Қазақстан хоккей құрамасы Қытайды жеңді

109
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/rFuoQ5USrjX4ZsN4NBmK7WLv21pOtxrTaD4k7CC8.webp

Қазақстанның хоккей құрамасы Азия чемпионатындағы екінші кездесуінде Қытай командасын 5:0 есебімен жеңді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ойынның алғашқы кезеңінде есеп ашылған жоқ. Талғат Жайлауовтың шәкірттері қарсылас қақпасына 20 рет соққы бағыттағанымен, шайба соға алмады.

Есеп екінші кезеңнің 11-минутында ашылды. Саян Данияр қарсылас команда құрамында бір ойыншы кем болған сәтті пайдаланып, Қазақстан құрамасын алға шығарды. Араға үш минут салып, ол тағы бір шайба соғып, дубль авторы атанды.

Үшінші кезең басталғаннан кейін 33 секунд өткенде Артур Гатиятов есепті 3:0-ге жеткізді. Кезеңнің сегізінші минутында Оскар Юлбарисов төртінші шайбаны соқты. Ал 13-минутта Кирилл Никитин сан басымдығын пайдаланып, Қазақстан құрамасының бесінші шайбасын қарсылас қақпасына бағыттады.

Осылайша, кездесу 5:0 есебімен Қазақстан құрамасының пайдасына аяқталды.

Айта кетейік, Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының сапында «Барыс» клубынан тек қақпашы Владислав Нурек өнер көрсетіп жүр. Қалған ойыншылар Қазақстан чемпионатына қатысатын клубтардан жасақталған.

Қазақстан құрамасы 8 қарашада турнирдегі шешуші кездесуін Оңтүстік Кореяға қарсы өткізеді. Биыл қазақстандық хоккейшілер былтыр жеңіп алған Азия чемпионы атағын қорғап жатыр.

댓글
기타 기사