Өрт жалмаған бес тағдыр. Жымпитыда қаза тапқан балаларды жерлеу рәсімі өтті

1703
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/06/img_2966-960x500.jpeg?token=be453d06e5284df00f0e6b872d03b82a
Жымпиты ауылында бір отбасының бес баласын соңғы сапарға шығарып салды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Orda.kz-ке сілтеп. Қайғылы оқиға отбасының үйінде болған өрт салдарынан орын алды. Бүлдіршіндер – 6 жастағы Раян, 5 жастағы Райс, 4 жастағы Диар, 2 жастағы Нұрхан және 8 айлық Әлихан улы газдан уланып көз жұмды. Оқиға кезінде ата-аналары жұмыста болған. Orda.kz мәліметінше, Сабировтар — ата-анасыз өскен, екеуі де жетім. Туыстарының айтуынша, Ерген Сабиров — Жымпитының тұрғыны, ал жұбайы Атыраудан. Бұған дейін ауданға қарасты алыс ауылдардың бірінде тұрып келген олар өткен жылы Жымпитыға көшіп келген. Өз үйлері болмағандықтан, көпбалалы отбасы ретінде тұрғын үй кезегіне тұрған.
«Материалдық жағдайлары қиын еді. Еш жерден қолдау көрмеді. Қолдау болғанда, бәлкім, бұл қайғының алдын алуға болар ма еді? Қазір бірден бес баласынан айырылып отыр», — деді отбасының туысы Жұмақан Өмбетияров.
Балалардың денелері жақын туысының үйінен шығарылды. Қоштасуға ауылдың ересектері мен жастары жиналған. Сабировтар тұрған үйдің бір бөлмесі толығымен өртеніп кеткен. Екінші жартысы аман қалған. Балалар дәл сол аман қалған бөлмеде жатқан. Оларды от шалған жоқ, бірақ бәрі де улы газдан тұншығып көз жұмғаны анықталды. Көрші Тілек Аманбаевтың айтуынша, ол түтінді байқап, дереу өрт сөндірушілерді шақырған. Құтқарушылар жылдам жеткенімен, үйдің есігі құлыптаулы болғандықтан, олар бастапқыда үйде ешкім жоқ деп ойлаған. Тек көршілердің бірі үйде балалар болуы мүмкін екенін ескерткен. Кейіннен есікті бұзып, ішке кіргенде ғана, бүлдіршіндердің денесі табылды. «Балалардың денесінде күйік іздері болмады. Олар түтіннен уланған», – деді Тілек Аманбаев. Жаназаға Сырым ауданының әкімі Жұмакелді Батырниязов пен Жымпиты ауылының әкімі Мирам Қайырғалиев келіп, отбасына көңіл айтты. Сонымен қатар оқиға орнында жедел жәрдем, полиция мен ТЖД қызметкерлері кезекшілік етті.
댓글
기타 기사