«Бетінде сақалы, аузында Алласы болған соң сеніп қалдым»: елордалық бір топ тұрғын Имашевке алданып қалды

3699

Астаналық бір топ тұрғын «мұқтаж жандарға жеңілдікпен пәтер әпереміз» деп кооператив құрған айтыскер ақын Балғынбек Имашевқа алданып қалғандарын айтып, видео мәлімдеме жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап. 

Тікелей эфирге шыққан жәбірленуші келіншектің бірі ақынға «бетінде сақалы, аузында Алласы болған соң сеніп қалдым» деп отыр.

«2021 жылдың тамыз айында ол кісі әлеуметтік желідегі парақшасында кооператив құрып, 300 мұқтаж адамға үй алып беремін, кезекке тұрыңдар» деді. Бұл қор ма, кооператив па білмейміз, себебі, қызметкерлердің өзі дұрыс ақпарат берген емес. Кезекке тұра беріңіздер, бір орынның құны 150 мың теңге тұрады деді. Менің ол кезде алтыншы балама аяғым ауыр еді,  жүктілікке дейінгі берілетін жәрдемақы ақшасы түсіп, бірден кезек сатып алдым, қолымда түбіртегім бар», - деді көпбалалы ана.

Жәбірленушілердің ешқайсысы үй беретін ұйыммен сату-сатып алу келісімшартын жасамаған.

«Балғынбекпен WhatsApp арқылы келістік. Келісімшарт дайын болған кезде бізді кеңселеріне шақыратынын айтты. Ол кісінің аузында Алласы, бетінде сақалы болған соң сөздеріне сендім. Қараша айында Балғынбек мырза тікелей эфирге шығып, құжаттарының заңды түрде шыққанын мәлім етті. Бұл бір пирамида сияқты болып шықты. Балғынбек ол кезде бір базар салып жатқан. Менің болжауымша, біздің ақшамыз сол жаққа кетіп қалды», - деді Ақсана есімді келіншек.

Байқағанымыздай, жәбірленуші келіншек құқық қорғаушысымен бірге ақынның кеңсесінен тікелей эфирге шыққан. Сондай-ақ, кеңсеге құқық қорғау органының қызметкерлерін шақырған. Айта кететіні, күні бүгінге дейін ақынға алданған 300-ге жуық адам бар көрінеді.

Аталған жағдайға байланысты екінші тараптың пікірін білу үшін Балғынбек Имашевқа хабарласып едік, ақын телефонға да, WhatsApp хабарламасына да жауап бермеді.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket