АЛТЫНБЕК ҚҰЛМЫРЗА: Моңғолиядағы 170 мың қазақта 2 млн қой бар

2025
Adyrna.kz Telegram

Моңғолияда 170 мыңнан астам қазақ бар. Атамекенге көшіп келгендері 100 мыңның төңірегінде. Бірақ сол 170 мың қазақта 2 млннан астам қой-ешкісі бар. Оған жылқы, сиыр, түйесін қоспадық.

Қойдың өзі болғанда будандаспаған нағыз қазақы қызыл қойлар. Бұл қойлардың саны Қазақстанда өте сирек, тіпті жоғалып бара жатқаны анық.

Біздің совет үкіметі кезінде айтып жүрген еділбай, ырғыз, сарысу, орыс, қарқаралы, құйрықты қойлары сұрыптау арқылы шыққан қолтұқымдар. Моңғолиядағы қазақы қойлар біздің таза жүнді қызыл қойларымыз.

Ұлы бабаларымыз бұл қойды VI ғасырдан бастап қолға өсіріп, еш будандастырусыз, қазақ халқына жеткізген. Бұл қойлардың ерекшелігі арқаның қатал қысы мен Алтайдың қара суығына бейімделген. Сондықтан болар Баян-Өлгейдегі қандастарымыз әлі күнге дейін сақтап, өсіріп келе жатқаны.

70 млннан астам қой-ешкісі бар моңғолдар бұл қазақы қойды мүлдем өсірмейді. Олардың өздерінің қара бас қойлары бар. Ертең біздің ағайындар "моңғол қой" деп кекетіп жүрмесін! Барымызды бағалайық, ағайын!

Қай бір жылы Аустралия мен еуропадан ұшақпен қой мен сиыр тасыған едік. Сол, ақ бантик тағып аэропорттан күтіп алған қойларымыз қазақ жеріне жерсіне алмай, екіншіден қатал қысымызға бейімделе алмай, ақыры млн-даған ақшаға әкелген қойлар мен сиырлар құрып тынды. Ол да ауыл шаруашылығы саласындағы мамандардың мал танымастығынын кесірінен болған шығын-ды. Әлгі саланы қазақы мал (!) шаруашылығын меңгерген маман болса, іргедегі қазақтың қызыл қойын әкелуді ойластырушы еді.

Өйткені терісі қалың, суыққа төзімді, етті қызыл қой ұлы түркі халқының таза қанды төрт-түлігінің бірі. Бірақ оған тосқауыл болған орыс ағайындарымыз және бар. Қиялға ерік беріп, кейде ойланасың! Моңғолиядағы 170 мың қазақты 2 млннан астам қой-ешкісімен атамекенге көшіріп әкелсе ғой деп. Қазақтың санын көбейтіп, қызыл қойдың тұқымын өсіріп алатын...

Түбі қазақ атамекенге көшіп келгенде, 2 млн қой-ешкі Бай-өлкенің даласында моңғолға да керексіз болып, жапан түздің тағы қойларына айналса, ұрпақ алдында, баба алдында біздің сорлағанымыз. Қазірден осы мәселені, Отандастар қоры, ауылшаруашылығы мамандары ойластырса. Тіпті болмағанда әлгі еуропаның қойларын самолетпен тасығандай әрекетке көшсе. Бұл қойларды қымбатқа сатып алмайсың, иесімен көшіріп әкелесің. Сол арқылы қазақтың ежелгі текті мал тұқымын көбейтер едік... Ойланатын-ақ, дүние!

 

Пікірлер