Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Алматы облысында Жолдаудың негізгі басымдықтарын талқылады

149
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/TmqpJZvZQ22MbInrWS1Sqr9TTjgA5rrWeMH9L5YL.heic

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Нұрсұлтан Орынбасаров, Жанұзақ Мусапиров және Бақыт Атайбеков Алматы облысына жұмыс сапары аясында Қаскелең қаласында білім және әлеуметтік сала қызметкерлерімен, Шамалған ауылында медицина мамандарымен, сондай-ақ Шалқар ауылында жергілікті тұрғындармен кездесіп, Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген өзекті мәселелерді талқылады.

Қаскелең қаласының Мәдениет үйінде өткен кездесуде білім беру саласын дамыту, инклюзивті білім беруді жетілдіру, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасау, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту және педагогтердің жұмыс жүктемесін оңтайландыру мәселелері кеңінен көтерілді.

Кездесу барысында Кеңес мүшесі Нұрсұлтан Орынбасаров Президент Жолдауында айқындалған негізгі басымдықтарға тоқталды.

Атап айтқанда, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында Ұлттық қор қаражаты есебінен ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, жаңа мектептер, балалар ауруханалары, перзентханалар мен әлеуметтік нысандар салу көзделген. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын қолдау, фермерлерге ұзақ мерзімді инвестициялық қаржы бөлу, ауылдарды газдандыру, сумен қамтамасыз ету және агрологистиканы дамыту мәселелеріне басымдық берілетіні айтылды.

Сондай-ақ әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету, азаматтардың табысын арттыру, дәрігерлер мен педагогтердің еңбегін қолдау және мемлекеттік көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.

Әлеуметтік сала қызметкерлерімен өткен басқосуда Кеңес мүшелері мемлекеттік әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдірудің маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс» деген ұстанымын негізге ала отырып, әлеуметтік саясаттағы әрбір реформаның азаматтардың тұрмыс сапасына ықпалын ескеру қажеттігі айтылды.

Ал Шамалған ауылында медицина қызметкерлерімен өткен кездесуде Кеңес мүшесі Жанұзақ Мусапиров денсаулық сақтау саласын дамыту бағытындағы міндеттерге тоқталды.

Президент Жолдауында елімізде сегіз заманауи перинаталдық орталық пен жеті көпбейінді балалар ауруханасын салу жоспарланғаны атап өтілді. Жаңа медициналық нысандардың қатарында Қаскелең қаласының да болуы аудан тұрғындары үшін маңызды жаңалық екені айтылды. Бұл бастама балаларға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, өңірдің денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жаңғырту, медицина қызметкерлерін қолдау, медициналық қызмет сапасын арттыру және ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері талқыланды.

Жұмыс сапары Шалқар ауылының тұрғындарымен өтетін кездесумен жалғасты. Басқосу барысында Жолдауда белгіленген елдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтары, энергетика саласын жетілдіру, халықтың әл-ауқатын арттыру және өңірлердегі өзекті мәселелерді шешу жолдары сөз болды.

댓글
기타 기사