Шекарадағы кезек. Қазақстан мен Өзбекстан шара қабылдады

1977
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/06/img_2952-960x500.jpeg?token=50d686172d59ac9dc7195a0562d7d75d
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекарада ұзын-сонар көлік кезегі жойылды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Ферғанаға сілтеп. Өзбекстанда орналасқан «Навои» бақылау-өткізу бекетінде кептеліс мәселесі шешілгені хабарланды. Өзбекстан Кеден комитетінің баспасөз хатшысы Хусан Тангриев сағат 20:20-да түсірілген бос бақылау аймағының суретін жариялап, бекеттегі кептелістер қабылданған шаралардың нәтижесінде жойылғанын атап өтті. Бұған дейін осы күні қос мемлекеттің шекара және кеден органдары өкілдері «Навои» өткізу пунктінде кездесіп, Құрбан айт мерекесі қарсаңында пайда болған жеңіл көлік кептелісін жою мәселесін талқылаған. Нәтижесінде тараптар қосымша ресурстарды жұмылдырып, реверсивті қозғалыс енгізу туралы шешім қабылдаған. Тангриевтің айтуынша, соңғы бес жылда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы көлік пен жолаушылар легі екі есеге артқан. Қазірдің өзінде «Навои» бекеті арқылы күн сайын шамамен 40 мың жолаушы мен 2 мың көлік шекарадан өтеді. Дегенмен, кеден қызметкері кептелістің толық жойылуына кепілдік жоқ екенін айтты. Себебі бір көлікті тексеруге орта есеппен 5-10 минут кетеді. Осыған байланысты азаматтарға Сырдария облысындағы халықаралық емес «Оқ алтын» және «Мәлік» секілді балама өткізу пункттерін пайдалануға кеңес берді. Бұл бекеттер арқылы күн сайын 1500-ге жуық адам және 250 көлік өтеді. Сондай-ақ бірқатар өткізу бекеттерінің жөндеу жұмыстары да жағдайды күрделендіріп отыр. Атап айтқанда, «Гишткуприк» бекеті уақытша жабылған. Өзбекстан тарапы бұл бекеттегі жөндеу жұмыстарының аяқталуға таяу екенін айтса, Қазақстан жағындағы «Жібек жолы» бекетінде жөндеу енді ғана басталған. Еске салсақ, осыған дейін шекарада жүргізушілер бір тәуліктен аса уақыт шекарадан өте алмай тұрғаны туралы хабарлаған едік.
댓글
기타 기사