Бұлтартпау шарасы. «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшылары абақтыға қамалды

243
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/2PQ7zhLV2SeIoIAMDg1UqdvkcMAuinbMkEs3JQNY.jpg

Сот «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Елжас Отаншиевті қамауға алуға санкция берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, күдіктілер 12 қарашада сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

«14 қарашада тергеу сотының санкциясымен оларға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр», – делінген ҰҚК хабарламасында.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Еске салайық, шенеуніктердің ұсталғаны туралы алғаш болып журналист Михаил Козачков жазған еді. Сондай-ақ ол әлеуметтік желіде АҚШ долларына ұқсас банкноттардың видеосын жариялады. Журналистің болжамынша, ақша салынған чемоданды күдіктілердің бірінің жұбайы терезеден лақтыруы мүмкін.

Кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Нұрлан Жақыпов, Елжас Отаншиев және өзге де күдіктілердің 11 қарашада ұсталғанын растады.

13 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев басшылардың ұсталуын мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты алаңдатарлық белгі деп атады.

댓글
기타 기사