АҚШ Конгресі Пит Хегсетке импичмент жариялауды кейінге қалдырды

177
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/HplZ12sTZhjYx0AmoQjly6jlWpdGcdo3et5jMOhj.webp

Фото: Getty Images

АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы Қорғаныс министрі Пит Хегсетке импичмент жариялау туралы қарарды қарауды кейінге қалдырды. 10 қарашада өткен дауыс беру кезінде 211 конгрессмен ұсынысты қолдаса, 204-і қарсы шықты. Нәтижесінде құжат палатадағы Құқықтық мәселелер жөніндегі комитеттің қарауына жіберілді, деп хабарлайды Reuters.

Аталған комитетті республикашылдар бақылайтындықтан, министрді қызметінен шеттету бастамасы әзірге іс жүзінде тоқтап тұр. Бұл мәселе Конгрестің келесі шақырылымы жұмысын бастағанға дейін қаралмауы мүмкін.

Жаңа шақырылымдағы Конгресс 2027 жылғы 3 қаңтарда жұмысқа кіріседі. Қарашада өткен аралық сайлау қорытындысы бойынша Демократиялық партия Өкілдер палатасы мен Сенатта басымдыққа ие болады. Осыдан кейін демократтар Пит Хегсетті қызметінен шеттету мәселесін қайта көтеруі ықтимал.

Импичмент жариялау үшін Өкілдер палатасында жай көпшілік дауысы жеткілікті. Ал Сенатта министрді қызметінен босату туралы шешім қабылдау үшін сенаторлардың үштен екісі қолдауы қажет. Айта кетейік, АҚШ тарихында осы уақытқа дейін Қорғаныс министріне импичмент жариялау әрекеті болмаған.

Импичмент туралы қарар жобасын Кентукки штатынан сайланған республикашыл конгрессмен Томас Масси ұсынған. Ол Пит Хегсетті өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыптады. Атап айтқанда, конгрессмен АҚШ-тың Конгресс рұқсатынсыз Ирандағы соғысқа қатысуын сынға алған.

Өз кезегінде Пит Хегсет тағылған айыптарды жоққа шығарып, бастаманы «фарс» деп атады. Пентагондағы баспасөз мәслихатында министр Ирандағы соғысқа қазіргі қоғамдық пікірден өзгеше тарихи баға берілетінін мәлімдеді. Оның ұстанымын АҚШ президенті Дональд Трамп та қолдады.

댓글
기타 기사