Польша премьер-министрі Дональд Туск Конституциялық трибуналға байланысты президент Кароль Навроцкиймен және оны қолдайтын «Құқық және әділеттілік» партиясымен ымыраға келмейтінін мәлімдеді. Бұл туралы ол 31 қазанда ел азаматтарына жасаған үндеуінде айтты, деп хабарлайды “Адырна”.
Даудың өршуіне Конституциялық трибунал судьясы Анна Корвин-Пиотровсканың осы органның төрағасы Богдан Свенчковский мен оның орынбасары Бартоломей Соханьскийді уақытша қызметінен шеттету туралы шешімі себеп болған.
Туск үкіметінің пікірінше, трибунал басшылары қажетті шешімдердің қабылдануына кедергі келтірген. Сонымен қатар президент Навроцкий Польша парламенті сайлаған жаңа судьяларды ант қабылдатудан бас тартқан.
Премьер-министр Конституциялық трибуналдың бұрынғы құрылымын сынап, президент Навроцкий мен оның алдындағы Анджей Дуданы елдегі құқық үстемдігін бұзды деп айыптады.
Тусктің айтуынша, билік құқық үстемдігін қалпына келтіруге бағытталған заңдар мен қарарларды ұсынғанымен, президент пен «Құқық және әділеттілік» партиясы олардың қабылдануына кедергі келтірген.
«Кейбір мәселелер бойынша ымыраға келуге болмайды. Айқай мен өтірік Польшада заңның қайнар көзі бола алмайды және болмайды да», – деді ол.
30 қазан күні Конституциялық трибунал басшыларының қызметтен шеттетілуіне байланысты ғимарат маңына наразылық білдірушілер жиналды. Кейін полиция трибунал аумағын қоршауға алды.
Сол күні Сенегалға бет алған президент Кароль Навроцкий ұшағын кері бұрып, Варшаваға оралды. Ол қызметінен шеттетілген трибунал төрағасы Богдан Свенчковскиймен және Жоғарғы соттың бірінші төрағасы Збигнев Капиньскиймен кездесті.
31 қазанға қараған түні Навроцкий Капиньскиймен бірге Конституциялық трибунал ғимаратына кіріп, таңғы сағат 05:00-ге дейін сонда болған.
Кейін президент парламенттік фракциялардың жетекшілерімен кездесу өткізді. Оған билеуші коалицияның кейбір өкілдері қатысқанымен, Туск бастаған «Азаматтық коалиция» президенттің шақыруын қабылдамады.
Қазіргі уақытта Польшада Конституциялық трибуналдың жұмысына қатысты саяси қайшылық жалғасып жатыр. Дональд Туск трибуналдың Конституцияға сәйкес қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету оның міндеті екенін мәлімдеді.
