Алматы тауларында тоңып қалған екі турист құтқарылды

210
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/d4gWX9Bnac3DRQDZNnBqaqDhgxJ4srKgnhPf9QZZ.jpg

Фото: 112.kz

Алматы тауларында ауа райының күрт суытуына байланысты өздігінен төмен түсе алмай қалған екі туристке құтқарушылар көмек көрсетті. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

Оқиға Қарасай ауданындағы 2 600 метр биіктікте орналасқан «Терра» алаңы маңында болған. 2003 және 2004 жылы туған екі жас жігіт ауа температурасының төмендеуіне байланысты таудан өз бетімен түсе алмай қалған.

Оқиға орнына жеткен Алматы қаласының Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының мамандары туристерді қауіпсіз жерге жеткізіп, экологиялық бекетке дейін алып түсті. Абырой болғанда, олардың медициналық көмекке мұқтаждығы болмаған. Кейін екеуі үйлеріне өздігінен қайтқан.

Осы жағдайға байланысты ТЖМ өкілдері тауға шығатын азаматтарға қауіпсіздік талаптарын сақтауды ескертті. Мамандар сапар алдында маршрутты алдын ала жоспарлап, ауа райы болжамы мен күннің бату уақытын ескеруге кеңес береді. Сондай-ақ белгіленген бағыттан ауытқымай, өз мүмкіндіктерін дұрыс бағалау қажеттігін атап өтті.

댓글
기타 기사