Қазақстан Орталық Азиядағы жасанды интеллектіні басқару орталығына айнала ала ма?

156
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/8xmJz5AIJ5pL1HuhHDvUcRp8SQYukOfQ0g4gt342.jpg

Оксфорд университетінің профессоры Сэм Доус Қазақстанның халықаралық зияткерлік ынтымақтастық орталығына айналу мүмкіндігі жоғары екенін айтады. Оның пікірінше, Алматыда БҰҰ университетінің өңірлік бөлімшесін ашу бастамасы жасанды интеллектіні басқару және жаһандық мәселелерді зерттеу ісіне тың серпін беруі мүмкін.

4 қарашада Алматыдағы Narxoz University базасында MIND FOR PEACE халықаралық конференциясы өтті. «Бір өңір. Ортақ болашақ» тақырыбындағы жиында Орталық Азияның жаһандық басқару жүйесіндегі орны, жасанды интеллектіні реттеу, өңірлік қауіпсіздік және халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Конференцияда БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннанның бұрынғы бірінші көмекшісі, Оксфорд Мартин институтының Жасанды интеллект саясаты жөніндегі бастамасының аға кеңесшісі, «Multilateral AI» ұйымының негізін қалаушы директоры, Оксфорд университетінің Саясат және халықаралық қатынастар департаментінің тәжірибелік профессоры Сэм Доус Қазақстанның халықаралық ғылыми және зияткерлік орталыққа айналу әлеуетіне тоқталды.

Сарапшының пікірінше, Қазақстан жасанды интеллектіні басқару, климат пен су қауіпсіздігі мәселелерін талқылайтын халықаралық алаң қалыптастыра алады. Ол бұл мүмкіндікті Алматыда БҰҰ университетінің өңірлік бөлімшесін ашу бастамасымен байланыстырды.

Бұл ұсынысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың желтоқсанында Токиода өткен БҰҰ университетіндегі кездесуде көтерген. Жоспар бойынша, орталық жанжалдардың алдын алу, тұрақты даму, су және климат қауіпсіздігі, сондай-ақ жасанды интеллектіні басқару бағыттарын зерттеуге бағдарлануы мүмкін.

Сэм Доусдың айтуынша, мұндай бастама халықаралық ұйымдармен және жетекші университеттермен ғылыми серіктестікті кеңейтуге жол ашады. Қазақстан Қытай мен Батыс елдерін байланыстыратын географиялық кеңістік қана емес, ортақ мәселелер талқыланатын халықаралық зияткерлік алаң бола алады.

Орталық Азияның жасанды интеллектіні басқарудағы рөлі

Сэм Доус Орталық Азия мемлекеттерінің халықаралық басқару жүйесіндегі рөлі артып келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, өңірдің бес мемлекеті БҰҰ-ның жасанды интеллект пен тұрақты даму туралы қарарына бірлесіп демеушілік жасаған. Бұл елдердің технологиялық өзгерістер мен жаһандық басқару мәселелеріне қатысты ортақ ұстаным қалыптастыруға мүдделі екенін көрсетеді.

Конференцияда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің кеңесшісі Анар Дутбаева да өңірлік ынтымақтастықтың маңызына тоқталды. Оның пікірінше, тұрақты жаһандық басқару мемлекеттердің өзара құрметі мен ашық диалогына негізделуі керек. Ал C5+ форматындағы ынтымақтастық сауда, көлік, жасанды интеллектіні реттеу және су ресурстарын басқару салаларындағы серіктестікті кеңейтуге мүмкіндік береді.

Жиында университеттер мен ғылыми орталықтардың халықаралық диалогты дамытудағы рөлі де талқыланды. Сарапшылардың пікірінше, жоғары оқу орындары білім беру мен зерттеу жұмыстарынан бөлек, мемлекеттер арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға және ортақ мәселелерді ғылыми тұрғыдан шешуге ықпал ете алады.

MIND FOR PEACE конференциясы БҰҰ-ның 16-Тұрақты даму мақсаты – «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттарды» ілгерілетуге арналған. Жиында су тапшылығы, энергетикалық қауіпсіздік, климаттың өзгеруі және цифрлық технологиялардың дамуы секілді Орталық Азия елдеріне ортақ мәселелер қарастырылды.

Қазақстанның халықаралық зияткерлік орталыққа айналу мүмкіндігі Алматыда ұсынылып отырған ғылыми-институционалдық бастамалардың жүзеге асуына және өңір мемлекеттерінің өзара ынтымақтастығына байланысты болмақ.

Отображается файл "BL3A2921-181.jpg"

댓글
기타 기사