Бейжің Олимпиадасы: Қазақстан құрамасының формасы таныстырылды

2870
Adyrna.kz Telegram

Ұлттық Олимпиада комитеті 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасына арналған Қазақстан құрамасының формасын көпшілік назарына ұсынды, - деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "olympic.kz" сайтына сілтеме жасап. 

Қазақстан тарихында алғаш рет экипировкадағы ел атауы қазақ тілінде Qazaqstan болып жазылатыны айтылды.

"Қазақстан құрамасының Олимпиадаға арналған спорттық формасын қазақстандық ZIBROO компаниясы шығарды. Шеруге арналған коллекцияны ресейлік дизайнер, SHISHKIN брендінің негізін қалаушы Дмитрий Шишкин дайындаған. Екі өндіруші де ең жоғары талаптарға сай келетін, өндірісте эко-шешімге сай келетін әрі киім дизайнының әлемдік трендін қолданатын ортақ эпикировка коллекциясын ұсынды", - делінген хабарламада.

Басылым мәліметінше, Қазақстан құрамасының Олимпиада экипировкасын дайындауға бір жылдан аса уақыт кеткен. Киімді дайындау процесіне атлеттердің өздері де қатысқан. Олар форманың дизайны, сапасына қатысты өз ұсыныстарын білдірген.

"Бір аптадан соң Қазақстан құрамасы Қытайға ұшып кетеді. Ал 4 ақпан күні төртжылдықтың басты додасы - қысқы Олимпиада басталады. Токио қарсаңындағы секілді, ойын басталардан бұрын экипировканы дайындау кезінде спортшылардың ұсыныс-тілегін ескердік. Біз үшін Олимпиада ойындарында спортшыларға осы форманың ыңғайлы, қолайлы және сәнді болғаны маңызды. Ал мата мен тігістің ең жоғары талапқа сай болатыны сөзсіз", - дейді ҰОК бас хатшысы Андрей Крюков.

Қысқы ойындарға арналған форманың таныстырылымына жазғы спорт түрлерінің өкілдері, соның ішінде, Токио Олимпиадасының жүлдегерлері Қамшыбек Қоңқабаев, Сәкен Бибосынов пен Софья Берульцева қатысты. Сондай-ақ, фотосессияға дзюдошылар Жансай Смағұлов пен Ақмарал Науатбек, бокстан ерлер командасының капитаны Абылайхан Жүсіпов, гимнаст Аружан Қасенова мен "Барыс" хоккейшісі Самат Данияр қатысты.

"Біздің құраманың формасының таныстырылымына қуана-қуана қатыстым. Спорттық күнтізбеміздегі айырмашылықтарға байланысты қысқы спорт түріндегі атлеттермен жиі кездеспесек те, олардың бізге көрсеткен қолдауын ұмытқан емеспіз. Тиісінше біз де Олимпиада кезінде отандастарымыздың жанкүйері боламыз. Өйткені біз бір команданың - Қазақстан құрамасының намысын қорғаймыз. Формаға келер болсақ, сапасы қатты ұнады. Күртешелер жеңіл әрі жылы, дизайны да жинақы. Қазақстан сөзінің "Q" арқылы, яғни қазақша жазылғаны көңілге жылы тиеді екен. Бұл форма Бейжіңге аттанатын барлық спортшымызға ұнайтынына сенімдімін. Олимпиада ойындарында барлығына шын жүректен сәттілік тілеймін", - деді бокстан Токио Олимпиадасының жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов.

"Форманың таныстырылымына шақырту алғанымда таңғалдым әрі қуандым. Өйткені қысқы спорттағы атлеттеріміздің нәтижесін үнемі қадағалап жүремін. Бір күн бойы өзімізді модель сезіндік. Мұндай қызық жобаға қатысу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Форма қатты ұнады, түсі де, эпикировка сапасы да қуантады. Өте жылы әрі денеге жақсы тұрады. Спортшылар жабық ғимараттарда да, үлкен стадиондарда да өздерін ыңғайлы сезінетіні анық. Айтпақшы, олардың формасы ең сәнді болатынына күмәнім жоқ. Алдағы ең маңызды жарыста құрамаға сәттілік тілеймін. Алға!", - деді Токио Олимпиадасының жүлдегері, каратэші Софья Берульцева.

Киімдегі жазуға бірегей шрифт таңдалған. Жарысты қабылдаушы елдің дәстүрлері де назардан тыс қалмаған. Олимпиада өтетін жыл су жолбарысы жылымен сәйкес келеді, ал шығыс күнтізбесі бойынша 2022 жылғы түс "талаптарына" аспан көк, қара және ақ түс сәйкес келеді.

Киім Қытайдағы қысқы климатқа арнайы ойластырылған. Мұнда температура кей кездері 20 градустан да төмендейді. Сондықтан сырт киім табиғи қаз жүнімен жасалған, жылуды сақтап, суықты өткізбейтін заманауи материалдар қолданылған. Көлеміне қарамастан, киімнің салмағы аз, еркін қозғалуға ыңғайлы. Дизайнерлердің ойынша, спортшылар бұл форманы спорттық аренадан басқа жерлерге де кие алады.

 

Еске салайық, қысқы Олимпиада ойындары 4 ақпан күні Бейжіңде басталып, 20 ақпанға дейін созылады. Қазақстан құрамасы спорттың 8 түрінен бақ сынайды. 

"Адырна" ұлттық порталы.
Пікірлер