Алматы тұрғыны Ләйлім Әбілдаева Қазақстанның құқық қорғау органдарына жүгінді. Оның күйеуі Тимур Ким қаладағы тәртіпсіздіктерден кейін ұсталған. Tengrinews.kzтілшісі берген сұхбатында әйел оқиғаның мән-жайын айтып берді.
Әбілдаеваның айтуынша, 9 қаңтарда кешкі сағат 19.00 шамасында бетперде киіп, қолына автомат ұстаған оншақты адам үйге басып кіріп, үш баланың көзінше күйеуін ұра бастаған.
"8 жасар қызым, 6 жасар ұлымның көзінше ұра бастады. Мен 3 айлық қызымды тамақтандырып отырғанмын. Балалар, соның ішінде менде де күйзеліс болды, бұл ұмытылмайды. Күйеуімді белгісіз жаққа алып кетті. Бір күннен кейін қолына кісен салып, барлық полиция қызметкерімен пәтерді тінтуге келді. Сол кезде Алматы ПД екенін білдік. Түні бойы ұрып-соғып, мазақ еткенін айтты. Киімі қан-қан, жыртылған. Киімін ауыстыруға рұқсат берді. Олар тінтуге келгенде, тергеушінің сөзінен оған лаңкестерге көмектесті деген айып тағылғанын білдік. Ол ақ түсті Mitsubishi Delica көлігінде қару таратқан делінеді, тергеу барысында үш адам оны нұсқап тұрғаны белгілі болды. Ал бұл қатеден басқа ештеңе емес, қызметкерлердің айтуынша, ол іздеуде жүрген басқа адамға ұқсайды", - деді әйелі.