Маскаттағы келіссөз. Ташкент пен Оман 30-ға жуық құжат әзірледі

276
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/pFRvijH1vZ0ewN5X3Y98m8Pjuw6zlj3dBdhhV8Ae.jpg

16 қарашада Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Оман сұлтандығының астанасы Маскат қаласына екі күндік мемлекеттік сапармен барды. Әуежайда оны Оман сұлтаны Хайсам бин Тарик Әл Саид қарсы алды. Бұл туралы Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі. Сапар аясында жалпы құны шамамен 5 миллиард доллар болатын жобалар мен келісімшарттар бойынша 30-ға жуық құжат әзірленген, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Оман әуе кеңістігінде президент ұшағын Корольдік әуе күштерінің жойғыш ұшақтары алып жүрген. Әуежайда құрмет қарауылының салтанатты рәсімі өтіп, қысқаша әңгімелескеннен кейін Мирзиёев пен сұлтан бірге «Әл-Алам» сарайына бет алған. Онда ресми кездесу өтіп, мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастықты, сондай-ақ өңірлік және халықаралық мәселелерді талқылаған.

Сапар бағдарламасына жоғары деңгейдегі келіссөздер мен ірі компаниялардың басшыларымен кездесулер енгізілген. Өзбекстан тарапы сауда, инвестиция, ауыл шаруашылығы, туризм және мәдени байланыстарды негізгі бағыттар ретінде атап өткен. Келіссөздер қорытындысы бойынша екіжақты құжаттар мен келісімдерге қол қою жоспарланған.

Құны 5 миллиард долларды құрайтын келісімдер топтамасы туралы бұған дейін Өзбекстанның инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрі Лазиз Құдратов мәлімдеген. Оман Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, тараптар Өзбекстан-Оман инвестициялық компаниясының жарғылық капиталын 500 миллион долларға дейін ұлғайту және Орталық Азия мен Оман порттары арасындағы көлік бағыттарын дамыту мәселелерін де талқылаған. Алайда президент сапарына дайындалған құжаттардың толық тізімі жарияланған жоқ.

Келіссөздердің тағы бір маңызды бағыты – преференциялық сауда туралы келісім. Ташкент Оманға азық-түлік, жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін, мыс, алюминий, тоқыма бұйымдарын, электр техникасы мен химия өнімдерін экспорттауды арттыруды көздеп отыр. Ал кері бағытта қант, полимерлер, мұнай өнімдері мен майлау материалдарын жеткізу мәселесі қарастырылуда.

Бірлескен өндіріс орындарын ашу да күн тәртібінде бар. Атап айтқанда, фармацевтика кәсіпорындарын құру, электр жабдықтары мен автомобиль бөлшектерін шығару жоспарланып отыр. Логистика саласында Өзбекстандағы терминалдарды дамыту және Парсы шығанағы елдері мен Шығыс Африка нарықтарына шығу үшін Оман порттарын пайдалану мәселелері талқыланған.

Іскерлік кездесулердің бір бөлігі бұған дейін өтіп қойған. Өзбекстан үкіметінің ресми порталындағы ақпаратқа сәйкес, Маскатта ұйымдастырылған бизнес-форум мен көрмеге екі елдің 150-ден астам компания өкілі мен іскерлік топ мүшесі қатысқан. Форум қорытындысы бойынша энергетика, өнеркәсіп, көлік және логистика, қаржы, ауыл шаруашылығы мен технология салаларында құжаттарға қол қойылған. 

Алайда олардың атаулары мен қаржылық көлемі жарияланбаған. Қазір екі ел арасындағы өзара сауда көлемі айтарлықтай үлкен емес. 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында тауар айналымы шамамен 3,3 миллион долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 70 пайыздан астам өскен.

Өзбекстан мен Оман арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылы орнаған. 2009 жылдың қазанында Оманға Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов мемлекеттік сапармен барған еді. Ал 2026 жылдың шілдесінен бастап Маскат пен Ташкент арасында Oman Air әуе компаниясы аптасына екі рет тікелей рейс орындайды.

댓글
기타 기사