Әлем таныған әсем топ

285
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/R2MK0DLn3q2lNFGpdUMFHI6BXRHfvouaFWyeu3iA.png

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі «Әлем таныған әсем топ» атты күй кешін ұсынады. Концерттік бағдарлама қазақтың дәстүрлі күйшілік мектебінің көрнекті өкілдері – Махамбет Бөкейханов, Лұқпан Мұхитов және Қамбар Медетовтің шығармашылық мұрасына арналған.

1934 жылы негізі қаланған Құрманғазы ұлттық оркестрінің қалыптасу жолы осындай дара дарындардың шығармашылық еңбегімен тығыз байланысты. Қазақтың дәстүрлі орындаушылық өнерін кәсіби оркестрлік деңгейге көтеру бағытында академик Ахмет Жұбановпен қатар, Махамбет Бөкейханов, Лұқпан Мұхитов және Қамбар Медетовтің атқарған қызметі ерекше.

КӨРНЕКТІ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ҒҰМЫР ЖОЛЫ

Махамбет Бөкейханов – қазақтың күй мұрасын жинақтап, сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізген көрнекті күйші-композитор. Ол Құрманғазы, Дәулеткерей, Әлікей, Сейтек сынды халық композиторларының шығармаларын кеңінен насихаттады. Белгілі музыка зерттеушісі Александр Затаевич оның орындауынан «Байжұма», «Бұлбұл», «Ойбай, балам», «Жошы», «Шора» және басқа да 28 күйді нотаға түсірген. Махамбет Бөкейханов ұлттық музыкалық аспаптарды жетілдіріп, алғашқы халық аспаптар оркестрін ұйымдастыруға зор үлес қосты.

Лұқпан Мұхитов – дәстүрлі күйшілік өнердің сабақтастығын сақтаған шебер орындаушы, ұлағатты ұстаз. Халық композиторы Мұхит Мералыұлының немересі ретінде ол жастайынан ұлттық музыка дәстүрімен сусындап, Құрманғазы мен өзге де халық күйшілерінің шығармаларын терең меңгерді. 1934 жылдан бастап оркестрде домбырашы-концертмейстер болып еңбек етіп, қазақтың аспаптық музыкасын кәсіби сахнада танытуға атсалысты. Сонымен қатар Алматы мемлекеттік консерваториясында ұстаздық етіп, Нұрғиса Тілендиев бастаған талантты шәкірттерді тәрбиеледі.

Қамбар Медетов – домбыра орындаушылығының өзіндік мектебін қалыптастырған көрнекті күйші, ұлттық оркестр өнерінің бастауында тұрған қайраткерлердің бірі. Оның күй тартудағы ерекше техникасы мен орындаушылық мәнері замандастарының жоғары бағасына ие болды. Академик Ахмет Жұбанов Қамбар Медетовтің саусақ басу шеберлігін өзгелерден даралап, оның орындаушылық қолтаңбасына айрықша баға берген. Күйші ел ішіндегі дарынды өнерпаздарды Алматыға жинап, кәсіби музыкалық ұжымның қалыптасуына белсене атсалысты.

«Әлем таныған әсем топ» концерті – талантқа тағзым, ұлттық өнердің бүгінгі тынысы мен болашағына арналған тағылымды мәдени жоба. Күй кешінде көрермен қазақ халқының күйшілік мектептерінің көркемдік ерекшелігін, орындаушылық дәстүрін және ұлттық музыканың терең философиялық мазмұнын сезіне алады.

댓글
기타 기사