Шенділерден тәркіленген пәтерлер бағасы біршама арзандады

293
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/2mPO64QjVlmyRVaVUR2joxwKhPvE70eHHEly1c6Y.webp

Астанада мемлекет меншігіне қайтарылған үш элиталық пәтер қайтадан саудаға шығарылды, деп хабарлайды “Адырна”. 

E-qazyna.kz дерегінше, сатып алушы табылмаған жылжымайтын мүлік нысандарының бастапқы бағасы айтарлықтай төмендетілген. 

Енді олардың жалпы құны бұрынғыдан 207 миллион теңгеге азайды.

Бірінші лот – елорданың Нұра ауданындағы Green Village тұрғын үй кешенінде орналасқан 231 шаршы метрлік пәтер. Ол Қарашаш ана көшесі, 23/1 мекенжайында орналасқан.

Пәтердің интерьері сән-салтанатымен ерекшеленеді. Бөлмелерде мәрмәр камин, алтын жалатылған әшекейлер, сәндік бағаналар мен төбедегі фрескалар бар. Жуынатын бөлмелердің бірінде де ерекше мозаикалық панно орнатылған.

Қыркүйек айында бұл пәтер 214 миллион теңгеге саудаға шығарылғанымен, сатып алушы табылмаған. Қайта өткізілетін сауда-саттықта оның бастапқы бағасы 65 миллион теңгеге төмендеп, 149 миллион теңге болып белгіленді.

Қалған екі пәтер елорданың Алматы ауданындағы «Париж орамы» тұрғын үй кешенінде орналасқан.

Ауданы 309,5 шаршы метр болатын екі деңгейлі пәтер бұған дейін 363 миллион теңгеге бағаланған. Алайда сауда-саттық нәтижесіз аяқталған. Қазір оның бастапқы бағасы 254 миллион теңгеге дейін төмендетілген. Пәтердің интерьерінде сәндік кескіндеме, камин және алтын түстес сантехникалық жабдықтар бар.

Ал осы кешендегі ауданы 93 шаршы метр болатын үшінші пәтердің бағасы 112 миллион теңгеден 79 миллион теңгеге дейін арзандаған.

Үш жылжымайтын мүлік нысаны бойынша сауда-саттық 25 қараша күні сағат 12:00-де бағаны көтеру әдісімен өтеді.

Пәтерлер кімге тиесілі болған?

Жылжымайтын мүлікті Қайтарылған активтерді басқару компаниясы (ҚАБК) сатылымға шығарған. Бұл – заңсыз жолмен алынған қаражатқа сатып алынып, кейін мемлекетке қайтарылған активтер.

Tengri Home редакциясының бұрынғы меншік иелері туралы сауалына компания олардың есімдері мен мүліктің тәркіленуіне қатысты мәліметтерді жариялай алмайтынын хабарлаған. Заң талаптарына сәйкес, ҚАБК бұрынғы иелерінің құпиялылығын сақтауға міндетті. Компанияның негізгі міндеті – мемлекетке қайтарылған активтерді есепке алу, сақтау және тиімді өткізу.

ҚАБК өкілдерінің түсіндіруінше, сауда-саттықтың өтпей қалуы мүлікті сату процесінің тоқтатылғанын білдірмейді. Мұндай жағдайда компания белгіленген тәртіппен нысандарды қайта сатуға шығарады.

Ал пәтерлерді мемлекеттік органдардың балансына беру туралы ресми өтініш түссе, ол қарастырылуы мүмкін. Дегенмен мұндай шешімді ҚАБК қабылдамайды.

Жылжымайтын мүлікті сатудан түскен қаражат Арнайы мемлекеттік қорға аударылады. Қор қаржысы елдегі әлеуметтік және экономикалық жобаларды жүзеге асыруға бағытталады.

댓글
기타 기사