«Ұят болады» деген түсінік бала құқығынан жоғары тұрмауы керек»

529
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/miIsox0VjMTaMyPyBFLUyzz94RGzJcZf5Mmx7PrM.jpg

Зардап шеккен азаматтарға 10 жыл бойы тегін құқықтық көмек көрсетіп келе жатқан Human Rights Lawyers қоғамдық қорының президенті, құқық қорғаушы Ләззат Рақышева «Адырна» тілшісіне берген сұқбатында балалар құқығын қорғаудағы түйткілдер мен өз тәжірибесінде кездескен оқиғалар туралы айтып берді.

БҰҰ ұсынысымен 1956 жылдан бастап жыл сайын 20 қарашада әлемнің көптеген елінде Дүниежүзілік балалар күні аталып өтеді. Биыл бұл атаулы күннің бекітілгеніне 70 жыл толды. 1959 жылы осы күні «Бала құқықтары декларациясы», 1989 жылы «Бала құқықтары туралы конвенция» бекітілді. Балалардың амандығы мен денсаулығын қорғауға арналған бұл атаулы күн көптеген елде педиатрлардың кәсіби күнімен де қатар аталып өтіледі.

Ал 2022 жылғы БҰҰ 18 қарашаны Дүниежүзілік балаларды жыныстық қанаудың, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және осындай әрекеттердің құрбандарын емдеу күні деп жариялау туралы қарар қабылдады.

Қазақстанда балаларға қатысты зорлық-зомбылық, буллинг пен қатыгездік мәселесі әлі де өзекті. Қылмыстық жауапкершілік күшейгенімен, мұндай істердің тергелуі мен жәбірленушілерге көрсетілетін көмекте олқылықтар бары жасырын емес.

Human Rights Lawyers қоғамдық қорының президенті, құқық қорғаушы Ләззат Рақышеваның пікірінше, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға кедергі келтіретін факторлардың бірі – ата-ана мен бала арасындағы ашық қарым-қатынастың жеткіліксіздігі.

«Көптеген ата-ана баласымен оның денесі, жеке шекарасы, жыныстық жетілуі, қауіпсіздігі туралы ашық сөйлеспейді. Ал бала өзіне қандай әрекет жасауға болмайтынын, қандай жағдайда көмек сұрау керектігін кішкентай кезінен білуі керек», - дейді ол.

«БАЛА ҮШ ЖАСЫНАН БАСТАП ЖЕКЕ ШЕКАРАСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІ ТУРАЛЫ БІЛУІ КЕРЕК»

Ләззат Бекмұханбетқызы құқық қорғау тәжірибесінде кездескен ауыр оқиғалардың бірін мысалға келтірді. Маман жақында өгей әкесі 4 жасынан бастап 6 жыл бойы жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткен қыздың ісімен танысқан. Анасы бұл жағдайды қызы 10-ға толғанда ғана білген.

«Анасы төсек-орнындағы қанды байқап, қызынан себебін сұраған. Бала екі күннен бері қан кетіп жатқанын айтқан. Сол кезде анасы оған етеккірдің табиғи құбылыс екенін түсіндірген. Арада бір апта өткен соң анасы жұмысқа кетіп бара жатқанда қызы өгей әкесінің ақша бергенін айтқан. Анасы оған тәтті алуды ұсынғанымен, баланың көзіндегі жасты байқап, себебін сұраған. Сол кезде қыз өгей әкесінің оны шешіндіріп, жыныстық сипаттағы әрекеттер жасағанын және кейін 2 мың теңге бергенін айтқан», - дейді құқық қорғаушы.

Осыдан кейін анасы полицияға арызданған. Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Ешкімнің баланың денесіне қол сұғуға, оған жыныстық зорлық-зомбылық жасауға құқығы жоқ. Қылмыс жасаған адам міндетті түрде заң алдында жауап беруі керек. Бұл жерде кінә, ең алдымен, зорлық жасаған адамда», - деп атап өтті ол.

Құқық қорғаушы ата-аналарға баламен үш жастан бастап жас ерекшелігіне сай жеке шекарасы мен қауіпсіздігі туралы сөйлесуге кеңес береді.

«Ұл-қыздарымызға ешкімнің интимдік жерлеріне қол тигізуге құқығы жоқ екенін, біреу сондай әрекет жасаса, «жоқ» деп айтуға және міндетті түрде анасына немесе сенімді ересек адамға айтуға болатынын түсіндіру керек. Егер бала мұндай ақпаратты ерте жастан білсе, өзіне қатысты заңсыз әрекетті ертерек танып, көмек сұрауы мүмкін. Бұл зорлық-зомбылықтың міндетті түрде алдын алады деген сөз емес, бірақ баланың жағдайды түсініп, дер кезінде айтуына көмектеседі», - дейді Рақышева.

Құқық қорғаушы мектеп бағдарламасына балалардың құқықтары мен қауіпсіздігі туралы арнайы сабақтар енгізіп, ашық сабақтар, тренингтер мен семинарларды тұрақты өткізуді ұсынады.

«Біз өзіміз де 10 жылға жуық уақыт бойы осы бағытта тренингтер мен семинарлар өткізіп келеміз. Сол тәжірибеміз көрсеткендей, бала өз құқығын білген кезде ғана өзіне қатысты әділетсіздік пен зорлық-зомбылықты танып, көмек сұрауға қадам жасай алады», – дейді ол.

Сондай-ақ маман соңғы жылдары балалардың құқықтарын қорғау саласында оң өзгерістер болғанын да атап өтті. Қазір балалар омбудсменінің институты жұмыс істейді, өңірлерде балалардың құқықтары жөніндегі уәкілдер бар. Балалар мен ата-аналарға тегін заңгерлік және психологиялық көмек көрсететін орталықтар да ашылған. Алайда негізгі мәселе – халықтың осы мүмкіндіктер туралы жеткілікті хабардар болмауы.

«Көптеген ата-ана мен балалар өз өңірінде қандай орталықтар бар екенін, қайда барып тегін заңгерлік немесе психологиялық көмек алуға болатынын білмейді. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарында, теледидарда және әлеуметтік желілерде осындай орталықтар туралы ақпаратты тұрақты түрде жариялау қажет. Әрбір ана, әрбір бала өз құқықтары бұзылған жағдайда қайда жүгінуге болатынын білуі тиіс», - дейді құқық қорғаушы.

Ол балаларға 111 нөмірі арқылы көмек сұрауға болатынын да үнемі түсіндіру қажет деп санайды.

«Мысалы, бала өзінің құқығы бұзылған жағдайда 111 нөміріне хабарласып, анонимді түрде көмек сұрай алатынын білуі керек. Мұндай ақпарат балаларға үнемі түсіндіріліп отыруы қажет», – дейді Рақышева.

Алайда маман балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікті тек ата-аналарға жүктеуге болмайтынын айтады. Оның пікірінше, қорғаншылық және қамқоршылық органдары да баланың жағдайын формалды түрде бақыламай, оның қауіпсіздігі мен құқықтарының сақталуын нақты қамтамасыз етуі тиіс.

КІНӘЛІЛЕРДІҢ ЖАЗАДАН ҚҰТЫЛУЫ

Ләззат Рақышеваның айтуынша, соңғы он жылдағы тәжірибесі балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың негізгі мәселесі заңның жоқтығында емес, қылмыстың тиісті деңгейде тергелмеуінде екенін көрсеткен.

«Ата-аналар баласына қатысты зорлық-зомбылық болған кезде құқық қорғау органдарына арызданады. Бірақ көп жағдайда тергеу жұмыстарының сапасына, істің қалай қаралатынына қатысты үлкен сұрақтар туындайды. Кейбір жағдайда кінәлілер жазадан құтылып кетеді», - дейді ол.

Оның сөзінше, Түркістан облысында 6 жастағы қызға мектеп маңында 15 жастағы жасөспірім жыныстық зорлық-зомбылық жасаған жағдай болған. Қыздың ата-анасы арызданғанымен, іс кейін қысқартылған.

«Тергеу тарапы баланың қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жасқа толмағанын алға тартқан. Алайда біз бұл шешіммен келіспейміз. Өйткені ауыр қылмыстар бойынша қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатын жағдайлар бар. Сондықтан мұндай істің құқықтық бағасы жан-жақты әрі заң талаптарына сай берілуі керек еді. Біздің мәліметіміз бойынша, кейін баланың ата-анасына екі миллион теңге берілгеннен соң іс қысқартылған. Бұл жағдайдың өзі істің әділ қаралғанына қатысты күмән тудырады», - дейді құқық қорғаушы.

Құқық қорғаушы бұл оқиға туралы Түркістан облысының білім басқармасына айтқан. Маманның сөзінше, зорлық жасады деп айтылған бала мен жәбірленген қыз бір мектепте оқиды.

«Білім басқармасы баланы бақылауда ұстап отырғанын айтады. Нақты қандай бақылау жүргізіліп жатқаны түсініксіз. Егер бала жауапкершіліктен құтылып, мектепте бұрынғыдай жүрсе, басқа кішкентай балалардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі? Ал 6 жастағы қыздың басынан өткен қорқынышы мен психологиялық жарақаты тұтас өміріне әсер етуі мүмкін», – дейді ол.

БАЛАНЫҢ ЖАҒДАЙЫН ЖҮЙЕЛІ БАҚЫЛАУ

Құқық қорғаушының айтуынша, мәселе қылмыстық істің үкімімен ғана шектелмейді. Зорлық көрген баланың психологиялық сауығуы да ұзақ уақыт назарда болуы керек.

«Зорлық көрген балаға бір-екі рет психологқа бару жеткіліксіз. Оған кем дегенде бес-алты жыл бойы қажетіне қарай тұрақты психологиялық қолдау көрсетілуі керек деп есептеймін. Өкінішке қарай, көп жағдайда ата-аналар баласын психологқа бір апта апарады да, кейін бұл жұмыс тоқтап қалады. Баланың ары қарайғы жағдайын ешкім жүйелі түрде бақыламайды», - дейді Рақышева.

Оның сөзінше, қоғамда үлкен резонанс туындағанда ғана мектеп психологтары, балалардың құқықтарын қорғау орталықтары және басқа да жауапты мекемелер іске кіріскендей болады. Алайда олар көбіне бір-екі рет барып, кейін мәселе назардан тыс қалады.

«Менің он жылдық тәжірибемде қаралған істердің басым бөлігінде балалармен ұзақ мерзімді, жүйелі жұмыс жүргізілмейтінін көріп отырмын. Мұны әртүрлі өңірлердегі істермен жұмыс істей отырып байқадым», – деп атап өтті ол.

Қазақстанда балаларға қатысты жыныстық қылмыстар үшін жазаның қатаңдатылғанын құқық қорғаушы оң өзгеріс ретінде бағалайды. Оның айтуынша, қазіргі заңнамада кәмелетке толмағандарға қатысты аса ауыр жыныстық қылмыстар үшін өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған.

«Бұрын мұндай қылмыстар үшін жаза жеңілірек болатын жағдайлар кездессе, қазір соттар 20, 25 жылға, кейбір жағдайларда өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап жатыр. Сондықтан мен мәселе тек заңның бар-жоғында деп ойламаймын. Заң бар, жаза да қатаңдады. Бірақ құқық қорғау органдарының тәжірибесі мен кәсіби дайындығы осы талаптарға сай болуы керек», - дейді ол.

ІСТІ ТЕРГЕУДІҢ ТҮЙТКІЛІ

Ләззат Рақышеваның пікірінше, балаларға қатысты жыныстық қылмыстарды тергеу арнайы білім мен тәжірибені талап етеді. Алайда кейбір істерді еңбек өтілі аз жас тергеушілерге тапсыру тәжірибесі бар.

«Балаларға қатысты аса ауыр жыныстық қылмыстарды кейде небәрі бір жылдық еңбек өтілі бар жас тергеушілерге тапсырады. Ал мұндай қылмыстарды тергеу оңай емес. Ол үшін арнайы білім, тәжірибе, көптеген сараптаманы дұрыс тағайындау және олардың қорытындыларын сауатты бағалай білу қажет. Бір ғана қате шешім баланың тағдырына әсер етуі мүмкін», - дейді құқық қорғаушы.

Ол тергеу барысында зорлық-зомбылық белгілерін дұрыс бағаламау мәселесіне де тоқталды. Кейде медициналық тексеру кезінде қыздық перденің зақымданбауы зорлық болмағанының белгісі ретінде қабылданады.

«Бұл – мүлде дұрыс емес. Жыныстық зорлық-зомбылық әртүрлі әрекеттер арқылы жасалуы мүмкін. Кейбір қылмыскер азғындықтың небір амалын ойлап табады. Мұндай әрекеттердің де құқықтық бағасы берілуі керек. Сондықтан бір ғана медициналық белгіге қарап, зорлық-зомбылық болмаған деп қорытынды жасауға болмайды. Әрбір жағдай жан-жақты зерттелуі тиіс», - дейді маман.

Осыған байланысты Ләззат Бекмұханбетқызы балаларға қатысты жыныстық қылмыстарды тергеуге маманданған тәжірибелі мамандарды даярлау қажет деп санайды.

«Мұғалімдер жыл сайын білімін жетілдіріп, оқудан өтеді. Сол сияқты тергеушілер де тұрақты түрде кәсіби даярлықтан өтуі керек. Тәжірибелі мамандарды әр өңірге жіберіп, жергілікті тергеушілерге арнайы оқыту жүргізу қажет», – дейді құқық қорғаушы.

Сонымен бірге ол ата-аналардың арызын тіркеу мәселесіне де назар аударды. Оның айтуынша, кейбір жағдайларда ата-аналарға арыз жазбауға немесе жазған арызын қайтарып алуға қысым жасалады.

«Әсіресе, ауылдық жерлерде «Ұят болады», «Ол сенің көршің, туысың ғой» деген сөздермен ата-аналарды райынан қайтаруға тырысатын жағдайлар кездеседі. Ауылдың үлкендері, туыстары немесе басқа адамдар араласып, істі ушықтырмауға шақырады. Бірақ мұндай әрекет баланың құқығын қорғауға көмектеспейді. Керісінше, қылмыстың жасырын қалуына және кінәлі адамның жауапкершіліктен құтылуына әкелуі мүмкін. Біз балалардың қауіпсіздігі туралы сөз болғанда «ұят» деген түсінікті бірінші орынға қоймауымыз керек. Ұяттан бұрын баланың өмірі, денсаулығы, психологиялық жағдайы мен болашағы тұруы тиіс. Қоғам баланы қорғауы керек, қылмысты жасыруға немесе ата-ананы үнсіз қалдыруға тырыспауы керек», – деп пікір білдірді құқық қорғаушы.

10 ЖЫЛДАН КЕЙІН ӘДІЛДІККЕ ЖЕТКЕН ЖӘБІРЛЕНУШІ

Заңның қатаңдығы мен тергеудің сапасы арасындағы алшақтықты құқық қорғаушы өз тәжірибесіндегі тағы бір оқиғамен түсіндірді. Оның айтуынша, бала кезінде туған ағасының жыныстық зорлық-зомбылығына ұшыраған қыздың ісі он жыл өткен соң ғана қайта қаралған.

Қыз 8 жастан 12 жасқа дейін туған ағасының зорлық-зомбылығына тап болған. Ол бұл туралы анасына да, полицияға да айтқан. Алайда сол кезде қылмыстық іс тиісті деңгейде қаралмай, тоқтатылған.

Арада 10 жыл өткеннен соң жәбірленуші 22 жасында Human Rights Lawyers қоғамдық қорына хабарласып, әділдік іздеп көмек сұраған.

«Біз сол істі қайта көтеруге атсалыстық. Мен де осы іске тікелей қатысып, бұрынғы материалдарды қайта қарауға, істің мән-жайын анықтауға күш салдым. Құжаттарды зерттеген кезде істі жалғастыруға негіз болатын дәлелдер мен материалдардың бар екені анықталды», - дейді Рақышева.

Нәтижесінде іс қайта қаралып, соңына дейін жеткізілген. Құқық қорғаушының айтуынша, қылмыс жасаған адам 23 жылға бас бостандығынан айырылған.

«Бұл істі одан сайын ауырлататын жайт – қызға зорлық жасаған адамның әйелі де жағдайдан хабардар болғаны. Яғни, баланың басынан не өтіп жатқанын білген адамдар бола тұра, оны қорғау үшін тиісті әрекет жасалмаған. Қыздың анасы да бұл жағдайды білгенімен, баласының құқығын қорғап, істің соңына дейін бармаған», – дейді ол.

Қоғамдық қор басшысы мұндай оқиғаларда ата-ананың үнсіз қалуына не себеп болғанын да түсіну маңызды екенін айтады. Оның пікірінше, ұзаққа созылған тергеу, әділдікке деген сенімнің азаюы, әлеуметтік және материалдық қиындықтар кейбір отбасыны істің соңына дейін барудан бас тартуға мәжбүр етуі мүмкін.

БҮКІЛ ҚОҒАМҒА ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Құқық қорғаушы әлеуметтік желілердегі балалардың психологиялық жағдайына қатысты белгілерге де бейжай қарамауға шақырады.

«Мен өзім де әлеуметтік желілерден 13-14 жастағы балалардың «Өмір сүргім келмейді, «Суицид жасағым келеді»деген мазмұндағы жазбаларын көріп жүрмін. Бұл – жай ғана интернеттегі жазба емес, баланың көмекке мұқтаж екенін білдіретін дабыл болуы мүмкін», – дейді ол.

Оның пікірінше, киберқауіпсіздік мамандары, полиция қызметкерлері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдер осындай белгілерге назар аударып, заң аясында тиісті шара қабылдауы керек. Ең бастысы, қауіп белгісі байқалған кезде балаға дер кезінде көмек көрсетілуі қажет.

 Сұхбат соңында Ләззат Бекмұханбетқызы балалардың құқығын қорғау тек ата-ананың немесе жекелеген мемлекеттік органның міндеті емес екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл – бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік.

«Біз тек көмек көрсететін орталықтарды ашып қана қоймай, халықтың сол орталықтарды тауып, көмегіне жүгіне алуына да жағдай жасауымыз қажет. Менің негізгі ұстанымым мынадай: баланың құқығын қорғау үшін, алдымен, баланың өзіне сол құқықтарды үйретуіміз қажет. Құқығын білетін бала өзіне жасалған заңсыз әрекетті түсініп, қорықпай көмек сұрауға мүмкіндік алады. Ал қоғам мен жауапты органдар сол дауысты естіп, дер кезінде әрекет етуі керек», - деп түйіндеді құқық қорғаушы.

 Диана Асан

«Адырна» ұлттық порталы

댓글
기타 기사