Ақмоланың ақ дастарқанынан. Астанада жәрмеңке өтті

177
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/CxHJwftCiiVUS0ehUECa7gBDpNAkL6RG2genipRB.jpg

Астананың "Қазанат" ипподромы аумағында Ақмола облысының жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды "Адырна".

Биыл Ақмола облысында 6 миллион 200 мың тоннадан астам астық жиналды. Гектарына орта есеппен 13,9 центнер өнім алынған. Өңір әкімі биылғы астық сапасы көпжылдық орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары екенін айтты.

Жалпы астық түсімінің шамамен 90 пайызы – 3-сыныпты бидай. Оның 70 пайызы жоғары ақуызды Hi-pro санатына жатады. Сонымен қатар биыл өңірде алғаш рет шамамен 850 мың тонна майлы дақыл тұқымы жиналған.

Ақмола облысының аграрлық әлеуеті елордадағы сауда алаңында да таныстырылды. «Қазанат» ипподромында өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне өңірдің 17 ауданы мен Көкшетау, Қосшы және Степногорск қалаларынан тауар өндірушілер қатысты.

Жәрмеңкеде 140 сауда орны ұйымдастырылып, 50-ден астам өнім түрі ұсынылды. Жалпы саудаға шығарылған өнім көлемі 497 тоннадан асты. Сөрелерде 124,96 тонна ет және шұжық өнімдері, 4 тонна балық пен балық өнімдері, 32 тонна сүт және сүт өнімдері, 38 тонна ұн, 215 тоннадан астам картоп пен көкөніс, 8 тоннаға жуық жарма, 11 тонна өсімдік майы және 350 мың дана асханалық жұмыртқа сатылды. Сонымен қатар келушілер отын, отырғызу материалдары мен басқа да маусымдық тауарларды сатып ала алды. Өнімдердің бағасы нарықтағы орташа құннан 10–15 пайызға төмен болды.

Жәрмеңке сауда-саттықпен ғана шектелген жоқ. Келушілерге арнап концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, түрлі ойын-сауық шаралары өтті. Көпшілік викториналық сұрақтарға жауап беріп, азық-түлік салынған дорбаларды сыйлыққа алды. Ән мен биге ұласқан мерекелік бағдарлама тұрғындардың көңіл күйін көтерді.

Ақмола облысы – еліміздегі ірі аграрлық өңірлердің бірі. Өңір елорданың азық-түлік белдеуін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Қазір облыс шаруалары Астананың сүт өнімдеріне деген қажеттілігінің шамамен 40 пайызын, ет өнімдерінің 30 пайызын және асханалық жұмыртқаға сұранысының 80 пайызын қамтамасыз етеді. Бұл – тәулігіне 140 тонна сүт, 80 тонна ет және 700 мың дана жұмыртқа.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі де артып келеді. Жыл басынан бері өңірде азық-түлік өндірісі 14,8 пайызға өсіп, 251 миллиард теңгеге жеткен. Атап айтқанда, өңделген сүт өндірісі 107,7 мың тоннаны, ет өндірісі 75,6 мың тоннаны құрады. Ұн өндіру көлемі 50,9 пайызға өсіп, 219,1 мың тоннаға жетті. Ал өсімдік майы өндірісі 60,1 мың тоннаны құрады.

Мал шаруашылығында да өндірістік қуатты арттыру жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы үш жылда облыста жалпы қуаты 5,8 мың басқа арналған алты сүт-тауар фермасы іске қосылған. Алдағы жылдары тағы алты ферманың құрылысын аяқтау жоспарланған. Құс фабрикаларының қуатын кеңейту арқылы жұмыртқа өндірісін жылына шамамен 1 миллиард данаға жеткізу көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, өңірде ет кластерін құру, астық пен майлы дақылдарды терең өңдейтін кәсіпорындар салу жобалары жүзеге асырылуда. Мәселен, Аршалы ауданында жылына 3 миллион тоннаға дейін астық өңдеуге қауқарлы кәсіпорын салу жоспарланған. Мұндай жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттырып, өңірдің өндірістік әлеуетін нығайтуға бағытталған.

Осылайша, Ақмола облысы елорданы азық-түлікпен қамтамасыз ету көлемін арттыруды көздеп отыр. Ал Астанадағы жәрмеңке – жергілікті өндірушілердің өнімін тұтынушыға тікелей ұсынып, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді азық-түлік сатып алуға мүмкіндік беретін алаң.

댓글
기타 기사