Студенттер өлімінен кейін. ҚазҰУ-да проректор мен декан жұмыстан босатылды

265
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/04N7kHfcvwQY2VPQnL0o0xr0bCvI0jE61Cp5J1w8.jpg

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірінші курс студентінің қазасынан кейін екі басшы қызметінен босатылды. Бұл туралы бүгін, 17 қарашада оқу орнының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна».

Университет әкімшілігінің мәліметінше, қайғылы оқиғадан кейін шұғыл шаралар қабылданған.

«Тәрбие жұмысын ақсатқаны, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмағаны үшін Басқарма мүшесі – әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор, география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы лауазымдарынан босатылды», – делінген университеттің ресми хабарламасында.

Сонымен қатар қайғылы оқиға болған күні жатақханада кезекшілікте болған жауапты қызметкерлер жұмыстан шеттетіліп, олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатыр.

Университет басшылығы студенттің қазасына байланысты марқұмның отбасына көңіл айтып, қайғысына ортақ екенін жеткізді.

«Болған оқиға – университет қауымы үшін орны толмас ауыр қайғы. Студентіміздің қазасы қабырғамызды қайыстырды», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ оқу орны марқұмның отбасымен байланыста екенін және қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

Қазіргі уақытта барлық жатақханада кешкі бақылау күшейтіліп, студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәсіби психологиялық көмек көрсету бойынша қосымша шаралар енгізілген.

Университет өкілдері тергеу жұмыстарына толықтай көмектесіп жатқанын атап өтті.

«Университет бұл оқиғаға қатысты ешқандай деректі жасырмайды, құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеуге толық көмек көрсетуде және істің әділ, ашық өтуіне тікелей мүдделі», – делінген баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу құпиясына байланысты оқиғаға қатысты өзге ақпарат әзірге жарияланбайды.

Еске салайық, бұған дейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 1 курс студентінің кісі қолынан қаза тапқаны, одан бұрын 6 қарашада тағы 1 курс студенті өлімі хабарланған еді. Аталған оқиғаларға байланысты полиция қылмыстық іс қозғаған.

댓글
기타 기사