Алматы себебін айтпады. Тағы бірнеше қала 31 мамырдағы шеруге рұқсат бермеді

2126
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2023/12/c8a975dc-f114-4363-a9f0-fbd9d273e279-960x500.jpeg?token=f5b11dd98ba6db48fcba45d9e95787df

Қазақстанның бірнеше қаласында – Алматы, Қарағанды, Ақтөбе және Ақсайда – жергілікті билік өкілдері қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған бейбіт шеру өткізуге рұқсат бермеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚазТАГ агенттігіне сілтеп.

Қарағанды қаласының әкімдігі жергілікті белсендінің өтінішіне берген жауабында:

«31 мамыр күні жоспарланған бейбіт шеру өткізуге рұқсат берілмейді, себебі осы уақыт аралығында арнайы бөлінген орындарда басқа да ресми, мәдени, ойын-сауық, спорттық және өзге де іс-шаралар жоспарланған, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіледі», – деп көрсетілген.

Алматы қаласында берілген екі түрлі орынға қатысты екі өтінішке де әкімдік  шеру өткізуге ешқандай себепсіз рұқсат бермеген. Ақсай қаласында да себеп түсіндірілмей, бас тартылған. Сонымен қатар, өтініш берген азаматқа өз бетінше шеруге шыққан жағдайда немесе бейбіт жиын ұйымдастырғаны үшін жауапкершілік қарастырылғаны ескертілген.

Ақтөбеде әкімдік 31 мамыр күні жоспарланған абаттандыру жұмыстарын алға тартып, шеруге рұқсат бермеді. Егер тұрғын бұл шешіммен келіспесе, жоғары тұрған органға немесе сотқа жүгінуіне болатыны айтылған.

Бұған дейін Астана, Өскемен, Шымкент, Павлодар, Петропавл, Орал және Семей қалаларында да азаматтық белсенділердің дәл осындай мазмұндағы өтініштері қанағаттандырылмаған. Қайсыбір өңірлерде себеп ретінде регламенттің көрсетілмеуі немесе орынның бос еместігі аталған. Кей қалаларда әкімдіктер ешқандай түсініктемесіз жазбаша түрде бас тартқан. Кейбір өтініш берушілерге 15 тәулікке дейінгі әкімшілік қамауға алу қарастырылғаны жөнінде ескерту де жасалған.

Бұған дейін Қарағандыда саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу мақсатында шеруге шығатынын жариялаған белсендіге сот 15 тәулікке әкімшілік қамау жазасын қолданған. Сот оның әрекетін «бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзу» деп таныған. Белсенділер мұны биліктің адамдардың жиналуынан және азаматтық наразылықтан қорқуымен байланыстырды.

Кеңестік кезеңдегі Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін жүйелі, жаппай және жоспарлы түрде жүргізілді. Қуғын-сүргінге ұлттық интеллигенциядан бастап кулактар мен түрлі этностардың өкілдеріне дейін – соның ішінде қазақтар да – ұшырады. 1937–1938 жылдары, яғни «Үлкен террор» кезінде, Қазақ КСР-де 58-бап (контрреволюциялық әрекет) бойынша 120 мыңға жуық адам тұтқындалды. Олардың көпшілігі – қазақтар. Көп жағдайда оларға қысқа мерзімде үкім шығарылып, ату жазасы қолданылған. Сонымен қатар, Қазақстанға жүздеген мың неміс, поляк, корей және өзге де ұлт өкілдері мәжбүрлеп қоныс аударылды. Қазақтардың өзі де кеңестік билікке қарсы әрекет жасады деп айыпталып, жер аударылған.

Ұлттық интеллигенцияны, саяси оппозицияны және «бай-кулактарды» жоюға ерекше назар аударылып, бұл қазақ халқының мәдени және саяси элитасының жойылуына алып келді. Сталиндік қуғын-сүргін жылдары Қазақстандағы лагерьлерге 5 миллионнан астам адам айдалды. Бұл – кеңестік билікті нығайту және кез келген еркін ойды басу мақсатындағы ауқымды террор саясатының бір бөлігі болды.

1932–1933 жылдардағы ашаршылық – Қазақстан тарихындағы ең алапат қасірет. Бұл кезеңде 2,3 миллионнан 4 миллионға дейін қазақ аштықтан қаза тапқан. Ашаршылықтың себептері – күштеп ұжымдастыру, астық пен малды тартып алу, көшпелі өмір салтынан отырықшылыққа мәжбүрлеп көшіру. Нәтижесінде елде жаппай аштық орнап, кей өңірлерде адамдар каннибализмге дейін барған.

1997 жылы Қазақстанда 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Ал 2012 жылы осы күні ел астанасында ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш орнатыған еді.

댓글
기타 기사