Әл-Фараби орденінің алғашқы иегері король болып шықты

332
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/kUv3KXQJgQ9PyFpzbLkJdKs8uifS4OHKxlZvhpUA.jpg

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания королі Абдалла II бен әл-Хусейнді Al-Farabi орденімен марапаттады, деп хабарлайды “Адырна”. 

Монарх бұл мемлекеттік награданың алғашқы иегері атанды. Марапаттау рәсімі Иордания королінің Қазақстанға ресми сапары аясында Астанада өтті.

Ақорданың мәліметінше, Мемлекет басшысы Абдалла II-нің Қазақстан мен Иордания арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.

Президенттің айтуынша, орденнің тұңғыш иегері ретінде Иордания королінің таңдалуы – тарихи әрі символдық мәні бар оқиға.

Al-Farabi ордені есімі ғылым, әдебиет және саяси ой тарихында айрықша орын алатын ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің құрметіне аталған. Қасым-Жомарт Тоқаев оның даналық, үйлесім мен бірлік туралы идеялары Қазақстан мен араб елдерінің мәдени байланысын жақындастыратынын жеткізді.

Өз кезегінде Абдалла II бен әл-Хусейн Қасым-Жомарт Тоқаевқа Иорданияның ең жоғары мемлекеттік наградасы – Әл-Хусейн ибн Әли орденін табыстады.

Айта кетейік, Әл-Хусейн ибн Әли ордені 1949 жылы Иордания королі Абдалла I тарапынан құрылған. Ол Мекке шерифі Хусейн бен Әлидің құрметіне аталған және Иорданияның жоғары мемлекеттік наградасы саналады.

Ал Al-Farabi орденін Мемлекет басшысы ғылым мен мәдениет қайраткерлері үшін 29 сәуірде тағайындаған.

댓글
기타 기사