Қырғызстан Ресей әскеріне алынған азаматы үшін нота жіберді

207
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/udYPDkBYrJnS9QxB0iZ907GA70CQoIr9OIIB4UKW.jpg

Қырғызстанның Мәскеудегі елшілігі Ресей сыртқы істер министрлігіне нота жолдады, деп хабарлайды “Адырна”.

Елшілік әскери қызметке алдау жолымен тартылған 21 жастағы азаматты елге қайтаруға көмек көрсетуді сұрады.

Ведомствоның мәліметінше, Э.Т. есімді азамат белгісіз адамдардың алаяқтық әрекеттері салдарынан Ресейдегі әскери бөлімдердің біріне тап болған. Қырғызстанның дипломатиялық өкілдігі Ресейдің құзырлы органдарына да ресми хат жолдап, оқиғаны жан-жақты тексеруді, кінәлілерді анықтап, жауапкершілікке тартуды талап еткен.

«Азаттық Азия» басылымының хабарлауынша, Манас қаласының 21 жастағы тұрғыны Элистан Токтогуловты қайтару туралы нота жіберілген.

Туыстарының айтуынша, жас жігіт екі апта бұрын Ресейге жұмыс іздеп кеткен. Ол Instagram әлеуметтік желісінен жүк көлігінің жүргізушісі және күзет қызметкері сияқты бірнеше жұмыс ұсынысын көрген. Оған айына 110 мың рубльге дейін жалақы уәде етілген.

Алайда қазір Элистанның Воронеж облысындағы әскери полигонда екені белгілі болды. Туыстарының мәліметінше, оны Украинадағы соғысқа жіберуге дайындап жатыр.

Қырғызстанның СІМ азаматтың туыстарымен тұрақты байланыста екенін айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі де Ресейде әскери келісімшартқа қол қоюға мәжбүр болған азаматтарды елге қайтаруға жәрдемдесуді сұрап, Мәскеуге нота жолдаған. Қазан айының соңында БАҚ-та Ресейге жұмыс істеуге барып, әскерге тартылған 12 қазақстандықтың елге оралғаны туралы ақпарат тарады.

댓글
기타 기사