Нұр-Сұлтанда екі жасар қызды балабақшада ұрып-соққан

2679
Adyrna.kz Telegram

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны 2 жасар қызының балабақшаға барып, соққыға жығылғанын мәлімдеген. Тұрғынның сөзінше, қызын тәрбиеші ұрған. Оны ата-ана бейне бақылау камерасынан көріпті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Астана арнасына сілтеме жасап. 

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Марина Аушенова  әлі екіге де толмаған қызын жекеменшік балабақшада тәрбиешілердің аяусыз ұрғанын айтады.  Әдеттегідей баласын  бақшаға апарған ол  кешке үйге келгенде "қызымның  түрін көріп шошып кеттім" дейді. 

"Менің қызым кішкентай, екіге де толмаған. Сөйлей де алмайды. Сол күні  балабақшадан кешкісін алып қайттық, үйге келіп шешіндіріп жатсақ, қолының барлығы көгерген. Ең қорқыныштысы мойыны болатын", - дейді баланың анасы Марина Аушенова. 

Марина құзырлы орындарға шағымданған.   Қорғаушының айтуынша, іс қарқынды жүріп жатқан жоқ. Қолдарында  дәлел ретінде бейнекамера жазбасы болса да, жіпсіз байланып отырғанын айтады. 

"Сот алды қағаз жаздырып алды. Сотқа дейін ешқандай ақпарат таратпау туралы. Сондықтан толық мәлімет бере алмай отырмыз. Бірақ  іс әлі  тоқтап тұр. Ал біз ол видеоны жарияласақ, бізге қатысты қылмыстық іс қозғалады", - дейді қорғаушы Инара Жабағыбаева.

Бұл жағдай өзге ата-аналарды да алаңдатып отыр. Айтуларынша, бұған дейін балабақшада  осындай оқиға болған. Ирина Нуралинаның  баласының бірнеше рет  еріні жырылып келген. Оған аса мән бермеген көрінеді. Иринаның сөзінше, бұл жағдайдан кейін ұлын балабақшадан шығарып алған.    

"Мен бұл жағдайды естігенде арыз жазып балаларымды шығарып алдым. Маринаның қызының фотосуреттері мен видеоларын көріп, үндемей отыра алмадым. Сол күні барлық ата-ананы жинап, акт залында жиналыс жасадық. Тәрбиеші ол кезде әлі жұмыс істейтін, сол кезде ата-аналардан кешірім сұрады", - деп мәлімдеді ата-аналардың бірі Ирина Нуралина.

Ал мектепке дейінгі тәрбие орнының директорының айтуынша, тәрбиешіге қатаң сөгіс берілген. Онан кейін жұмыстан  қуылыпты.

"Болған оқиғаға байланысты тәрбиешіден түсініктіме алынып, хаттама толтырылды. Тәрбиеші қазіргі кезде 52-бап, 4-тармағы бойынша жұмыстан қуылды", - дейді балабақша директоры Гүлназым Бестүбаева.

Сондай-ақ құзырлы орган жәбірленушінің арызы бойынша қылмыстық іс қозғаған

"Жәбірленушінің арызы бойынша Алматы аудандық полициясымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады", - деді Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Шәуленова.

Балабақшалардағы былық азаяр емес.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер