Ордалы Қосай Жұмаділдаевқа: "Айтысамын десең өзің біл, бірақ енді аямаймын"

9339
Белігіл математик Ордалы Қосай әріптесі Асқар Жұмаділдаевқа ашық хат жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. Ашық хатын әлеуметтік желіде жариялады. 
"Асқар қарағым! Жақсы көретін едім. Ғылымға, әлемдік ортада өзін, қазақты танытқан Азамат деп жақын тұтатын едім. Көңіліме қаяу түсірдің. Бір емес бірнеше рет ұлт мұраттарына қарсы үндеу тастап, онсыз да екіұдай, кімге сенерін білмей жүрген қорыну комплексі етінен өтіп сүйегіне жеткен ұрпақтың санасын жаңғыртуға кері ықпал етіп қоймадың.
Азғана шегініс жасап өзім туралы мәліметтер беруге мәжбүрмін. Өйткені, қылдай қиянатты білмейтін, тумысынан адал, аузын ашса жүрегі көрінетін, Жасаған Ием ерекше қасиетке ие етіп өлшеусіз жады берген, теңдессіз бауырмал қазақ баласын сенгіш те, иланғыш та етіп жаратқан. Соңғы қасиеттері де жақсы, бірақ екінші жағы да бар, «теңізде балық өртеніп жатыр» десе сенетін ақкөңіл мінезіміз де бар.
Мамандығым – математика пәні мұғалімі. Аймақтық пединституттың бірінен жоғары білім алып, туған ауылымда, өзім оқыған мектепте еңбек жолымды бастап, сол жерден зейнетке шықтым. Мектепте жақсы оқып, математик болуды арман еттім. Институтта оқыған пәндерді игердім. Арнаулы курстарға қатыстым. Әсіресе, математиканы оқыту методикасына ыңғайлылау болдым. ЖОО бағдарламаларынан тыс «Интегралдық теңдеулер», «математикалық физика теңдеулері», «Қозғалыстың орнықтылық теориясы» арнаулы курстарына курстық жұмыстар жаздым. Әрине, қазақша оқулық жоқ кезде қазақша курстық жұмыстар жазу оңай болған жоқ, бірақ қазақ тілінде баламалары табылды. Кейде қазақша аудармасы орысшасына қарағанда айқынырақ болды. «Ішектің теңдеуін» жазғанда жарасып-ақ тұрды. «Фурье қатарларынан» курстық жұмыс жазғанда «Мажорируется» деген сөзді аудара алмай, «мажорланады» деген аудармамды жетекшім оқып мәз болғаны бар. Ал «Қозғалыстың орнықтылық теориясынан» лекция оқыған ұстазымның орнына өз тобыма дәріс те оқығаным бар. Сөйтіп, қазақтың тілі байлығы ғылым тілі бола алатынына әбден көзім жеткен-ді.
Институт бітірерде сонда қалуға мүмкіндік болды. Бірақ қала алмадым. Өйткені өзім көрген құқайды соңымнан ерген ұрпақ көрмесін, қолдан келгенше қарлығаштың қанатымен су сепкендей қызмет қылайын, дедім. 1963 жылы мектеп бітіргенде ауылдық жердегі мектеп бітірушілер қой бағуға қалдырылысын деген жоғарының пәрмені келген. Паспорт шығартпады, аттестат берілмеді. Мектептің сол кездегі директоры Гурьев пединститутының ректорына ертіп апарып, біздердің 10-шы кластағы үлгерім табелімізді құжат етіп қабылдатты. Сөйтіп сегіз бала физматты бітірдік.
Басымнан өткендерді айтқаным мақтану үшін емес, Сен сияқты белгілі ғалым болмасам да «Математика – ғылымдар патшасы» ұғымына түсінігімді айшықтау.
Енді бастан өткен кемшілігімді айтайын. Студенттік кезеңде гуманитарлық пәнді игерушілерді төменгі сұрыпқа жатқыздық. Тіпті, математиканы толық игермеген, есеп шығаруға шорқақ қыздардан да аулақ жүрдік. Алғаш еңбек жолымды бастағанда да математиканы меңгермеген оқушы класында қалу керек деген ұғым, күпірлік ой-сағымда жүріп, оқушыларға қиянат жасап, зорлап оқуға мәжбүрледім.
Осындай өрескел «айыптарымды» кейін түсіндім. Барлық баланы математик қыла алмайтынымды, тіпті қылудың қажеті жоқ екеніне де көзім жетті. Ф. Энгельстің «Адамды адам еткен еңбек» дегеніне шүбә келтіре бастадым. Мақұлықтың ең кішісі құмырсқадан артық еңбекқоры жоқ екенін, боқ домалатып бара жатқан қара қоңыздың адам бола алмайтынын сезіндім. Ақырында, Гетенің: «Адам – тәрбиенің жемісі» деген сөзіне тоқтадым. Оның үстіне Кеңестік кездегі тәрбиенің арқауы «әркімнің мені болуы керек» деп баулығаннан бүгінгі ұрпақ жаппай «менмен» болып шықты. Бүгінгі қоғам «нәтижесін» көрсетті. Тәуелсіз ел ұрпағына әлі сол тәрбие жалғасып келе жатыр. Шұғыл бас тарту керек.
Енді Сенің «технократ ел» болу теорияңа келейін. Менің пайымымда «технократтық – адамзатты құрдымға апаратын жол», оған дәлел жеткілікті. Екінші дүниежүзілік соғыста Жапонияға атом бомбасын тастаған ұшқыш жасаған жұмысының нәтижесін бағалап, ақыры жынданып кетті. Ұшқыш – орындаушы, ал бомбаны жасаған ғалымның күнәсі орасан ауыр. А. Сахаров супербомба жасап, лабораториялық сынақпен зерттегенде, жағалауға таяу мұхитқа тастаса бүкіл бір материкті су алып кететіне көзі жетіп, бас тартқан. Ол кісіні, жаңалығын үкіметке бермедің деп, 1989 жылға дейін қанішер коммунистер үйқамағында ұстады.
Компьютер жасамайсыңдар деп өкпелейсің. Атақты миллиардер, қалтафонның соңғы үлгілерін жасаған Стив Джобс өсиет айтыпты: «Мен іскер адамдардың әлемінде жүріп, жұрт жетпеген шыңға шықтым. Басқалардың көзімен қарағанда менің өмірімді керемет табысты өмір үлгісі деп қарайды. Бірақ Менің өмірімде жұмыстан басқа қуанышым көп болған жоқ. Байлық – Менің өмірімнің шынайы көрінісі еді. Қазір бүкіл өмірімді көз алдымнан жүгіртіп өткізсем, Менің бар байлығым мен атағым – ажалға бір күні жетектеп апаратын түкке тұрғысыз, мән-мағынасыз бір нәрсе екенін ғана түсіндім. Сіз көлігіңізді жүргізетін адамды жалдап алуыңызға болады. Табыс табатын, табыс әкелетін адамдарды жалдап аласыз. Бірақ Сіз ешкімді Сіздің ауруыңызды өзіне алып ауыратын адамды таба алмайсыз. Дүние мен мүлікті іздеп сатып аласыз. Бір ғана нәрсені – өмірді сатып ала алмайсыз, жоғалған өмірді іздеп таба да алмайсыз.
Демек, өмірдің еркетайы болыңыз. Басқаларды сыйлаңыз! Адам есейген сайын ақылы толысады, түсіне бастайды. 30 доллар тұратын сағат пен 300 доллар тұратын сағат екеуі де бірдей уақыт көрсетеді. Бағасы 10 доллар тұратын шарап пен бағасы 300 доллар тұратын шараптың «кайфы» бірдей. 30 шаршы метр үй мен 3000 шаршы метр үйде тұрсаң да жалғыздығы бірдей. Сіздің ішкі жан дүниеңіздің бақыты мал-мүлікпен, дүниеден нәр алмайды. Сіз экономкласпен немесе бизнескласпен ұшсаңыз да, егер ұшақ құласа, бірге құрисыз!
Егер Сіздің сөйлесетін достарыңыз немесе сөйлесіп тұратын адамыңыз болса, шын бақыт сол!
Даусыз бес шындық:
1. Балаларды бай болсын деп емес, бақытты болсын деп тәрбиеле.
Сонда ғана өскенде дүниенің бағасын емес, әр нәрсенің құндылығын білетін болады.
2. Асыңды ішкенде шипалы дәрі іштім деп ұғын. Олай етпесең
тамағың тек дәрі болады.
3. Сізді сүйетін адамдар, сіз қанша «керексіз» болсаңыз да, сізді еш
уақытта тастап кетпейді.
4. Адам болу мен адамгершілікті болудың үлкен айырмашылығы бар.
Тез жүргіңіз келсе – жалғыз жүріңіз! Алысқа барғыңыз келсе – бірге жүріңіз!
5. Әлемдегі ең мықты 6 дәрігер:
1.Күннің сәулесі;
2. Демалыс;
3. Спорттық жаттығу;
4. Диета;
5. Өзіңе сенімің;
6. Достарың.
Өмір бойы осылармен бірге бол», – депті.
Ал Сен болсаң, Асқар мырза, өзіңді дүниежарыққа жеткізген ұлтыңды – Қасиетті Қазақты жерге тыға бересің. Сен тынбай жапондықтардан үлгі алуға шақырасың. Сен осы жерден оңбай қателесіп отырсың. Жапондардың хас үлгісі «Тойота» жасау емес, олардың ұстанымы: «Батыстық ғылым, жапондық рух». Ұлттық рух қалыптаспаса, ешкім еш нәтижеге жете алмайды. Ұлттық рух барлық саланы, әсіресе ғылымды дамытады.
Алаш көсемдері неге дамудың жапондық үлгісін таңдады? Сол үшін оларды «жапонның тыңшылары» деп атты. Ол кезде жапондар әлі смартфондар мен «Тойотаны» шығармақ түгілі түсінде де көрген жоқ еді.
Мәселе жапондардың ұлттық рухы үшін күресті дамудың күре жолына қоя білуінде еді. Соны Алаш зиялылары таныды, үлгі етіп алды. Олар бастауыш білім аяқталғанша өзге тілді оқытпайды. Бастауыш сыныптарға ұстаз етіп тек қана ЖОО-ын үздік бітіргендерді жібереді.
Жапондар елінің 2700 жылдан бері мемлекеттік жүйесі қалыптасқан. Ұстанымы – жапон рухы, оны мәңгілік сақтау. Императоры – ұлттың көсемі, иесі. Англияда 1440 жылдан бері Итон колледжі қызмет жасайды. Колледждің мақсаты ағылшындардың ұлттық рухын сақтау, ұлтын ұлықтау. Сондықтан олар «Ұлыбритания» деген рухты ұранды ешқашан аяқасты қылмайды. Елінің барлық басшылары қай заманда да сол колледжді тамамдаған. Себебі бұл елдің иесі бар.
Асқар інім, менің жасым үлкен, Ағамын. Сенің құрдастарыңды оқыттым. Алғырсыңдар, өздеріңе лайық пікірлерің, өмірге деген көзқарастарың бар. Ол мінездеріңді жақтаймын. Кейде сыңаржақ, қыңырлықтарың да бар... Техникалық прогресті жақтамайтын, айранын ұрттап, қойын құрттап жүрген ауылбай-міскін деп ойлап қалма! Осы қазақты 4000 жыл бағып, осы дәуірге жеткізген төрт түлік мал екені рас. Кешегі Кеңестік кезде қой жайып жүрген өрісіміздің астынан мұнай шыққанда риздығы бізге бұйырмады. Жергілікті жастар кен орындарынан шетқақпай етілді. Келімсектер иеленіп кетті. 1985 жылы 5 мартта мектеп реформасына байланысты Маңғыстау облыстық партияшаруашылық активінің басқосуында обкомның хатшысы (ұлты басқа) баяндама жасады. Ауыл жастарын өндіріске жұмысқа орналыстыру мәселесі неге түбегейлі шешілмейді деген сауалыма, әлгі хатшы: «Совхоздың балалары мұнайға кетсе, қойды кім бағады?» деп жауап қайырды. Орынымнан қайта тұрып, залдағы микрофонға барып: «Маңдайымда қой бағу үшін туылған деген жазу бар ма?!» деп қарсы сұрақ қоюға тура келді. 22 жылдан соң да ішімде қайнаған, булыққан ыза айтылмай қоймады. Сан ғасырлар бодандықта өмір сүрген ұлтыңды аяқасты етіп, жермен-жексен қылғанда жалғыз өзің ұшпаққа ұшасың ба? Бір қазақ компьютер жасағанда, қалған қазақ жетіле қоя ма?!
Жаһандану заманында ұлттың жоғалып кетеріне үндеп, салт-дәстүрімізден, тілімізден, ділімізден, әдебиетімізден жерінуге шақырасың, «іліміңе» сенімдісің бе? Ондай пиғылда болсаң, әлемдегі үздік, осы заманғы ойшылдардың салмақтысы Г. Киссенджердің пайымдарымен таныс. Ол кісі: «Жаһандану деген сөз мәңгілік жүзеге аспайтын сандырақ, ал технологиялық жаңару ортақ жетістік. Жапондардың өз мәдениеті бар, мыңдаған жылғы дәстүрі бар. Қытайларды басқа мәдениетке көшіруді ойлаудың өзі қызық. Орта Азиялықтар мен мұсылман әлемінің өз салты бар, Еуропа да солай, тіпті Американың екі құрлық халықтарын жақындастырудың өзі мүмкін емес», – деп шегелейді. Арасына дуал тұрғызып жатқандары да бар.
2000 жылдар басында әлемдік бір жиында американдық саясатшы Колли Дурхан: «Енді он бес жылда бүкіл жер жүзі американдықша ойлап, американдықша өмір сүретін болады» дегенде, сол жиынға қатысып отырған Амангелді Айталы ағамыз: «Құдай одан сақтасын, о баста адамзатты жасағанда бір тілде сөйлетіп, бір ұлт етуге Жасаған Иеміздің құдіреті жетпей қалған жоқ. Сан түрлі ұлт пен сан тілді етіп жаратудың өзі өркениеттілік» дегенде жиынға қатысушылар Айталы ағамды қолдапты.
Бірде техника ғылымдарының докторы бір жерлесіміздің дүниетанымын естігенде, «техника ғылымының докторын сауатты адамдар қатарына жатқызуға болмайды», деп мақала жазып едім. Асқар бала, сен де сол деңгейде екенсің. Қазақта «көрмес – түйені де көрмес» деген бар. У. Черчилл ұлы қазақ Қ. Сәтбаевқа басқа мысты Жезқазғанның мысы деп таныстырып, сынағанда түсінен айырған данышпанға таң қалмап па еді? Сен, міне, ширек ғасырдан бері ұлттың руханиятын жоққа шығарып жүрсің, ал ұлы Қаныш Сәтбаев қыршын жасында Ресей астанасынан «Едіге» жырын шығарып, Алғы сөз жазып жүрді. Ол геологиялық барлау жасап жүргенде, малшылар Қанышты сағынып күтіп отыратын болған. Не үшін? «Қаныш келіп жыр айтады» деп. Сол Сәтбаев Жезқазған өңірінде өткен әулие Балмағамбет Балқыбайұлын (Сармолда) өзіне Рухани Пір тұтты!..
Қазіргі қазақ ғалымдарының арасында өздерінің әлемдік ғылымға жетекшілік ететін салаларының бар екендігін менен артық білуге тиіссің, әлде оларды көргің келмей ме? 2009 жылы Атырауда бір-жар күн бірге болған ақын М. Шахановқа жиынға қатысып отырған философия ғылымдарының докторы бір қарындасымыз: «Аға, соңыңыздан ерген іні-қарындастарыңыздан кімдерді айтар едіңіз?» деген сұрағына ағамыз: «Ешкім жоқ» деп қайырып тастады. Сұрақ қойған ғалым қарындасымыз: «Енді айтарым да, сұрағым да жоқ» деп шығып кетті.
Соған дейін ақын ағаны туған ауылыма әкеліп, жұртпен сұхбаттастырамын дейтін ойым бар еді. Осындай дәстүріміз бар еді. Бас тарттым. Сенімен де сондай ойым бар еді, енді сенен де бас тартуға мәжбүрмін. Адамзат «қалтафон» мен «тойотамен» жетілмейді. Тәрбиемен жетіледі, өседі, дамиды, толығады, ұлғаяды. Айман Мұсаходжаева әлем артисі атағын иеленді. Димаш жапон еліне барғанда аэропорт қазақша хабарлама жасады. Қандай концерт қойса да әлем «Дайдидауды» қазақ тілінде қосылып ән салып тұр. Бір ғасыр бұрын әлемді таңғалдырған Әмірені жазған «Comoedіa» журналын қарап шық.
Қазақ спортшыларының өзі қазақты танытып болды. Көлемі жағынан «Иллиада» мен «Одиссеяны» қосқанда неше орап кететін «Қырымның қырық батырын» Алматыда 1943 жылы алты ай бойы жырлап тауыса алмаған Мұрын жырауды естімеген боларсың. «Иассауи» тобының кештеріне қатыспағаның қандай орны толмас өкініш! Қасымызда жүрген Баянғали Әлімжановтың «Манасты» ырлағанын тыңдап көрші! Теңдессіз жад.
1980 жылдардың аяғында Ленинградта оқитын балаларыма барып жүргенде кездескен қазақтардың ғылыми жұмыста немесе ЖОО-ында жұмыс жасайтыны таң қалдырды. Ленинград Полярлық Академиясының ректоры Азургет Шаукенбаева атыраулық жерлесіміз екен. Франция президенті Жак Ширак Францияның жоғарғы орденін өзі әкеліп табыстағанын да білдік...
Біздердің замандасымыз Новосибирск инженерлік-құрылыс институтының 4-ші курс студенті Төкен Омаров 1965 жылы әлемде шеше алмай жүрген бір есепті шығарды. Әлемдік ғылыми орта физмат ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру керек деген ұйғарымына қызғаныш жасап, кеңестік ғылыми орта кандидаттық қана дәрежесін берген.
Асқар, Сен оларды білмейтін боларсың. Алдыңда жүрген Мұқтарбай Өтелбаев ағаңнан ұялмайсың ба? Олар есіріп, еліріп сөйлемейді. Ұлттың кешегісін біледі, талдайды, қорытынды шығарады, сөйтіп ертеңгісін қамдайды. Ал ғасырдың үздік ғалымы Темірғали Көкетаев ағамыз бір сұхбатында «өзімнің кім екенімді ұлттың рухын түсінгеннен бастап таныдым» дейді.
Смартфон жасаған екі Биллді кім таниды? Ешкім де! Биллдер мен Димашты салыстыршы! Өкініштісі, ұлттық рух деген Киені ұқпайтының көрініп тұр. Мен ұстазбын. Мені тыңда.
Рух – жүректегі қайрат, ақылға қонған сәуле, көздегі ұшқын, сөздегі жалын, іштегі жанған от, жаннан қымбат Ар, үрейді жеңетін қуат!
О баста Ер Түріктің санасын Рухы билеген. Түрік тектес халыққа өсіп-өніп, қанат жайып, кең байтақ жерді қоныстану – тұрмысты түзеу қияметінен ада, жүрегі ерлік пен мейірімге толы, жаны жайсаң, жасампаз да еңбекқор жұртқа лайық болған. Аллаға шүкір, сол қасиеттеріміз бүгінгі күнге жеткізді.
Рухани жаңғыру сандырақ емес, бодандық кездегі таңылған танымды, жаңылған жадыны, сарсылған сананы қалыпқа келтіріп, ұлттық кодқа оралу дегенді білдіреді.
Тұран жеріне түркі ұрпағының санасына құйылған тәрбие – Алып Ер Тұңғадан басталатын, Әл-Фараби, Ж. Баласағұни, А. Иассауи ілімдерімен жалғасатын Хакім Абай, Шәкәрім ғұлама мен жергілікті данышпан бабаларымыздан қалған мұралар жинағы. Ұлттық педагогика дегеніміз осы!
Ертеде, Ресейдегі бір жиында, «Русь» этнонимінің мән-мағынасын анықтау жолында сан-саққа жүгірген жаңсақ пікірлер аз болмапты. Осындай бір пікірталастан соң Ломоносов тарихпен шұғылданып кетіпті. «Неге бұлай істедің?» деген әріптесінің сұрағына: «Ұлттың санасын қалыптастырудағы тарихтың атқарар міндетін өзге бірде-бір ғылым атқара алмайды», – депті. А.С.Пушкин Ломоносов туралы: «Он создал нам первый университет, он лучше сказать, сам был университетом», – деп баға берген екен.
Ұлттық Сана тарихи сана арқылы қалыптасады. Ұлттық Сана, ұлттық мүдде болмаса ұлт ыдырайды, жойылады.
Әлде мақсатың сол ма? Сен, тіпті, елірмең қатты ұстаған кезде: «Тарихи мылжың мен тіл деп қақсамайық, ақындар айтысы кімге керек?» «Поэзиясыз да өмір сүреміз» деп сандырақтайсың. Ақындар айтысы өзімізге керек, ондай зерек ой мен жедел жауап қайыруды тек қазаққа ғана берген, басқа ұлттарға бұйырмаған.
Сен сияқты зиялысымақтар қазақ ұрпағын “қазақ тілден диктант жаздырмаңдар, қатесін қызылмен түзетпеңдер» деп, жауапкершіліктен жұрдай етіп тәрбиелеп жатыр, мазмұндама жаздырмай жадтан айырып мәңгүрттендіруде. Қазіргі ұрпақ бетіне қаратпайды, ата-анасы баласына «тәк» деген мұғалімдермен өштеседі. Ақыры өзіне-өзі қол салудың не түрі шықты. О заманда өзіне-өзі қол салған адамға жаназа оқылмаған, қауымға қойылмаған. Соның нәтижесінде бұндай келеңсіздік өте сирек, тіпті кездеспеген, кездескен күнде жария етпеген, туғандарына сын саналған.
Әлде мәңгүрттеніп жатқан жұртқа жағынып, жақсы атты көріну есебің бар ма? Ондайың болса, «сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын», депті бұрынғы қазақ.
Тәрбие дегеніміз шектеу қою, бас-басына би қылып, бәсіне жібермеу шарасы. Қазақ даласында жыр-термеден, аңыз-ертегілермен сусындап басталған тәрбиенің сан-саналы түрі бар. Жыр-терменің мәйегі Сыр сүлейлерінің отанында өскен сен үшін бағаңды жерлестерің бере жатар.
Жұрттың бәрінің баласы сенің балаларың сияқты математик бола бермейді. Сөз басында айттым ғой, оның керегі де жоқ. Сен оқыған мектеп қана емес, сенен он жыл бұрын мен оқыған мектепте де «ақын болу мұрат емес, азамат болу парыз» деп, одан да бұрын айтып келе жатыр.
Шамаң жетсе жөніңе жүр, ұлтты азғырма. Қазақтың ата-бабасы сен емес, ұлттың көшбасшысы да емессің. «Мен баламды орыс класына берем» деп кергисің. Мейілің білсін. Шетелге көшіп кетсең де ауылым еру. Ешкім ештеңе демегесін, аузыңа келгенді «дей» берме. Математиктердің алды да, арты да сен емессің. Үмітіміз алда.
Технократтық Сананың түпкі мақсаты – тән рахаты, ашкөздік пен тойымсыздық. Алда болудың жарнамасы ғана жасалады. Міне, қазіргі қоғамымыз кешіп жатқан үдеріс – сен көксеген қоғамның ауыр елестерімен күрес! Асқар, осы уақытқа дейін сен айтқандай бос сөзбен өмір сүрдік. Әне қуып жетеміз, міне басып озамыз деп әлі солай келеміз. Жаппай ұлттық рух оянып, сезінбеген жұрт жекелеген жетістікті жоққа шығарады да тұрады.
Технократтық пен «әуелі экономика» саясатының салдары ашкөздік пен тойымсыздықтан елімізде 30 жылдан соң трагедиямен аяқталғанына көзімізді жеткізді. Осыдан екі ғасыр бұрын айтқан ұлы Гетенің: «Белсенді надандықтан қорқынышты ештеңе жоқ» деген қағидасы дәл келді.
Технократтықтың бүгінгі жетістігі – басқыншылықтың ең соңғы, жаппай қырып жоятын «СОИ» жүйесі және «ЖИ». Сондықтан адамзатты құрдымға апарар жол деуге әбден негіз бар.
Қабырғаңмен кеңес. Райыңнан қайтсаң, құшағым ашық. Айтысамын десең өзің біл, бірақ енді аямаймын. Барлық ұстаздар бірдей, бүгін ұрысып алса, ертесіне маңдайыңнан сипайды. Мен де солардың бірімін.
Ұялы телефон: 87024885863, 87772242103" деп жазды Ордалы Қосай өз хатында.
Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket