Шарын шатқалы әлемдегі үздіктердің қатарына енді

96
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Hq1BRw9uTA8YD2dmtZFC2J8PszDOIbbnZnQGzZxt.webp

Қазақстанның табиғи көрікті орындарының бірі – Шарын шатқалы халықаралық рейтингте жоғары орынға ие болды, деп хабарлайды “Адырна”. 

Әлемнің 46 елінен іріктелген 100 каньон мен шатқалдың арасында 17-орынға жайғасты. Бұл рейтингке Қазақстаннан енген жалғыз табиғи нысан.

2026 жылғы The Worldworthy 100 рейтингі бойынша Шарын ұлттық табиғи паркі Мексикадағы Basaseachic Canyon Falls шатқалынан кейін, Франциядағы Gorges de Daluis каньонының алдында орналасқан.

Зерттеу барысында рейтинг авторлары туристік платформалардағы пікірлер мен бағаларды, халықаралық туристік гидтер мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарды, сондай-ақ ашық және ресми деректерді негізге алған.

Жоба авторларының мәліметінше, 2026 жылғы рейтингті әзірлеу кезінде 34,8 миллионнан астам туристік пікір талданған. Ал Шарын ұлттық паркіне берілген баға 5 мыңнан астам саяхатшының пікірі мен бағасына негізделген.

Ұйымдастырушылар рейтингке нысандар өздігінен өтінім бере алмайтынын және жоғары орын алу үшін қаржы төлеу мүмкіндігі қарастырылмағанын атап өтті. Рейтинг туристік нысандардың саяхатшылар арасындағы танымалдығы мен халықаралық деңгейде мойындалуын көрсетеді.

Рейтинг қорытындысы бойынша Worldworthy редакциясы Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне арнайы сертификат жолдаған. Ал 11 қарашада Қазақстанның Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті шатқалдың әлемдегі үздік 20 нысанның қатарына енгенін хабарлады.

Шарын шатқалы ерекше геологиялық құрылымдарымен, алып жартастарымен және көркем табиғатымен танымал. Оның ең көрнекті бөліктерінің бірі – биік жартастардан құралған «Қамалдар аңғары». Алматы облысында орналасқан бұл табиғи нысан еліміздегі танымал туристік бағыттардың бірі саналады.

댓글
기타 기사