БЕКЕН НҰРАХМЕТОВ: Қытайлар жол салады, біздер көлік жөндейміз

2102
Adyrna.kz Telegram

Иә, көршілес қытай еліне сапар шеккен сайын сол елдегі әртүрлі жолдар мен магистральдардың кереметтігіне еріксіз басымды шайқаймын. Жердің асты да, беті де, үсті де тарам-тарам жолға толы. Сонымен қатар, қытай қалаларында техникалық жөндеу орталықтарын да көп кездестірмейсің. Себебі, жол жақсы болса, көлік оңайлықпен бұзыла ма?...

Міне, мәселе осында болса керек.
Олай дейтінім, бірде Шәуешектен келе жатқан қытайлық досым Жарқын есімді азаматты шекарадан тосып алдым. Екеуміз Семейге жол тарттық. «Жол азабын тартқан білер» деген емес пе. Таскескен мен Семейдің ортасындағы шұрық тесік, ойқыш-ойқыш жолдың түрін көргенде әлгі қытайлық қонағым шошып кетті. Әңгімелесіп келе жатып:
-Беке, сіздерде қызық осы, - деп бастады әңгімесін. – Экономиканың күретамыры жолдың жақсы болуында емес пе. Мынандай жолдың сиқын көрсе сіздерге қандай инвестор келеді? Менің түсінгенім, қытайда жол салады, жол жөндейді. Ал сіздерде жолдың нашарлығынан техникалық жөндеу орталықтарын көптеп салады да, көлік жөндейді екен,- дегені бар емес пе түйеден түскендей етіп. Естігенде шынымен де ойланып қалдым. Ұяттан екі бетім қызарып кетті.

Иә, ақиқатын айтпаса, сөздің атасы өледі. Бұл оқиға осыдан он жыл бұрын болған еді. Содан бері Алматы –Өскемен тас жолының құрылысы әлі біткен жоқ. Экс Премьер-министр А.Мамин осыдан екі жыл бұрын Өскеменге келген сапарында аталмыш жол учаскесін 2020 жылы бітеді деп уәде еткен болатын. Сол уәде қайда? Судың да сұрауы болушы еді. Енді жаңа үкімет халықтың мұңы мен мұқтажына құлақ асар деген үміттеміз.

Пікірлер