Трамп Nvidia басшысының дауынан соң тыңшылық күдігімен тергеу басталды дейді

307
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/qWbcD6kDFvF4obSiAPoeTU5UrC9BgQaIonMjNxvi.jpg

АҚШ президенті Дональд Трамп федералдық тергеу бюросы (ФБР) Nvidia компаниясының басшысы Дженсен Хуангқа қатысты жағдайды тексеріп жатқанын айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ВВС-ге сілтеп. 

Оған Қытай арнайы қызметтерімен байланысы бар деген күдікке ілінген әйелмен көңіл жарастырды деген ақпарат тараған. 

Трамп дүйсенбіде журналистерге Дженсен Хуангпен осы мәселеге байланысты сөйлескенін айтқан. Оның сөзінше, әңгіме барысында кәсіпкерден әйелдің Қытай барлау қызметіне қатысы бар екенін білген-білмегенін сұраған.

«Ол әйелдің тыңшы екенін білмегенін айтты. Мен оған толық сенемін», – деді АҚШ президенті.

Бұған дейін америкалық басылымдар АҚШ арнайы қызметтері Хуангтың Элис Хуанг есімді әйелмен некеден тыс қарым-қатынаста болғанын анықтағаны туралы ақпарат таратқан. Әйел Қытай барлау қызметімен байланысы бар деген күдікке ілінген. Ол Сингапурда орналасқан, деректер орталықтарын басқаратын әрі Nvidia чиптерін сатып алатын Megaspeed компаниясымен байланысты екені айтылған.

Жексенбіде Дженсен Хуанг жұбайына опасыздық жасағанын мойындаған. Осыдан кейін Nvidia компаниясы жағдайға байланысты тәуелсіз тексеру жүргізе бастаған. Компания өкілдері әзірге құпия ақпараттың сыртқа тарағаны немесе АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келгені туралы дерек жоқ екенін мәлімдеген.

Ал Қытай билігі елдің Хуангқа қатысты барлау операцияларын жүргізгенін жоққа шығарды. Қытай сыртқы істер министрлігі мұндай айыптауларды негізсіз әрі Қытайдың беделіне нұқсан келтіруге бағытталған мәлімдеме деп атады.

Трамп ФБР бұл мәселені зерттеп жатқанын растағанымен, тергеудің қашан басталғанын және өзге де мәліметтерді нақтыламады. ФБР BBC арнасының сауалына түсініктеме беруден бас тартқан.

Сонымен қатар аталған жанжалдан кейін Nvidia акцияларының құны күрт төмендеп, компанияның нарықтық капитализациясы жүздеген миллиард долларға қысқарғаны хабарланды.

댓글
기타 기사