осы үшін жұмыс істеп жатырмыз.

Ауданның жер қатынастары басқармасының бізге берген құжатында Алтынтөбе ауылы округінің жер көлемі 16523 гектар болса, Қазығұрт ауданы әкімінің 2010 жылғы 16 сәуірде жерді "Оңтүстік" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацисы ұлттық компаниясы акционерлік қоғамына беріп жіберген № 153 қаулысында жер көлемі 15935 болып қалған. Ал, қазіргі "Түркістан" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясында Алтынтөбе ауылы округінің жер көлемі 15301 гектар болып тұр. Жерді әкімшілікпен ауыз жаласандар бөлісіп, халыққа көрсетпей заңсыз мемлекеттік актілер жасап жатыр.

30 жыл бойы құқы тапталған, мүддесі қорғалмаған халықтың құқын Қазығұрт ауданының әкімі Арман Абдуллаев қорғайтын түрі жоқ. Арман керісінше, халыққа қарсы бірдеңелерді айтып жатыр. Әкім халқына әкім болып, жерін алып беріп, құқын қорғамаса, ол несіне отыр!? Осының бәрін іске асыру әкімнің халық алдындағы абыройлы міндеті мен қасиетті парызы емес пе!? Оған арнайы мақала шығарамын.
Арман, менен жауап күтіңіз!

Мен өзімнің барлық жұмысымды тоқтаттым. Тек осы халықтың жерінің халықтың өзіне қайтуымен айналысамын. Бұл халықтың 30 жыл бойы жері болмай, құқы тапталып келді. Ешбір құзырлы орган халықтың мүддесін ескерер емес. Керісінше, азаматтарын соттатып, жеріңді аузыңа алма деп отыр. Бізге қолдау жасаңыздар! Бұл жағдай бізде ғана емес, Қазақстан Республикасының барлық өңірінде бар.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер